Accessibility links

Малдан айырылған Үшбұлақ тұрғындары аш отырғандарын айтады


Үшбұлақ ауылы тұрғындары қорасына дезинфекция жасап жатқан сәті. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, 27 наурыз 2012 жыл.
Үшбұлақ ауылы тұрғындары қорасына дезинфекция жасап жатқан сәті. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, 27 наурыз 2012 жыл.

«Аусыл тиген малымыздың көзін жоймай тұрғанда өтемақыны 10 күннің ішінде қайтарып береміз деген еді – бір айдан асты, әлі жоқ» дейді Үшбұлақ аулының тұрғындары. Ал жергілікті билік өкілдері «өтемақының қашан берілетіні белгісіз» екенін айтты.

2012 жылы ақпан айының аяғында Алматы облысындағы Жамбыл ауданындағы Үшбұлақ ауылынан аусыл шығып, 1062 қой-ешкі мен 367 сиыр жойылған екен.

Үшбұлақ тұрғындары «малдан айырылғаннан бері қара нанды талғажау етіп, әрең отырмыз» дейді. Ауылда бастауыш мектепте сабақ беретін бес-алты мұғалімнен басқа жұмыс істейтін адам жоқ екен. Мұндағы ел осы уақытқа дейін қорадағы азын-аулақ малмен күн көріп келіпті.

Үшбұлақтықтар «Ауылға кіре берістегі жолға көлденең бөгет қойып, карантин жариялағалы сырттан бөтен мал түгілі адам да келмейді» дейді.

ИЕН ҚОРАҒА ИЕ БОЛҒАН ЕКІ ТАУЫҚ

Үшбұлақ ауылы Алматы облысындағы Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаштан 20 шақырым жерде. Қарақыстақ селолық округіне қарайтын бұл ауылда небәрі 50 шақты түтін бар. Бас-аяғы бір шақырым болатын жалғыз көшесі ғана бар ауылда жолыққан алғашқы азамат:

- Сол күнгі оқиғаны есіме түсірмеші, айналайын... Мал жайлы әңгіме қозғалса жылағым келеді. Ауылдың анау басындағы үйлерге дезинфекция жасап жатыр. Сонда барыңдаршы, - деп жөн сілтеді.
Үшбұлақ ауылының тұрғыны Ерікбай Бекбатыров. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, 27 наурыз 2012 жыл.
Үшбұлақ ауылының тұрғыны Ерікбай Бекбатыров. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, 27 наурыз 2012 жыл.

Өзін Үшбұлақ, Бұрған ауылдарының мал дәрігерімін деп таныстырған Әлихан Шоңбаев:

- Осының бәрі базардағы бақылаусыздықтың кесірі. Мына Ұзынағаш базарына жан-жақтан мал келеді. Қайдан келмей жатыр. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітедінің» кебін кигізіп, тұтас ауылдың малын бүлдірді, - деп күрсінді.

Азаттық тілшілері барған сәтте ауыл тұрғыны Ерікбай Бекбатыровтың қорасына дезинфекция жүргізіліп жатыр екен.

– Менен 14 сиыр мен 24 ұсақ мал кетті. Үйде екі балам бар. Тек осы малдың сүтіне ғана қарап отыр едік. Бір ай болды қара суға қақталып, қара нанды талғажау етіп отырғанымызға, – деді ол.

Ерікбайдың иен қалған қорасында қыт-қыттап екі тауық қана жүрді.

«10 КҮНДЕ ҚАЙТАРЫЛУЫ ТИІС ӨТЕМАҚЫ»

Ерікбайдың көршісі Бағлан Ысқақов қорасындағы 9 сиырынан түгел айырылыпты.

