Алматыда қала әкімі Бауыржан Байбек есеп берген күні полиция бірнеше белсендіні ұстап әкеткені туралы әлеуметтік желі қолданушылары хабарлап жатыр.
"Астана" концерт залындағы жиында өзін жалғызілікті анамын деп таныстырған тұрғын мемлекет тарапынан ешқандай қолдау көріп отырмағанын айтты. Бұған дейін Астанада көп балалы аналарға әлеуметтік жәрдемді күшейту талап еткен тұрғындар мен шенеуніктердің қатысуымен өткен бірнеше кездесуге қатысқан әйел баспана мәселесін көтеріп, қалада балаларға арналған үйірмелердің ақылы екенін айтты.
Астана әкімі тұрғынға әлеуметтік мәселелердің көбі лезде шешілмейді деп жауап берді. Шенеунік қалада балаларға арналған тегін үйірмелер бар деп сендірді. "Қажет болса балаңызды жетектеп апарамыз" деді ол.
Бұдан соң Бақыт Сұлтановтың есепті жиыны аяқталғаны және әкімнің түстен кейін азаматтарды қабылдайтыны хабарланды. Әкімге сұрақ қойып үлгермеген тұрғындар наразы болды.
Алматыдағы жиында әкімге сұрақ қойған көп балалы ана болмашы табысқа қалай өмір сүруге болатынын сұрады. Тұрғын сауалына жақында үкімет жанынан халықтың тұрмысын жақсарту мақсатында құрылған арнайы жұмыс тобына жетекшілік ететін вице-премьер Ерболат Досаев жауап берді. Ол жұмыс тобы тұрғындардан түскен барлық арыз-өтініштерді саралап шыққан соң, екі айдың ішінде тиісті шешім қабылданады деп мәлімдеді.
Астанада 45 мың отбасы баспана кезегінде тұр (15 ақпан 2019 жыл):
Сәрсенбідегі жиында Алматы әкімі көп балалы аналардан түскен "конструктивтік ұсыныстардың ешбірі назардан тыс қалмайды" деп сендірген. Бауыржан Байбек соңғы екі аптада қала билігі ондаған кездесу өткізіп, жүздеген әйелден көп арыз-өтініш түскенін айтты. "Біздің жұмысшы топ оларды жинастырып, талдап, есептер жүргізді. Арасындағы ең өзектілері – баспана, коммуналдық төлемдер, жәрдемақыны көбейту, оқу және жұмысқа орналастыру мәселелеріне қатысты" деді әкімі. Оның сөзінше, жұмысшы тобы ұсыныстардың барлығын, солардың арасында адрестік әлеуметтік көмек методикасын өзгерту туралы ұсыныстарды да үкімет жанындағы жұмыс тобына жолдаған. "Қала деңгейінде баспана, жұмысқа орналастыру мен қайта даярлау, балабақша мен жергілікті бюджеттен төленетін бір жолғы төлем мөлшерін ұлғайтуға байланысты кешенді шаралар әзірленді" деді Байбек.
Есеп беру жиыны барысында Алматы әкімі Бауыржан Байбек Көкжайлау шатқалында құрылыс салуға қарсы азаматтарға алаңдаушылық білдіргендері үшін алғыс айтты. Әкімнің сөзінше, белсенділердің күш-жігерінің арқасында тау шаңғысы курортының жобасы едәуір қысқарып, салынатын құрылыс көлемі азайған.
Ал "Көкжайлауды қорғайық!" тобының белсенділері шатқалда курорт мүлде салынбасын дейді. Сәрсенбі күні Алматы әкімінің есеп беру жиынына қатыспақшы болған осы топтың бірнеше белсендісін полиция ұстап әкеткен.
ПІКІРЛЕР