Accessibility links

БҰҰ Тәжікстанды "адам құқығын бұзады" деп қатты сөкті


Адам құқығы жөніндегі БҰҰ-ның жоғары комиссары Мишель Бачалет. Швейцария, 10 қыркүйек 2018 жыл
Адам құқығы жөніндегі БҰҰ-ның жоғары комиссары Мишель Бачалет. Швейцария, 10 қыркүйек 2018 жыл

Женевада өтіп жатқан Адам құқығы жөніндегі БҰҰ кеңесінің 39-сессиясында Тәжікстанға қатаң сындар айтылып, "адам құқықтарын бұзып, өзгеше ойлайтындарды қудалайды" деп сыналды.

Қыркүйектің 1-і күні жаңа қызметіне кіріскен Адам құқығы жөніндегі БҰҰ-ның жоғары комиссары Мишель Бачалет: "Бізге Орталық Азия елдерінен, соның ішінде Тәжікстаннан хабарлама келеді. Онда өз пікірін айту құқығын қолданған азаматтарға қауіп төнетіні, оларды қамап, қатыгез қарым-қатынас жасайтыны айтылады" деді.

Махмадали Хаит
Махмадали Хаит

Биыл мамырда БҰҰ-ның жұмыс тобы әлемдегі негізсіз қамауға алу істерін зерттеп, Тәжікстанның Ислам жаңғыру партиясының (әрі қарай - ТИЖП) саяси кеңесінің мүшесі Махмадали Хаитты заңсыз қамаған деген қорытынды жасаған. Ұйым оны босатуды талап еткен.

БҰҰ сарапшыларының 13 беттік есебінде қамауда отырған алғашқы бес айда Махмадали Хаит сотына куәгерлер шақыруына рұқсат етілмегені айтылады. Қамау мен тергеу кезінде оған қатыгез қарым-қатынас жасалған, ал мемлекеттік БАҚ үкім шықпай тұрып "қылмыскер" деп мәлімдеген.

2015 жылы ТИЖП саяси кеңесінің 13 мүшесі, соның ішінде Махмадали Хаит та бар, бұрынғы қорғаныс министрі Абдухалим Назарзоданың жетекшілігімен "мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды" деп айыпталып, ұзақ мерзімге сотталған.

Қарай отырыңыз: ЕҚЫҰ жиынында тәжік делегаттары мен оппозиционерлер төбелесіп қалды:

АЗАПТАУ МЕН ҚАТЫГЕЗ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС

Адам құқығы жөніндегі БҰҰ жоғарғы комиссары Мишель Бачалет сессияда сөз бостандығы мен БАҚ-қа қатысты жағдайдың нашарлап, ұлттық және діни азшылық құқығын таптау күшейіп бара жатқанын айтты. Бұған қоса, "қамаудағыларды азаптау мен оларға қатыгез қарым-қатынас жасау туралы деректер алаңдатады, оны орындаушылар жазаланбайды" деді.

Әділет министрлігіндегі дерек көзіне сілтеме жасаған Азаттықтың Тәжік қызметі "Мишель Бачалеттің мәлімдемесі Тәжікстандағы адам құқығын сақтау туралы бұрынғы баяндамаларға негізделген" деген пікірін келтірді.

"Ал адвокаттарды орынсыз тұтқындап, қамауға алғанына келсек (оның ішінде Бузургмехр Еров пен ТИЖП мүшелері бар) үкімет оған қатысты өз пікірін білдірді. Олар басқаша ойлағаны үшін емес, қылмыс жасағаны үшін қамалды", - дейді әділет министрлігінің өкілі.

ЖАҒДАЙ ҚИЫН

Құқық қорғаушылардың айтуынша, Тәжікстандағы адам құқығы мәселесінің БҰҰ кеңесіне жеткені "жақсылықтың нышаны емес". Тәжікстандағы адам құқығы жағдайын бақылайтын Human Rights Vision құқық қорғау ұйымының жетекшісі Виктория Надеждина қыркүйектің 13-і күні Азаттыққа берген сұхбатында Адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссардың өзі бұл мәселені көтергені жағдайдың ушыққанын байқатады деді.

"Тәжікстанда адам құқығына қатысты жағдай нашарлап барады. Адамзаттық өлшем жөніндегі ЕҚЫҰ-ның (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы) жыл сайынғы отырысында да бұл туралы айтылды" дейді ол.

"ХАЛЫҚҚА ҚАРСЫ ТҮЗЕТУЛЕР"

Надеждинаның айтуынша, 2017 жылдан бері адам құқығын бұзу мәселесі саяси тұтқындар, адвокаттар, әйелдер мен балаларға, діни азшылық өкілдеріне қатысты көп айтылып жүр.

"Үкімет заңды, соның ішінде құқықтық құжаттарды жетілдіріп жатыр. Бірақ жағдай өзгермеді. Түзетулер бақылауды күшейту мен бостандықты шектеуге бағытталған", - деді құқық қорғаушы.

Надеждина 2016 жылы түзетулер енгізілген президент және парламент сайлауы туралы заң, адвокатура мен адвокат ісіне қатысты заң және жиын, митинг, наразылыққа шығу мен бейбіт шеру туралы заңдар Тәжікстанның Конституциясына қайшы келетінін айтады.

Мысалы, парламент сайлауы туралы заң бойынша шетелде бес жыл тұрған адам өз кандидатурасын ұсына алмайды. "Алайда, Тәжікстанның жүздеген мың азаматы бірнеше жыл Ресейде тұрып, жұмыс істеуге мәжбүр", - дейді Надеждина.

(Азаттықтың Тәжік қызметінің тілшісі Тохир Сафардың мақаласы орыс тілінен аударылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG