Шілденің 16-сы күні өткен БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Ресей украин тілі туралы заңды сынап, “ұлттық болмыс үшін күрес орыс тілді азшылықтың құқығын бұзбауы керек” деп мәлімдеді.
“Біз украин тіліне қарсы емеспіз. Орыстардың құқығын қорғағымыз келеді” деді БҰҰ-дағы Ресей өкілі Василий Небензя.
Ал АҚШ, Ұлыбритания, Франция Ресейді Қырымды жаулап алуды тоқтатуға шақырды. Америкалық дипломат Родний Хантер Ресей Украинаға түбекті қайтармайынша, Қырымға байланысты санкция күшінде қалады деді. Ресей Минск келісім-шартын орындамайынша, Украина шығысындағы қарулы қақтығысқа байланысты салынған санкция да күшінде қала беретінін жеткізді.
Бұған қоса, АҚШ 2018 жылы қараша айында Керчь бұғазында Ресей әскерилері ұстаған 24 украин теңізшісін босатуды талап етті. Сонымен бірге, Батыс елдері Донбаста атып құлатылған бортында 298 жолаушысы болған ұшақ апатына кінәлілерді әділ жазалауды талап етті.
Шілденің 1-і күні БҰҰ-дағы Украинаның тұрақты өкілі Олег Николенко Ресейдің украин тілі туралы заңға байланысты БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңес отырысын өткізу туралы ұсыныс жасағанын айтқан.
Бастапқыда Ресей Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын 20 мамырда жасауды сұраған. Бірақ ол кезде кеңес қараудан бас тартқан. Бірнеше ел өкілі отырыстың Украина президентінің инаугурациясы күнімен сәйкес келетінін, "Ресейдің осылайша Украинаға қысым жасауына жол беруге болмайды" деген еді.
Украинаның Жоғарғы радасы 25 сәуірде "Украин тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет атқаруын қамтамасыз ету" туралы заңды қабылдаған. Оның алдында депутаттар бірнеше апта бойы заңға енгізілген екі мыңнан астам түзетуді қарастырған.
Украина президенті 15 мамырда заңға қол қойды. Келесі күні заңның мәтіні ресми баспасөзде жарияланды. Шілденің 16-сы күні заң күшіне енді.
Заңда қарастырылған негізгі жайттар:
- Құжатта украин тілінің елдегі жалғыз ресми тіл екені, оның қолданылуын шектеу заңмен жазаланатыны жазылған;
- Құжат барлық мемлекеттік қызметкерлер, президент, парламент спикері, депутаттар, министрлер, судьялар, білім беру және медициналық мекеме қызметкерлерін украин тілін білуге міндеттейді. Ресми жиындар, отырыстар украин тілінде өтуі тиіс немесе кемінде украин тілінде ілеспе аудармамен қамтамасыз етілуі тиіс;
- Барлық ресми құжаттар, сот жазбалары, сайлау, референдум, халықаралық келісімдер, еңбек келісім-шарттарының барлығы украин тілінде болуы тиіс;
- Заң жобасы сонымен бірге украин тілінің білім және мәдениет саласында қолданылуына байланысты ережелерді бекітеді;
- Құжатқа сәйкес, газет пен журналдардың міндетті түрде украин тілінде нұсқасы болуы тиіс. Кітапхана, кітап дүкендері мен газет дүңгіршектеріндегі өнімдердің кемінде 50 пайызы украин тілінде болуы тиіс.
47 миллион тұрғыны бар Украина халқының 67 пайызының ана тілі украин тілі болып есептеледі. Тек 30 пайызының ғана ана тілі ретінде орыс тілі көрсетілген. Орыс тілінде көбіне қала тұрғындары сөйлейді.
Украина шығысындағы Ресей қолдайтын сепаратистер де "Киев орыс тілінің қолдану аясын шектеп отыр" деп есептейді. Бұған дейін Еуропа кеңесіндегі Ресей миссиясы да украин тілі туралы заңға байланысты отырыс өткізуді сұраған.
Украин тілі туралы заңға мамыр айының ортасында қызметінен кетіп бара жатып елдің бұрынғы президенті Петр Порошенко қол қойған.
20 мамырда ант берген Украинаның жаңа президенті Владимир Зеленский заңда бюрократиялық процедураларды қиындататын "тыйымдар мен жазалау шаралары" көп екенін айтып, құжатты сынаған. Оның пікірінше, бұл заң мемлекеттік қызметкерлер санын азайтудың орнына көбейтіп жібереді.
ПІКІРЛЕР