ЖУРНАЛИСТІ АККРЕДИТАЦИЯЛАУ ҚАҒИДАЛАРЫ
Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрлігі журналистерді аккредитациялау туралы бұйрыққа өзгертулер енгізбекші. Аккредитация – журналистiң өкiлеттiгiн мемлекеттiк орган я қоғамдық бiрлестiктiң тануын рәсімдеу. Алайда Қазақстанда оны мемлекеттік органдардың, парламент пен президенттің түрлі жиындарына қатысуға берілетін рұқсат ретінде қарастырады Құқық қорғаушылар да, журналистер де үкімет ұсынған жоба БАҚ өкілдерінің құқығын шектейді деп есептейді. Бұл жобаға елдегі 24 министрлік пен мемлекеттік агенттік келісім береді деп қарастырылған.
Журналистер мен құқық қорғаушылар мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың журналиске аккредитация беру принциптепрін сынайды.
Мысалы, жобада "өзін аккредиттеген мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратуы" журналисті аккредитациядан айыруға негіз болатыны жазылған.
"Құқықтық медиа орталық" жетекшісі Диана Окремованың пікірінше, журналистің шындыққа сай келмейтін ақпарат таратқанын және беделге нұқсан келтіргенін қандай да бір мекеме емес, тек сот анықтауы тиіс.
– Өйткені мекеме не ұйым мұндай шешім шығармауы керек. Бұған дейінгі талқыда біз мұндай жағдайда міндетті түрде сот шешімі болуы керек деген бап енгізуді ұсынғанбыз. Өкінішке қарай, [БАҚ туралы] заңның өзінде де сот шешімі туралы ештеңе айтылмаған, – дейді Окремова.
"Әділ сөз" қоғамдық қорының президенті Тамара Калеева мұны журналистердің сын айтуына жол бермеу мақсатында жазылған деп санайды.
– Сыни мақалалардың кейіпкерлері өзі жайлы жазған журналистерді осындай мәлімет таратты деп, қуған кездері болған, ондайды көргенбіз. БАҚ туралы тәуір жаңа заң шыққанша, тым болмағанда "ондай мәлімет таратқаны сот шешімімен анықталған" деп нақты көрсетіп жазу қажет деп санаймыз, – дейді Тамара Калеева.
Журналист Күлтегін Аспанұлы аккредитация туралы жаңа ереже мемлекеттік органдардың баспасөз қызметтеріне "жақырмайтын" журналистерге "шекара сызып" қоюға мүмкіндік береді деп санайды. Ол Орталық коммуникация қызметінде ресми ұйымдар өкілдері қатысатын жиындарда модераторлардың көкейкесті мәселе жайлы сауал қойған БАҚ өкілдерінің сөзін бөліп я оларға кезек бермейтініне жиі куә болғанын айтады.
Мынадай жобаға енгізу билік айтқан "еститін өкімет" болу емес, керісінше, қайтадан цензура орнатуға ұмтылыс болып көрінеді.
– Модератор өте бейтарап болуы тиіс. Ал олар өзін журналистика принциптері мен этикасынан бейхабар адам сияқты ұстайды. Бір жақтылық, спикерге болысу, журналистердің сөзін бөлу, дөрекілік танытып, қайта-қайта негативті эмоциямен ескерту жасау осы айтылған принциптерге қайшы. Біз бұл туралы сұрау хаттар жолдап, мұндайды тоқтатуын талап еткенбіз. Әлеуметтік желіде жеке азамат ретінде қарсылығымды да білдірдім. Бірақ сонда да бұл әрекет ауық-ауық қайталанып отыр. Енді міне, мынадай жобаға енгізу билік айтып отырған "еститін өкімет" болу емес, керісінше, қайтадан цензура орнатуға ұмтылыс болып көрінеді, – дейді Күлтегін Аспанұлы.
Қазақстанның сот журналистері лигасы құрылтайшыларының бірі Серікжан Мәулітбай ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әзірлеген аккредитациялау ережесі жобасы елдегі сөз бостандығының онсыз да мүшкіл ахуалын онан сайын нашарлатып жібереді деп есептейді.
– Жаңа жобада модератор талабын орындау туралы бап бар. Орталық коммуникация қызметімен (Қазақстан президенті жанындағы бұл қызмет мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өтетін барлық баспасөз жиындарын ұйымдастырады – ред.) онсыз да олардың қойған шектеуіне байланысты үнемі дауласып жүрміз, ал мына ереже қабылданса, журналисті қырын қарағаны үшін аккредитациядан айыратын шығар деп ойлаймын. Біз бен шенеуніктер арасындағы негізгі дәнекер ОКҚ сөз бостандығын сақтаудың орнына, билікті қолайсыз сауалдардан қорғайтын қалқан болып отыр. Мысалы, журналистердің шағын тобы бір-біріне қолдау танытып, өзіне дейін сұрақ қойған әріптесіне шенеунік "сырғытпа жауап" қатса, толымды жауап беруін талап етіп жүр. Ондай кезде модератор спикер сұраққа жауап бермей қалғанын біле тұра, біздің аузымызды жабуға тырысады. Біз осылай бірігіп, ынтымақ танытсақ та мемлекеттік органның бірінші басшысынан сұрағымызға жауап ала алмаймыз. Мұндай кезде ресми сауал жазудан еш пайда жоқ, – дейді Серікжан Мәулетбай.
Елдегі "сөз бостандығының мүшкіл жағдайы" туралы айтқан кезде Мәулетбай қазірдің өзінде шектеулер барын айтады.
Көптеген тақырыптар қозғалмайды, шенеуніктерге жағу үшін материалдарды жарияламай қояды.
– Біз көп зерттеу жүргізе алмаймыз, көп тақырыптар жайлы жаза алмаймыз, өйткені билік заңды қатайтып, іс жүзінде барлық БАҚ-ты мемлекеттік тапсырысқа тәуелді қылып, бақылауында ұстап отыр. Көптеген тақырыптар қозғалмайды, шенеуніктерге жағу үшін материалдарды жарияламай қояды. Ресми сауалдарға көбіне сырғытпа жауап келеді, ведомстволардың көбі бюджет туралы ақпаратты жасырады, олар туралы ештеңе айтпайды немесе "құпия" деген белгі қояды, – дейді ол.
Журналист ақпарат министрі Аида Балаеваны "заңды нашарлатуды, журналистерді шенеуніктің сөзін жеткізуші құралға айналдыруды тоқтатуға, сөз бостандығын бұзатын шенеуніктерді жөнге салуға" шақырады.
Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис азаматтардың салығы есебінен ұсталатын мемлекеттік органдарда "іскерлік бедел" деген ұғым болмауы керек дейді.
– Егер ақпаратта қайсыбір шенеунікке жала жабатын я ар-намысына тиетін ақпарат болса, онда жеке тәртіппен сотқа жүгініп, сонда дәлелдесін. Мемлекет салық төлеуші азаматтардың арқасында өмір сүріп отыр. Олардың ойынша, өздері туралы жақсы жағынан ғана жазу керек. Ондай болмаса, журналисті аккредитациядан айыру керек деп есептейді. Аккредитациядан айыру – ақпараттан айыру деген сөз. Не үшін? Мәнісі не? Олар біз туралы дұрыс жазбайды, сол үшін тыйым саламыз деп ойлайды, ал ондай бұрыс ақпаратты жоққа шығарып, дұрыс хабар таратуы үшін сондай ақпарат беру керек қой. Ал оны жолатпай қою – қауесет пен жалған ақпаратты көп қолдануға мүмкіндік беру деген сөз, – дейді құқық қорғаушы.
МОДЕРАТОР ТАЛАБЫ МЕН ЖУРНАЛИСТ ҚҰҚЫҒЫ
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әзірлеген бұйрық жобасына қосымшаның төменгі тұсында "журналист аккредиттелген жағдайда, бұқаралық ақпарат құралының бас редакторы және (немесе) редакциясының уәкілетті өкілі аккредиттелген журналистің қоғамдық тәртіпті, іс-шараның тақырыбын (мазмұнын), сондай-ақ іс-шара модераторының талаптарын сақтауын қамтамасыз етеді" деген ескертпе бар.
Құқық қорғаушылар мен журналистер бұл ескертпе БАҚ өкілдерін баспасөз мәслихатының тақырыбынан ауытқымауға және шара модераторының талабын орындауға міндеттеу үшін енгізілген дейді.
– Олар журналистерді қораға қамап, тілшінің БАҚ туралы заңда көрсетілген барлық құқығын шектемек. Модератор журналист қойған сұрақты сүзгіден өткізіп, цензура жасамақшы. Заңда модератордың қандай талаптар бойынша іріктелетіні, оны кім тағайындайтын туралы бір ауыз сөз жазылмаған, – дейді Тамара Калеева.
Диана Окремова бұл ескертпе модераторға сөз бостандығын шектейтін құқық беріп қойғанын айтады.
– Оның мұндай ереже орнатуына қандай негіз бар? Бізде құжатта шектеу ережесі айқын жазылмаса, оның әсіре қатаң, мүлде қисынсыз, ақылға қонымсыз болып шыға келетінін білесіз ғой. Біз модератор ешқандай ереже орнатпауы керек деп санаймыз. БАҚ туралы заң, аккредитация ережесі бар, сол жеткілікті, – дейді Диана Окремова.
"Құқықтық медиа орталық" Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне журналистерді аккредитациялау ережесі туралы жобаның кейбір тұсына байланысты алаңдап отырғаны үндеу жариялап, қол жинап жатыр.
Журналистер мен құқық қорғаушылар Қазақстан үкіметін БАҚ туралы заңды демократия талаптарына сәйкестендіруге үндеп келеді. Халықаралық ұйымдар Қазақстанда сөз бостандығы шектеліп, тәуелсіз БАҚ пен журналистерге қысым жасалатынын жиі сынайды.
ПІКІРЛЕР