– Мен ұсақ мал ұстамаймын. Тек сиыр болатын. Ақпанның 27-сі күні менің малдарымды өлтіріп, өртеп жіберді. Малымның көзін жоймай тұрғанда «10 күн ішінде өтемақыны қайтарып береміз» деген болатын. Міне, тура бір ай болды, ешқандай ақшаны көрген жоқпыз. Әйтеуір ауыл әкімі аптасына бір келіп, «бергелі жатырмыз» деп көңілімізді аулап кетеді, – дейді Бағлан Ысқақов.
Үшбұлақ ауылының тұрғыны Ерікбай Бекбатыровтың иен қалған қорасы. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, 27 наурыз 2012 жыл.
Үшбұлақ ауылының тұрғыны Ерікбай Бекбатыровтың иен қалған қорасы. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, 27 наурыз 2012 жыл.

Мал дәрігері Әлихан Шоңбаев сөзге араласып:

– Осы аптаның аяғынан бастап ақша түсе бастайды. Әкімдер солай деп отыр, – деді.

Бағлан Ысқақовтың айтуынша, малмен ғана күн көріп отырған ауыл адамдары қайыр тілеуге шақ қалған.

– Осы ауылда тұрақты жұмыс істейтін ешкім жоқ - мектептегі бес-алты адамнан басқа. Бәріміз де малға қарап отырған едік. Қазір таныстардан қарыз алып күнелтіп отырмыз. Мен өзім жаңа ғана біреуден қарыз алып, азық-түлік алып келдім, - деді Бағлан Ысқақов.

– Тек сүттен айына 35-50 мың теңге кіріс кіретін. Оның арасында қыстай жемдеп отырған тайынша-торпақ пен қойларым бар еді. Бәрі де кетті. Ақша берді дегеннің өзінде қолдан өсірген малыңдай қайдан болсын, – деді Ерікбай сөзге араласып.

Мал дәрігері Әлихан Шоңбаевтың айтуынша, бұқа – 350 мың, сиыр – 220 мың, тайыншаны – 180 мың, бұзау – 80 мың, қой 20-50 мың теңгеге бағаланған.
Үшбұлақ ауылының тұрғыны Бағлан Ысқақов. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, 27 наурыз 2012 жыл.
Үшбұлақ ауылының тұрғыны Бағлан Ысқақов. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, 27 наурыз 2012 жыл.

– Мәселен, менің бір сиырымды өлтірген сәтте бұзауы түсіп қалды. Қалғандары да буаз болатын. Мен үкіметтің берген 220 мың теңгесіне бұзаулы сиыр ала алмаймын ғой, – дейді Бағлан ауыл тұрғындарының күдігін алға тартып.

Оның сөзін көршісі Ерікбай да қостап, өзінің 10 сиыры бұзаулауы керек болғанын айтты.

ӘКІМНІҢ ЖАУАБЫ

Азаттық тілшісіне өтемақы мәселесін білу үшін ауыл әкімі Бақыт Жапаровты іздеді.

– Ауылдың сыртындағы бөгет суға толып кетіп, әкім кешеден бері судың басында жүр, жауапты өзі береді, – деді өзін «бас маманмын» деп таныстырған әйел.

Азаттық тілшісі бас маман айтқан «судың басына» да барды. Бірақ әкім ол жерде болмай шықты.

Телефон арқылы екі мәрте хабарласқанымызда да әкім: «Жиналыста отырмын. Қолым босамайды» деп тұтқаны қоя салды.

«Тұрғындарға малдарының өтемақысы неге төленбей жатыр?» деген сұрақтың жауабын алғанша қыр соңынан қалмайтынымызды түсінгеннен кейін ғана:
Карантин бүгін алынды. Заң бойынша өтемақы карантин алынғаннан кейін төленеді. Қай уақытта беретінін тағы айта алмаймын.

– Өтемақының неге берілмей жатқанын сұрап, біз де ауыл шаруашылығы министрлігіне қайта-қайта қоңырау шалып жатырмыз. Құжаттарын жинап жібердік. Міне, айдан асып кетті. Карантин бүгін алынды. Заң бойынша карантин алынғаннан кейін барып төленеді. Қай уақытта беретінін тағы айта алмаймын, – деп жауап берді ауыл әкімі Бақыт Жапаров телефон арқылы.
XS
SM
MD
LG