Accessibility links

"Бұл - өш алу". Полиция соттасқан блогер тағы да тергеуге алынды


Блогер Айболат Бөкенов. Орал, 19 қараша 2019 жыл.
Блогер Айболат Бөкенов. Орал, 19 қараша 2019 жыл.

Полицейлердің жол ережесін бұзғанын видеоға түсірген оралдық блогер Айболат Бөкенов сотқа тартылды. Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті оның үстінен "ар-ожданы мен іскерлік беделін қорғау" бабы бойынша сотқа шағымданған. Блогерге қарсы тағы бір талап арыз әкімдік қаржысына жұмыс істейтін газеттің қызметкерінен түскен. Былтыр осы адамның арызы бойынша блогер әкімшілік сотқа тартылып, қамауда отырып шыққан. Ақпанның 18-і күні Бөкенов тергеуге алынғанын естіді.

"Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, солай өткізесің" деген ырым бар. Егер расымен солай болса, 2020 жылы блогер Айболат Бөкеновтің басына қара бұлт үйірілгелі тұр.

Оралдық блогер жаңа жылды мерекелік дастархан басында емес, темір тордың арғы жағында отырып қарсы алған. Ал жаңа жыл басталғалы бері бір жарым айдың ішінде Бөкеновтің үстінен екі азаматтық талап арыз түсті. Бірінші арыздың иесі – Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті. Өткен жылдың соңында блогерді әкімшілік жауапкершілікке тартуға себеп болған екінші арызды жеке тұлға берген. Желтоқсанның 27-сі күні кешке сот Айболат Бөкеновті жергілікті "Пульс города" басылымының қызметкеріне "қасақана дене жарақатын салғаны үшін" айыпты деп тауып, бес тәулікке абақтыға қамаған.

- Мен [қаңтардың 1-і күні] күндізгі сағат үште, тіпті төртке жақын [босап шықтым], - дейді блогер.

Қамаудан шыққаннан кейін бір айдан астам уақыт өткенде Бөкенов өзінің үстінен полиция департаменті "ар-ожданы мен іскерлік беделін қорғау" бабы бойынша сотқа арыз түсіріп, блогер таратқан ақпаратты теріске шығаруды талап етіп отырғанын естіді. Оралда полиция қызметкерлерінің қатысуымен болған жол ережесін бұзу және жол апаты фактілерін бірнеше рет видеоға түсірген Бөкенов департаменттің сотқа арыздануын өзінің аузын жабу мақсатымен жасалып отырған қысым көрсету әрекеті деп біледі.

Блогер Айболат Бөкенов сотта тұр. Орал, 4 ақпан 2020 жыл.
Блогер Айболат Бөкенов сотта тұр. Орал, 4 ақпан 2020 жыл.

Департаменттің арызына Бөкеновтің өзі түсірген видеолар жайлы республикалық арнаға берген сұхбаты себеп болған. Блогер сұхбатында 2018-2019 жылдары өзі заңбұзушылық фактісі деп санайтын 92 жайтты видеоға түсіргенін айтқан.

"Ақпарат құралы арқылы жасалған мәлімдеме шындыққа жанаспайды, өйткені Бөкенов полиция департаментінің басшысы [Мақсұдхан] Аблазимовтың атына 2018 жылы бір рет жазбаша, 2019 жылы бір рет ауызша шағым берген. Аталған шағымдар негізінде тиісті шаралар қабылданған. Бөкеновке бұл туралы хабарлама жіберілген. Тағы бір заңбұзушылық туралы дерек әлеуметтік желіге жарияланды. Сонда Бөкенов айтқан 92 заңбұзушылықтың үшеуі ғана тіркелген, қалған 89 факті шындыққа жанаспайды" деді бірінші сот отырысында полиция департаментінің өкілі Алмажан Сисенғалиева.

АПАТ ОРНЫНДАҒЫ ГЕНЕРАЛ ЖӘНЕ ОДАН КЕЙІНГІ ОҚИҒАЛАР

2019 жылы қарашаның 18-і күні кешке Айболат Бөкенов таныстарынан Оралдағы Зачаганск ауданында полиция көлігі бағдаршам тұсында 21 жастағы қызды қағып кеткенін естіген. Блогер такси шақырып, оқиға орнына жеткен. Айболаттың айтуынша, ол жерге жергілікті полиция басшылығы тегіс жиналған.

- Мен біраз жүріп, видеоға түсірдім. Жедел-жәрдем көлігі жараланған қызды ауруханаға алып кеткен. Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп жүрді. Оларға кедергі келтірген жоқпын, тек сырттай түсіріп тұрдым. Сосын генералдан сұхбат алмақшы болдым. Ол менің заңбұзушылық фактілері бойынша видео жіберіп тұратынымды білетін. Бір кездесуде тіпті мені мақтап, бұл ісіме қолдау да көрсеткен. Ал апаттан кейін болған оқиға жайлы пікірін сұрағанымда қолымнан телефонды жұлып алып, барлық видеоны өшіруді талап етті, - дейді сол кешті еске алған Айболат.

