Accessibility links

Жалғыз телефонды Жайсаңбай ауылында сиыр қырылды


Өрістен қайтқан сиыр. (Көрнекі сурет).
Өрістен қайтқан сиыр. (Көрнекі сурет).
Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Жайсаңбай ауылында сиыр қырылған. Ауыл әкімі оны судың салқындығынан көреді. Тиісті мекеме сөзі әкімнің сынаққа алынған үлгі жайындағы дерегімен үйлеспеді.

«Ауыз су мәселесі мал-жанды әбден қажытты» дейді Ақтөбе облысындағы ең шалғай ауылдардың бірі Жайсаңбайдың аты-жөнін атамауды жөн көрген тұрғыны. Оның айтуынша, қара судың қаттығынан ала жаздай осы ауылдың малы қырылған.

КЕРЕҒАР ДЕРЕК

- Күн суытқанша Жайсаңбайда мүйізді ірі қараның қырылғаны рас, - деді Ақтөбеден 650 шақырым жердегі шағын ауыл Жайсаңбайдың әкімі Ғалымбек Байтақов.

Әкімнің сөзіне қарағанда, 20 сиыр бірінен соң бірі өлген.
Ауыл тұрғынының қорасындағы мал.
Ауыл тұрғынының қорасындағы мал.

- Мүйізді ірі қара қырыла бастағанда алғашында жұрт аңтарылып қалды. Кейін ақ адал малын арам қатырмай, бауыздап алғандар да болды, - деді ауыл әкімі.

Ғалымбек Байтақовтың сөзіне қарағанда, Жайсаңбайдың малы қырыла бастағанда облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары келіп, ауыл іргесіндегі жайылымның шөбі мен топырағын тексерген. Мал су ішетін ауыл құдықтарының суын да сынап көрген.

- Мал мен жанға қауіпті ештеңе табылған жоқ, - деді әкім.

Бірақ мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қадағалау комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы Мұрат Муасиков:

- Бізде Жайсаңбай ауылында малдың қырылғаны туралы ақпарат жоқ. Ешқандай сынама да алған емеспіз, - деді.

«СИЫР ТӨРТ-БЕС ШЕЛЕК СУ ІШЕДІ»

Ауыл әкімінің сөзіне қарағанда, Жайсаңбайдың халқы ауыз суды ауылдан бес шақырым жердегі құдықтан тасып ішіп отыр. Ал төрт түлікті тұрғындар өздері қазып алған құдықтың ащы суымен суарады екен. Мал жаппай қырыла бастағанда ауыл ақсақалдарымен кеңескен әкім сиыр шығынын қолдан қазылған құдық суының сапасынан емес, салқындығынан көреді.

- Биыл Ырғызда адам төзгісіз аптап болды. Ауыл іргесінен ағып жатқан Өзек өзені де кеуіп қалды. Жайылымда мал ішетін су жоқ. Өрістен қайтқан төрт түлік шөлдеп келіп, құдықтың мұздай суына бас қояды. Әсіресе сиыр малы – ашқарақ. Төрт-
Ауласынан құдық қазып жатқан тұрғын. Ақтөбе облысы.
Ауласынан құдық қазып жатқан тұрғын. Ақтөбе облысы.
бес шелекті бір-ақ ішетіндіктен салқын су жануардың екі өкпесін қысып тастайды. Мүйізді ірі қараның қырылу себебі - осы. Мұны маған осы ауылдың көнекөз тұрғындарының бірі Жолан Қарашбаев айтты. Тап осындай оқиға Жайсаңбайда 20 жыл бұрын да болған екен, - деді ауыл әкімі Ғалымбек Байтақов.

Оның айтуынша, былтыр желтоқсан айында Жайсаңбайдан 25 шақырым Атығай деген жерден ауыз су қоры табылған.

- Бірақ мен ауылға қашан су құбыры тартылатынын нақты білмеймін, - дейді ауыл әкімі.

Ауылда су құбырын айтпаған күннің өзінде телефон байланысының өзі мұң. Жайсаңбайда жалғыз телефон бар. Ол телефон әкімнің кабинетінде. Мектептегі телефон бұзылған. Ұялы телефон байланысы жоқ. Бұл туралы Азаттық тілшісіне ауыл әкімі Ғалымбек Байтақов айтты.

«ЖАЙСАҢБАЙҒА ЕКІ ЖЫЛСЫЗ СУ ҚҰБЫРЫ ТАРТЫЛМАЙДЫ»

Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы Ерлан Блиевтің сөзіне қарағанда, Жайсаңбайға кемінде екі жылсыз су құбыры тартылмайды. Өйткені құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамасы тек бір айдан соң ғана дайын болуы тиіс. Ал 2013 жылғы республика бюджеті бекітіліп қойды. Құны шамамен 300 миллион теңгедей болатын су құбырының құрылысы 2014 жылы бюджеттен қаржы бөлінген жағдайда ғана басталуы мүмкін.

Мектепке бара жатқан ауыл балалары. Ақтөбе облысы.
Мектепке бара жатқан ауыл балалары. Ақтөбе облысы.
Ерлан Блиевтің айтуынша, Ақтөбе облысында ауыз су зарын тартып отырған тек Ырғыздың Жайсаңбайы ғана емес. Облыстағы елді-мекендердің 83 пайызында орталықтандырылған ауыз су жүйесі жоқ.

- Бірақ ауыз суы жоқ бұл елді-мекендерде халық тығыз қоныстанбаған, - деп жұбатты Ерлан Блиев.

Оның сөзіне қарағанда, ауыл халқының 88 пайызы ауыз су құбыры бар ауылдарда тұрады.

Жайсаңбай - Ырғыз ауданының оңтүстік-шығыс бөлігінде, Қарағанды және Қызылорда облыстарына таяу орналасқан, Ырғыз және Торғай өзендерінің құйылысындағы 83 түтінді ауыл. Жергілікті жұрттың негізгі кәсібі - мал бағу.

Картадағы жасыл белгі Жайсаңбай ауылын көрсетіп тұр.


View Larger Map
XS
SM
MD
LG