Сөз бастаған Иранғайып Күзембаев Дінмұхаммед Қонаевтың еңбегіне тоқталып:
- «Қонаев» деп бір кино түсірсе екен,
Осыған лайық деп бәлкім баға.
40 минуттық кино әлі бұйырмай ма?
40 жыл ел басқарған нар тұлғаға.
40 кино түсірсе де көптік етпес,
40 қала сап кеткен тау тұлғаға, - деп жырлады.
Әлібек Серғалиев қарсыласының «Қазақстанның мақсаты - 50 елдің қатарына кіру» деген сөзіне қарсы:
- Әй, бірақ Қазақстан даму үшін,
Мынандай жағдайларды талдау керек.
Бар ақшаны Астанаға сала бермей,
Ауылдың тіршілігін жалғау керек.
Ішіп ап мектептегі қызды өлтірген,
Майорларың кінасыз қалмау керек.
Өз жерін өзі ала алмай кезек күткен,
Өзіміздің бауырларды қорғау керек.
«Хабар»-дан «бәрі оңды» деп сипай салмай,
Жаңаөзеннің жағдайын барлау керек.
...Баяғыда уәзірлер қандай еді?
Ақыл айтып, беруші еді ханға көмек.
Ал бүгінгі билерде ел мұңы емес,
Өңештің қалыңдығы алда келеді.
Бүгін біздің қазаққа бетке айтатын,
Махамбет секілді нарлар керек.
Ақшаға сиынатын соттан гөрі,
Қазыбек би секілді шалдар керек.
Бұқардай «дат» айтатын билер керек,
Сол билерді тыңдайтын хандар керек.
Алтынбектер секілді арлан керек,
Замабектер секілді заңғар керек, - деді.
Қазылардың Әлібек Серғалиевке берген бағасымен келіспеген жұрт келесі кезектегі ақындардың айтысуына шулап мұрша бермеді. Жүрсін Ерман «халық қаласа хан түйесін сояды» деп қазылардың жоғары ұпай беруін сұрады. Бұдан соң қазылар халық қолдауына ие болған ақынның ұпайын көтерді.
Айтыстың радио нұсқасын әр аптаның сейсенбісінде, сағат 19.30-20.00 аралығында Азаттық радиосының әуе толқынынан да тыңдай аласыздар.