Көрермендер тартқан жеребе бойынша Астана қаласының атынан шығып жүрген Жандарбек Бұлғақов алматылық Сара Тоқтамысовамен сөз қағыстырды.
Айтыстың тақырыбы «Қонаевтай ер қайда!» болғанымен, айтыскерлер Жаңаөзен оқиғасын да жырға қосты.
Жандарбек Бұлғақов Жаңаөзенді айтып:
- Қайбір жылы Қызылағашты су алып еді,
Топан су қалың елді бөктеріп бір.
Шейіт болған адамның шығындарын,
Шенеуніктер жасырған шектеліп бір.
Ал енді Жаңаөзендегі оқиғадан,
Өзегіміз амалсыз өрт болып тұр.
Кім атты, кім аттырды, неге атылды?
Кеудемізге көп сұрақ кептеліп тұр.
«15 адам өлді» деп жылы жауып,
Дөкейлер «бәрі жақсы» деп келіп тұр.
Байлықты былай қойып адам құны,
Біздің елде мал құрлы жоқ болып тұр.
«Мұнай көп, мұнай көп» деп мақтанамыз,
Есесіне ел-жұртым мерт болып тұр.
Жер астынан шығатын байлығыңнан,
Жер астына кеткендер көп болып тұр, - деді.
Жаңаөзен тақырыбын жалғастырған Сара Тоқтамысова:
- Бұзақылар бүлік салды деп,
Шулап жатыр біреулер.
Оларды жатыр кім демеп?
Әлде момын халықтың,
Арқасына ер батып,
Жатқандығы болды ма,
Жағдайына шын себеп.
Халықтың ойы бір бөлек,
Биліктің ойы бір бөлек.
Шындықтың түбін іздесең,
Түлкі құйрық бұл заман,
Жасырып ізін үлгереді, - деді.
Айтыстың радио нұсқасын әр аптаның сейсенбісінде, сағат 19.30 - 20.00 аралығында Азаттық радиосының әуе толқынынан тыңдай аласыздар.