Осыдан кейін Айболатты ұстап, полиция бөлімшесіне апарған. Сол жерде хаттама толтырған. Желтоқсанның 5-і күні Орал әкімшілік соты Бөкеновті "полиция қызметкеріне бағынбау" бабы бойынша кінәлі деп тауып, ескерту жасаған. Бөкенов өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады.

- Маған таққан айып дәлелденбеді деп ойлаймын. Сотта қаншама полиция қызметкерінен түсініктеме алды. Әр қызметкердің формасында видеокамера орнатылған жетон болғанына қарамастан, олардың бірде-бірі жол апаты болған жерде түсірілген видео ұсына алмады. Полиция бұл жазбаларды әдейі көрсетпеді деп ойлаймын, - деді сол сотта Айболат Бөкенов.

Блогер полиция қызметкерлерінің жол ережесін бұзуы – өңірдегі көкейкесті мәселелердің бірі дейді. Зашағанда болған жол апатынан (сол кезде жарақат алған қыз комадан екі аптадан кейін бір-ақ шыққан) бірнеше апта өткенде Тасқала ауданында полиция қызметкері 56 жастағы ер адамды көлікпен қағып, оқиға болған жерден кетіп қалған. Көп ұзамай жәбірленуші алған жарақатынан көз жұмған. Бес күннен кейін, желтоқсанның 7-сі күні 29 жастағы төрт баланың анасы отырған көлікті полиция қызметкері айдап келе жатқан автомобиль келіп соққан. Әйел бір тәуліктен кейін сол күйі есін жимай, жан тапсырған.

- Болған оқиғалар ашу-ызамды туғызды. Бұл туралы Facebook парақшама жазып, генерал Аблазимовтың қызметінен кетуін талап ете бастадым, - дейді Айболат Бөкенов.

21 жастағы қызды машина қағып кеткен жерде тұрған полиция көлігі. Орал, 18 қараша 2019 жыл.
21 жастағы қызды машина қағып кеткен жерде тұрған полиция көлігі. Орал, 18 қараша 2019 жыл.

ТҰТҚЫНДАУ МЕН АЗАМАТТЫҚ АРЫЗ

Желтоқсанның 12-сі күні Айболат Бөкенов полиция департаментіндегі жол апаты туралы мәселе көтеріледі деп хабарланған жиынға қатысқан.

- Жиынға генералды [Аблазимовты] тыңдауға бардым. Бірақ болған оқиғаларды талқылаудың орнына жиналғандар генералды мақтап, оның қандай жақсы адам екенін айта бастады. Сол кезде сахнаға шығып, генералды орнынан алып тастау туралы мәселе көтеруді жөн деп санадым, - дейді Айболат.

Facebook-те тікелей трансляция жүргізіп отырған блогер телефонын өзімен бірге барған досы Данияр Инжиғалиевке беріп, сахнаға қарай беттеген.

- Сахна жақта біреу наразылық білдіріп, басқалар да сұрақ қойғысы келетінін айтып, мені микрофонға жақындатпауды сұрады. Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Белгібеков сахнадан түсуімді сұрады. Ол кезде әлгі қыздың кім екенін, сахнаға шығып, пікір білдіруіме неге сонша қарсы болып отырғанын білген жоқпын, - дейді блогер.

Кейінірек блогер залдағы қыздың жергілікті "Пульс города" газетінің қызметкері Дана Дүйсекенова екенін білген. Дана осы жағдайдан кейін әлеуметтік желідегі жазбасында Бөкенов өзіне "жұдырық ала жүгіргенін" жазды. Бірақ блогер оқиға мүлде басқаша болған дейді.

- Сахнадан түстім. Ол жерде басқа шаруам жоқ деп ойлап, сахнаның алдында тұрған Даниярға "Кеттік" дедім. Шығар есікке жақындап қалғанда, бір қозғалысты, арпалысты байқадым. Қарасам, телефоным Дананың қолында екен. Жақындап барып, қолынан телефонымды тартып алдым. Бірден кетіп қалдық.

Кейін Дүйсекенова денсаулығына блогердің зақым келтіргені, білегі көгергені туралы полицияға арыз жазған. Бөкенов болса "телефон ұрлау" жайлы қарсы арыз жазған. Бірақ полиция Бөкеновтің арызын қабылдамаған.

Блогер Айболат Бөкенов сотта жауап беріп тұр. Орал, 28 қараша 2019 жыл.
Блогер Айболат Бөкенов сотта жауап беріп тұр. Орал, 28 қараша 2019 жыл.

