20 ақпанда Алматы мен Астанада қала әкімінің тұрғындарға есеп беру жиынына қатысқан кей тұрғындар билік өкілдеріне әлеуметтік проблемалар туралы сауалдарын қойып үлгермегеніне наразы болды. Алматыда әкім жиыны басталмай тұрып кей белсенділерді полиция ұстап әкетті, ондаған адам Республика сарайына келгенімен, оларды әкіммен кездесуге кіргізбеді.
Азаттық Астана мен Алматыдағы жиындардан түсірілген суреттер топтамасын ұсынады:
Алматы әкімі Бауыржан Байбектің есепті жиыны аяқталған тұста әлеуметтік желілерде сәрсенбі күні таңертең жиын басталмай тұрып полиция ұстап әкеткен белсенділердің босап шыққаны туралы хабарлар тарай бастады. Оларды полиция бөлімінде бірнеше сағат бойы ұстағаннан кейін ешқандай айып тақпай босатқан.
"Халықаралық құқықтық бастама" қоғамдық ұйымының жетекшісі құқық қорғаушы Айна Шорманбаева Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған постында әкіммен кездесуге бармақшы болған белсенділерді полицияның ұстауын "жылда қайталанатын дәстүр" деп атаған.
Алматы әкімі Бауыржан Байбектің есеп беру жиыны үш сағатқа жуық жалғасты. Жиынға келгендердің көбі әкімге сұрақ қойып үлгермеді. Республика сарайынан тікелей хабар жүргізген Азаттық тілшісі Нұргүл Тапаеваның айтуынша, жиынды ұйымдастырушылар журналистер мен операторлардың залда жүріп-тұруына шектеу қойған.
Астана мен Алматы әкімдерінің есепті жиындарынан Азаттықтың тікелей трансляциясы:
Астана әкімі Бақыт Сұлтановтың жиынына қатысқан кей тұрғындар шенеунікке сауал қоюға мүмкіндік тимегеніне наразы болды. Өзін Рысмахан Айтпаевпын деп таныстырған бала көтерген ер адам бірнеше рет талпынғанымен әкімнің қабылдауына кіре алмағанын айтты. "Халыққа жағдай жасай алмаса несіне әкім болып отыр?" деп наразылық білдірді тұрғын.
Мүмкіндігі шектеулі қызын жалғыз өзі тәрбиелеп отырғанын мәлімдеген тұрғынның сөзінше, ол жағдайын айтып барған Астана әкімдігінің шенеуніктері оған перзентін бөбектер үйіне өткізуге кеңес берген. Астана әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева БАҚ өкілдеріне басындағы жағдайды баяндаған тұрғынға бүгін күннің екінші жартысында азаматтарды қабылдайтын қала әкіміне бірге баруды ұсынды.
ПІКІРЛЕР