Accessibility links

Көлікпен кісі қаққан «дөкейлер» істі ың-шыңсыз бітіруді қалайды


Алматы көшесіндегі жол-көлік апаты. (Көрнекі сурет)
Алматы көшесіндегі жол-көлік апаты. (Көрнекі сурет)

Көлік апатында адам өлтіріп алған шенеуніктер немесе олардың балалары назарға жиі түсіп жүр. «Олар келісім жасап, кейде қоқан-лоқы арқылы істі сотқа жеткізбей бітіруге тырысады» дейді наразылар.

2014 жылы қаңтар айының бірінші жартысында Қазақстанда лауазымды мемлекеттік қызметшілердің кесірінен кісі өліміне ұласқан кем дегенде үш жол-көлік апаты болған.

МӘЖБҮРЛІ КЕЛІСІМ

Қаңтардың 1-і күні Қарағанды қаласында Mercedes көлігі 31 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кетті. Қаза болған жігіттің соңында жас келіншегі мен бір жасар баласы қалды. Қаңтардың 3-і күні Астанада тағы бір трагедия болып, Subaru маркалы көлік қаққан 70 жастағы ер адам алған жарақаттан ауруханада қайтыс болды. Қаңтардың 5-і күні Атырау облысы Құлсары қаласында Lexus соққан 30 жастағы жігіт оқиға орнында көз жұмды.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, осы үш оқиға да көлікті прокуратура қызметкерлері басқарып келе жатқанда болған. Қазір сот осы жол-көлік апаттарына қатысты «көлік жүргізушілері мас болды ма, жапа шеккендерге көмек көрсетуге тырысты ма, әлде апат орнынан қашып кетті ме» деген жайттарды анықтап жатыр.

Жаяу жүргінші зардап шеккен жол-көлік апаты. Алматы, 26 қыркүйек 2013 жыл.
Жаяу жүргінші зардап шеккен жол-көлік апаты. Алматы, 26 қыркүйек 2013 жыл.
Мысалы, қаңтардың 3-і күні Астанада болған жол-көлік апатына қатысты тексеру басталған кезде, алдын ала болжам бойынша "кінәлі" деген күдікке ілінген көлік жүргізушісі мен куәгерлердің бірі полицияға қарама-қайшы түсінік берген. Көлік жүргізушісі «мен баяу келе жатқанмын, бірақ 70 жастағы жаяу жүргінші алдымнан шыға келді» десе, куәгер қарт адамды қағып өткен көліктің «тіпті кідірместен зулап өте шыққанын» айтқан.

Қаза тапқан адамның туыстарының айтуынша, қазір көлік жүргізушісінің туыстары қаза тапқан кісінің отбасына қысым көрсетіп жатыр. Бірақ олар прокуратура мен полицияға шағымданудан қорқып, «енді қайдан қорған іздерімізді білмейміз» дейді.

– Ұлына, әпкемізге, азаматтық некедегі әйеліне телефон соғып, «тергеуші тез бітімге келіңдер деп жатыр», «істі сотқа жеткізбейміз» деп тыныштық бермейді, - дейді қаза тапқан кісінің қызы Нұргүл Азаттық тілшісіне.

ЖАЗЫҚТЫ ЖАЗАСЫЗ ҚАЛМАЙ МА?

2013 жылы мұндай жол-көлік оқиғалары көп болды. Бірақ кейде көлік жүргізушілер жәбірленуші тараппен келісімге келіп, қылмыстық жауапкершіліктен құтылған.

Мысалы, Ақмола облысы аудандық сотының бұрынғы төрағасы Қайрат Тоқсанбаев жазадан осындай амалмен құтылған. Тергеушілердің мәлімдеуінше, 2013 жылдың 5 маусымында Степняк қаласында Daimler Chrysler көлігін мас күйінде әрі құжатсыз жүргізіп келе жатқанда рульге ие болмай қалып, жол жиегіне шығып кеткен ол кәмелетке толмаған жүкті әйелді қаққан. Келіншек келесі күні аудандық ауруханада көз жұмды. «Келтірілген зиянды толық өтеуіне байланысты» және қаза тапқан келіншектің туыстарымен келісімге келген соң желтоқсан айында сот Тоқсанбаевтың қылмыстық ісін жауып тастады.

