20 ақпанда таңертең Алматыдағы Республика сарайы мен Астанадағы "Астана" концерт залында қала әкімдерінің есепті жиындары басталды.
Алматы әкімінің жиынына Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Ерболат Досаев, парламент мүшелері, президент әкімшілігінің, денсаулық сақтау, білім, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің лауазымды қызметкерлері қатысып отыр. Азаттық Астана мен Алматыдағы жиындардан тікелей трансляция жүргізіп жатыр.
Алматыда ондаған адам қала әкімі Бауыржан Байбектің есеп беру жиынына кіре алмағандарына наразылық білдірді. Олар "жиын басталмай тұрып ерте келсек те, адамдарды тізім бойынша кіргізді" дейді. Азаттыққа өзін "көп балалы анамын" деп таныстырған тұрғын әкімнен баспана мәселесін шешіп беруді сұрағысы келгенін айтты. Өзге тұрғындар да әкімге балаға төленетін жәрдемақы, баспана мәселесі, коммуналдық төлем және басқа мәселелерге байланысты арыз-өтініштерін жеткізбек болғандарын айтады. Әкім баяндамасының басында көп балалы отбасылар туралы айтты. Байбектің сөзінше, "әлеуметтік мәселелер бейбіт конструктивті сипатта, айғай-шусыз шешілуі керек". Азаттық тілшілері оқиға орнынан хабарлайды:
Сәрсенбі күні Алматы әкімі Бауыржан Байбектің есепті жиынына бармақшы болған бірнеше белсендіні полиция ұстағаны хабарланды. "Көкжайлауды қорғайық!" қозғалысының белсендісі Андрей Бузыкинді ұстап, Медеу аудандық полиция бөлімшесіне апарған. Құқық қорғаушы Ерлан Қалиев өзін Республика сарайының жанында автобустан түскен кезде полиция ұстап, бөлімшеге әкетіп бара жатқаны туралы әлеуметтік желі арқылы хабарлады. Белсенді Марат Тұрымбетов өзіне "полицейлер келіп, бөлімшегі баруды сұрағанын" айтады. Liberty қоғамдық қоры жетекшісі Ғалым Ағелеуовтің хабарлауынша, "заңсыз риэлторлармен күрескер" ретінде танымал Юрий Маленькийді Республика сарайында ұстап, полиция бөлімшесіне әкеткен.
Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов тұрғындардан көп балалы отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмекке қатысты көптеген арыз-өтініштер түсетінін айтқан.
"Көп балалы отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек – күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе. Нақты ақпар анықталып жатыр. Қазіргі күні есептеу әдістемесінің ерекшеліктеріне сай 10 мың осындай отбасының тек 4 папцйзы (434 отбасы) ғана атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. Бұл – өте төмен көрсеткіш" деген әкім.
Сәрсенбі күні таңертең Алматыда қала әкімі Бауыржан Байбектің есепті жиыны өтетін Республика сарайының жанында полиция көліктерімен бірге өрт сөндіретін арнайы техника да тұрды.
ПІКІРЛЕР