Желтоқсанның 12-сі күні полиция департаментінің залында болған, кейін сотта куәлік беріп сөйлеген бірнеше адам блогердің басылым қызметкерін қолынан ұстамағанын, тек өз телефонын қайтарып алғанын айтқан.

Әкімшілік сот процесі кезінде Дана Дүйсекенова өз позициясы туралы пікір беруден бас тартты. Азаттық тілшісі сұхбат алмақ болғанда, камераны өшіруді талап етіп, сот залына полиция шақырды.

Соңғы сот отырысында үкім жарияланбас бұрын Бөкеновтің адвокаты Абзал Құспан қарсы тарап өздеріне даулы мәселені медиация жолымен шешуді ұсынғанын айтты. "Әуелі Бөкеновке 200 мың теңге (520 доллардан астам), кейін 100 мың теңге төлеу және кінәсін мойындап, кешірім сұрау туралы талап қойды. Олар сондай-ақ Айболат Бөкеновтің әлеуметтік желі мен ақпарат құралдарындағы сот процесі туралы осыдан кейінгі жазбалары мен пікірлері үшін жауапкершілік алуын сұрады" деді сот залында адвокат Абзал Құспан.

Оның айтуынша, дауды шешудің басты талабы – "әлеуметтік желі мен ақпарат құралдарында сот туралы жазба мен пікір жарияламау" болған. Бірақ Бөкенов ондай шартты қабылдаудан бас тартқан. Сот сол күні кешке блогерді "денеге қасақана жеңіл жарақат салу" бабы бойынша айыпты деп танып, бес тәулікке түрмеге қамады.

Бір ай өткенде Бөкенов өзінің үстінен Дүйсекенованың сотқа арызданғанын естіген. Ақпанның 24-і күні блогерді алдын-ала әңгімелесуге шақырған.

- [Соттан алдын-ала әңгімелесу күні көрсетілген] хабарламаны алған кезде онда не туралы жазылғанын бірден түсінген жоқпын. Полицияның шағымы бойынша сот болатын күнді өзгерткен шығар деп ойлағам. Бірақ маған бірден сот хатшысы хабарласты. Маған байланысты тағы бір сот болатынын айтты. Дана Дүйсекенова мені сотқа беріп, 252 мың теңге өтемақы өндіріп алғысы келетінін түсіндірді, - дейді Айболат Бөкенов.

Сот хатшысының айтуынша, Дана Дүйсекенова шығынды 200 мың теңге деп бағалаған, ал 50 мың теңге – адвокат жалдауға кеткен шығын, тағы екі мың теңге – мемлекетке төлейтін салық.

Ақпанның 18-і күні Орал полициясы Бөкеновке оның үстінен Дүйсекенованың берген "қорқыту" туралы арыз бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған.

Содан бір күн бұрын Дана Дүйсекенова Facebook әлеуметтік желісіндегі парағына "Айбулат Букенов" деген қолданушының сотқа берген арызын қайтарып алмаса "аяқ-қолын сындыратынын" жазған хатының скриншотын жариялады. Бөкенов Facebook-тегі парақшасына Дүйсекеноваға ондай хат жазбағанын, өз аккаунтындағы қара тізімге Дүйсекенованы енгізіп тастағанына екі болғанын жазды.

- Менің аккаунтым бұзылған жоқ, сірә, біреу Данаға осы қоқан-лоқыны жазу үшін менің атымнан екінші парақ ашқан шығар. Бұл хатты ала салысымен арыз беру үшін бірден прокуратураға бардым, - деді Азаттыққа Бөкенов.

Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі Айболат Бөкеновтен өтініш түскенін растады, бірақ оның егжей-тегжейін айтудан бас тартты.

АЙЫППҰЛ, ТҰТҚЫНДАУ ЖӘНЕ СОТҚА ТАРТУ

Айболат Бөкенов Оралдан 250 километр жердегі Жаңақала ауданының орталығында туып, өскен. 2000 жылдардың басында облыс орталығына қоныс аударып, қазақ тілінде шығатын "Жүздесу" қоғамдық-саяси басылымына жұмысқа тұрып, өңір мәселелері туралы жазған.

Газетте 10 жыл жұмыс істегеннен кейін Бөкенов қызметін ауыстырып, басқа салаларда еңбек еткен. Жиһаз жасаушы, Мәскеу түбіндегі зауыттарда вахталық жұмысшы, жүргізуші болып істеген. 2016 жылы Қазақстанда жер митингілері өткенде Айболат Бөкенов жергілікті өлкетану мұражайында істеп жүрген. Ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді шетелдіктерге сату немесе ұзақ мерзімге жалға беру туралы үкімет ұсынған реформаға қарсы акция өтетінін естіп, халықты шеруге қатысуға шақырған.

