Accessibility links

Ақтөбеде оқушылардың жезөкшелікпен айналысқанын полиция растады


Жезөкше. (Көрнекі сурет)
Жезөкше. (Көрнекі сурет)

«Ақтөбеде мектеп оқушыларын жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген қала тұрғыны мен оның 3 сыбайласы қолға түсті»деп хабарлайды жергілікті полиция. 33 жастағы күдікті әйелдің үстінен полицияға 14 ата-ана шағым түсірген.


Ақтөбеде оқушы қыздардың жезөкшелікпен айналысатыны туралы ақпаратты полиция растады. Бірақ «Жаппай жезөкшелік, яғни 5 мың оқушының тән саудасына салынғандығы туралы ақпарат жалған» дейді Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің бастығы Алмат Иманғалиев. Мұның алдында жергілікті басылымдардың бірі ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетінен зардап шеккен оқушы қыздардың саны - 5 мың деген ақпарат таратқан еді.

Полицияның хабарлауынша, Шолпан есімді жергілікті тұрғын соңғы үш ай бойы 16 мен 20 жас аралығындағы қыздарға «жеңгетай» болыпты. Күдікті әйел мамырдың 17-сі күні «пәктігінен айырылмаған» (тергеу ісінде осылай жазылған - ред.) жас қызды 30 мың теңгеге саудалап тұрған жерінен қолға түскен.

«ТӨБЕМНЕН ЖАЙ ТҮСКЕНДЕЙ БОЛДЫ»

Биыл Ақтөбедегі орта білім беретін мектептердің бірінің 9-сыныбын тәмамдаған Ирина - қылмыстық топ құрбандарының бірі. Шөбересінің басындағы жағдайды ақтөбелік зейнеткер Мария Ивановна әңгімелеп берді.
Ақтөбе қаласындағы орта мектептердің бірі. 23 мамыр 2011 жыл.
Ақтөбе қаласындағы орта мектептердің бірі. 23 мамыр 2011 жыл.

Ол Иринаның тән саудасымен айналысатынын қызы, яғни Иринаның апасы Натальядан естіп білген.

- Төбемнен жай түскендей болды. Мен мәселенің мән жайына аса қанық емеспін. Жүрегім ауыратындықтан бұлар маған көп нәрсені айтпайды, - дейді әжей.

Мария Ивановнаның сөзіне қарағанда, Иринаны он шақты тәуліктен бері ата-анасы жіті қадағалауға кіріскен. Соңғы қоңырау салтанатына да анасы апарған. Азаттық тілшісі Иринамен және оның анасы Ольгамен тілдеспекші болған еді. Бірақ олар телефон тұтқасын көтермеді. Мария Ивановна шөбересін уайымдап, қатты күйзеліп жүргенін айтты.

- Ира (Ирина - ред.) бойы өспей қойғандықтан, мектепке 8 жасынан барды. Қазір жасы 17-де. Үлгерімі - орташа. Ата-анасының қоңырқай ғана тірлігі бар. Бірақ екеуі де жаман қылықтардан ада. Әсіресе күйеу балама ризамын. Ираға өгейлік көрсеткен жері жоқ. Ал немерем Ольга қызының тілазарлығын, сабақтан жиі қалатынын үнемі айтып жүретін. Ира ата-анасына ескертпестен із-түссіз жоғалып кетіп те жүрді. Баланың мінез-құлқындағы мұндай өзгерістерді былтыр 8-сыныпта оқып жүргенінде байқағанбыз, - дейді Мария Ивановна.

АНОНИМДІ САУАЛНАМАЛАР НӘТИЖЕСІ

Ал Ақтөбе қалалық білім бөлімінің бастығы Ләззат Оразбаева:

- Қала мектептерінде білім алып жүрген 49 мың баланың сабаққа қатысу көрсеткішін күнбе-күн қадағалап отырамын. Мектеп директорларынан келіп түсетін ақпаратқа қарағанда, себепсіз сабаққа қатыспайтын балалар жоқтың қасы, - дейді.

Азаттықтың тілшісі Ирина білім алып жүрген орта мектепке де барды. Бірақ мектеп директорымен де, оның орынбасарларымен де тілдесудің сәті түспеді. Мектептегілердің айтуынша, мектеп басшысын прокуратура шақыртып кеткен.
Ақтөбе облыстық балалар құқығын қорғау департаментінің директоры Күлпаршын Айдарханова.
Ақтөбе облыстық балалар құқығын қорғау департаментінің директоры Күлпаршын Айдарханова.

Ал балалар құқығын қорғау жөніндегі Ақтөбе облыстық департаментінің директоры Күлпаршын Айдарханова мектептерде жиі-жиі анонимді сауалнамалар жүргізетіндерін, осы кезге дейін оқушылар тарапынан қандай да бір мәліметтің байқалмағанын айтты.

- Балалар өтірік айтпайды. Егер оқушы қыздар жаппай жезөкшелікке тартылып жатса, біз білуіміз керек - дейді Гүлпаршын Айдарханова.

Балалар құқығын қорғау жөніндегі департаменттің директоры ата-аналар тарапынан өтініш түскен жағдайда, жәбірленушілерге психологиялық, құқықтық қолдау көрсетуге дайын екендерін айтты.

ШАҒЫМ ТҮСІРГЕН – 14 ЖӘБІРЛЕНУШІ

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі мамырдың 29-ы таратқан ақпараты бойынша, «Күдіктілердің үстінен полицияға 14 жәбірленуші шағымданды. Кәмелетке толмағандарды жезөкшелікке тарту дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды».

Полицияның ақпаратына қарағанда, биыл бұдан бөлек кәмелетке толмаған қызының хабар-ошарсыз кеткенін айтып, ішкі істер бөлімдеріне 13 ақтөбелік ата-ана шағым түсірген екен. «Ата-анасына ескертпестен кетіп қалған оқушы қыздардың барлығы үйлеріне қайтарылды. Және бұл деректің оқушылар арасындағы жезөкшелікпен байланысы жоқ» дейді ақтөбелік полицейлер.

Жәбірленуші тараптардың өтініші бойынша аты-жөндері өзгертілді.
XS
SM
MD
LG