Жол-көлік апатына түскен автокөліктер. (Көрнекі сурет)
Жол-көлік апатына түскен автокөліктер. (Көрнекі сурет)
Қоғамда үлкен шу көтерген тағы бір жол апаты былтыр желтоқсан айында болды. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, 24 жастағы М. деген азамат BMW X6 көлігін мас күйінде әрі құжатсыз жүргізген. Оның жүргізуші куәлігін полиция 2013 жылдың басында алып қойған-мыс. Кинотеатр жанындағы тротуарда тұрған бір топ адамның ортасына кіріп кеткен мас жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен деген хабар тараған. Бір адам сол жерде қайтыс болып, бес адам түрлі жарақат алған.

Кейін адвокат журналистерге «Клиентім өз кінәсін мойындап, бұл іске қатты өкінеді. Бұл - қасақана жасалмаған, абайсызда болған оқиға. Оның қашайын деген ойы болмаған, бірақ оны ұрып-соғып, сол күйінде тастаған» деп мәлімдеді.

Жаяу жүргіншілерді басып кетті деп айыпталған жігіт ұлттық компаниялардың бірінің директорының ұлы екені белгілі болғанда бұл іс үлкен қоғамдық пікір тудырды. Бірақ шенеунік журналистердің сұрақтарына «мен бөлек тұрамын, ал ұлым анасымен бірге тұрады» деген уәж айтты.

Өткен аптаның соңында қазақстандық ақпарат агенттіктері осы жол-көлік апатына қатысты қозғалған қылмыстық іс «тараптардың келісімге келуіне байланысты» доғарылғаны және М. қамаудан бостандыққа шыққаны туралы хабарлады. Бұл жаңалық әлеуметтік желілерде қызу пікірталас туғызып, сот шешімін қайта қарауды талап еткен белсенділер Қазақстан жоғарғы сотының төрағасы атына петицияға қол жинауды бастады.

ӘДІЛЕТ ОРГАНЫ ТАРАПТАРДЫҢ БІТІМІ ТУРАЛЫ

Заңгер Амангелді Шорманбаев жол-көлік оқиғасы кезінде жапа шеккен жақпен келісім іздеу практикасы туралы пікірін айтты. Ол келісімге келуге қатысты кейбір жанжалды оқиғаларды 2009 жылдың күзінде кісі өліміне әкелген жол оқиғасына кінәлі деп танылып, түрмеге қамалған құқық қорғаушы Евгений Жовтистің ісімен салыстырады.

– Қазіргі «келісімдердің» заңдылыққа ешқандай қатысы жоқ. Мас күйінде көлік жүргізіп, апатқа ұрындырған шенеуніктерді «келісімге келді» деп босатып, ал жәбірленуші жақпен келісімге келген Жовтисті төрт жылға соттаса, қандай заңдылық
Заңгер Амангелді Шорманбаев.
Заңгер Амангелді Шорманбаев.
жөнінде айтуға болады? Заң алдында жұрттың бәрі бірдей деген принцип орындалмайды. Бұған сот жүйесіндегі жемқорлық, сот жүйесінің атқарушы билікке тәуелділігі жол беріп отыр, - дейді Амангелді Шорманбаев Азаттық тілшісіне.

Ол «мұндай кезде жол-көлік апаты құрбандарын немесе олардың туыстарын қатты қысымнан ешкім қорғамайды» дейді.

Ал желтоқсанда бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель елдің қылмыстық заңдарына өзгерістер енгізілсе, мас күйінде кісі қаққан жүргізуші жәбірленуші жақпен келісімге келген күннің өзінде жауапкершіліктен жалтара алмайды деп уәде еткен.

- Егер жол-көлік апаты салдарынан адам өлімі болып, ал жүргізуші мас болса, бұл ауыр қылмыс деп саналады. Ал ауыр қылмыстар бойынша тараптардың келісімге келуі мүмкін емес, - деп мәлімдеген ол.

Бірақ ол "жүргізуші сау болса, екі тараптың келісімге келуі ескерілуі мүмкін екенін" айтқан.

Қазақстан жолдарындағы кісі өлімі үлкен проблемаға айналды. Пулитцер жаһандық дағдарыстар туралы хабар тарату орталығы «постсоветтік елдер ішінде адам өлімі Қазақстанда көп» деп мәлімдеп, 100 мың адамға шаққанда жылына орта есеппен 21,9 адам қаза болады деген дерек келтірген.
XS
SM
MD
LG