Қазақ кәсіби театрының негізін қалаушылардың бірі, әріптестері «Қаллеки» деп атап кеткен актер Қалибек Қуанышбаевтың келіні Венера Қуанышбаева Алматыдағы Райымбек батыр көшесі бойындағы Орталық қорымға жерленген атасының қабірі маңын тазалап жүр.
– Жас кезімде атам бауырына тартып, маңдайымнан иіскеп, «Бұл менің келінім емес, балам!» дейтін. Сол сөзді ұмытпауға, ақтауға тиіспін. Мұнда күнде келетін себебім осыдан шығар. Бұл жер қараусыз жатпаса екен, – дейді 83 жастағы Венера Қуанышбаева.
Қалибек Қуанышбаевтың қабірі мен ескерткішінің алдындағы алаңқайдың топырағы шығып жатқанын көрсеткен ол кісі:
– Мына жерді қорым басшылығы «көміп, жауып береміз» деген еді. Сол үшін 30 мың теңге төлеуім керек екен, – деді.
«ПАНТЕОН ДЕГЕН ОСЫ ЕМЕС ПЕ?!»
Орталық қорымда жерленген адамдардың бірінің – жазушы Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Әуезов бұл жердің күтімсіз қалып бара жатқанын айтып қынжылады.
– Орталық зиратта кімнің қайда жерленгені белгіленген жол көрсеткіші жоқ. Пантеон ойлап табудың қажеті жоқ. Пантеон деген осы емес пе?! Мұнда нұсқау белгілері қойылып, жолдары ашық тұрса екен. Ағаш өсіп, шөп басып кетпесе екен, – дейді Мұрат Әуезов.
Ол «қайраткерлер жерленген бұл зиратты қаланың ескерткіштер картасына қосу керек» дей келе, Париждегі Пер-Лашез, Мәскеудегі Ваганьков пен Новодевичье зираттарында туристік қызмет көрсетілетінін мысал етті.
Азаттық тілшісіне Орталық қорымда жолыққан адамдардың бірі – жапониялық Тэцуро Йошиоко да Мұрат Әуезовтің айтқанын растай түсті. Ол кісі екінші дүниежүзілік соғыста совет әскері қолына түсіп, Қазақстанда қаза тапқан неміс және жапон тұтқындары жерленген зиратты таппай жүр екен. Зират жұмысшылары Йошиоконың ағылшын тіліндегі сұрақтарына жауап бере алмады.
«ҚАЙРАТКЕРЛЕР ҚАБІРІ – МЕМЛЕКЕТ ҚАРАУЫНДА»
Орталық қорымның арнайы картасы жоқ. 2013 жылы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шыққан «Алматы – туристік қала» («Туристический Алматы») жол көрсеткішінде Орталық қорым туралы ұсақ әріптермен «Зират» деп қана жазылған.
Мұндай ірі зиратта жол көрсететін арнайы белгілердің неге жоқтығы жайлы, қабірлердің күтімі туралы сауал жолдағанымызда, Алматы қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі «Салттық қызмет көрсететін арнаулы комбинат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен (ЖШС) мәлімет алу керегін хабарлады.
«Салттық қызмет көрсететін арнаулы комбинат» ЖШС-іне қарасты Орталық қорым меңгерушісі Сәдуақас Тоқсанбаевтың айтуынша, үш зиратты біріктірген, көлемі 90 гектар шамалас бұл қорымда ондаған мың адам жерленген.
– Қорымда жұмыс істейтін сегіз адам келген-кеткендерге жол нұсқап, жөн көрсетіп бере алады. Орталық зиратқа жерленген қайраткерлер қабірі – мемлекет қарауында. Зиялы қауым қабіріне жақсы көңіл бөліп, жақсы тазалап, қарап тұрамыз, – деді Орталық зират меңгерушісі.
Сәдуақас Тоқсанбаевтың сөзінше, Орталық зиратқа қазір туыстарының қабірінің қасынан ертеректе орын алып қойған адамдар ғана жерленеді. Кейде «Қалалық зират» деп те аталатын бұл жерде Мұхтар Әуезов, Әміре Қашаубаев, Қаныш Сәтбаев, Шәкен Айманов, Мұқан Төлебаев, Дина Нұрпейісова, Иса Байзақов, Тайыр Жароков, Саттар Ерубаев, Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов, Әмина Өмірзақова тәрізді әдебиет, театр және өнер қайраткерлері, Әліби Жанкелдин мен Жұмабай Шаяхметов тәрізді совет үкіметі тұлғалары жерленген.
Қазақстанда белгілі тұлғаларды бір қорымға жерлеп, арнайы пантеон ашу жобасы 2011 жылдан бері айтылып келеді. Бұл бастаманы көтерген – бұрынғы парламент депутаты Ирак Елекеев. Ол Қазақстан премьер-министрі мен Астана қаласы әкіміне сауал жолдап, ел астанасында «елдің дамуы мен мемлекеттілігіне зор үлес қосқан ұлттық қаһармандар» жататын ұлттық пантеон салуды ұсынған. Кейін Астана қаласынан 20 шақырым жердегі Қабанбай батыр ауылындағы Қабанбай батыр кесенесіне таяу маңнан пантеон салатын жер бөлініп, «KAZGOR жобалау академиясы» пантеон жобасына жарияланған конкурстің жеңімпазы атанды.