- Ол кезде әлеуметтік желіні пайдалана алмайтынмын. Facebook-тен бір нәрсе көрсем, репост жасай алмай, әркімнің парақшасына пікір жазып қалдырып жүретінмін. "Шығыңдар, жерімізді қорғау керек" деп жазып, белсенділік таныттым. Бұл митингілерді кім ұйымдастырып жүргенін де білген жоқпын, - дейді Айболат.

Бөкенов халықты қатысуға шақырған митинг маусымның 21-іне белгіленген. Ал содан үш күн бұрын Бөкеновті "қағаздарға қол қою керек" деп полиция бөлімшесіне шақырған. Кейін сот болып, Бөкеновті халықты митингіге шақырғаны үшін "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айыппен 15 тәулікке қамаған.

2018 жылы полиция Айболат Бөкеновті төрт рет ұстап, айыппұл салған. Блогер оның барлығын әлеуметтік желідегі өз белсенділігімен және сыни жазбаларымен байланыстырады.

- Таныстарым артымнан әлдекімдер аңдып жүргенін айтқан еді. Қонаққа барсам немесе достарыммен мейрамханада отырсам, үйге қайтар жолда мені міндетті түрде полиция ұстайды. Әдетте үнемі қайталанатын жағдай: олар "ішіп алыпсыз" деп мені сараптамаға апарады, ол жерде "масаңдау" деген қорытынды шығарады. Тұтқындайтын себеп болмаған соң, босатып жібереді. Бірақ әр жолы маған 12 мың теңгеден айыппұл жазып беретін, - дейді Айболат.

Полицейлердің Бөкеновті ұстаған сәті блогердің полиция қызметкерлерінің жылдамдықты шамадан асырып я белдік тақпай көлік айдап бара жатқан фактілерін видеоға түсірген уақытпен тұспа-тұс келген. Блогердің сөзінше, ол түсірген видеоларын жергілікті полиция қызметінің басшысына жіберіп отырған.

- 2018 жылы қаңтарда сол кездегі жергілікті полиция қызметінің басшысы болған Манарбек Ғабдуллинмен сөйлестім. Ол "Біз әділ жұмыс істейміз" деді. Мен онымен келіспедім, өйткені полиция қызметкерлері сан рет заң ережесін бұзғанын білетінмін. Сондықтан оған өзім куә болған заң бұзу фактілерін тіркеп отыруды ұсындым. Ол келісіп, маған нөмірін берді. Мен сол нөмірге видеолар жіберіп отырдым. Бір айда 62 видео түсірдім. Барлық факті бойынша тиісті шара қабылданды деген жауап келді, - дейді блогер.

2019 жылы Айболатты "мас күйінде көлік жүргізгені" үшін 20 тәулікке абақтыға қамаған. Өз айтуынша, сол күні Бөкеновтің артынан аңдыған полиция қызметкерлері оны Батыс Қазақстан облысындағы ауылдардың бірінде өткен бұрынғы досының мерейтойынан шығып, көлікке отырған кезінде ұстап, әкімшілік жауапқа тартқан.

Қазір Бөкенов тағы да сотқа баруға дайындалып жүр. Бір аптадан кейін жергілікті басылым қызметкерінің арызы бойынша сот процесі басталады. Әзірге блогер полиция департаментінің арызы бойынша жауапкер санатында жүр.

- Генерал менен осылай өш алып жатыр деп ойлаймын: ол жол апатынан кейін қолымнан телефонымды тартып алғанын жариялағанымды, полициядағы жағдайларды ашық көрсеткенімді, әр жолы генералдың қызметтен кетуін талап ететінімді кешіре алмай жүр, - дейді Айболат.

Дүйсекенованың арызы бойынша өтетін соттан бірнеше апта бұрын ол жұмыс істейтін "Пульс города" басылымының сайтында "Бетпердесіз белсенділер" деген мақала жарияланған. Бірнеше жергілікті белсендінің жеке өмірінен деректер келтірілген материалда оларды "маскүнем, жанжалқұмар, борышқор және алаяқ" деп сипатталған. Мәтінде Айболат туралы да жолдар бар: "Бұл топқа бірнеше рет тұтқындалып, айыппұл салынған, мас күйінде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айырылған жұртқа белгілі Айболат Бөкенов те бөтен емес. Ал жақында ол полиция департаменті басшыларына жала жапқаны үшін сотта жауап беретын болады".

"Мақаланы көрдіңіз бе?" деген сұраққа Айболат қабағын шытып, ондайды оқығысы келмейтінін айтады. "Онда бір ауыз шындық жоқ, тіпті болған күннің өзінде бастан-аяқ бұрмаланған" дейді ол.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG