Accessibility links

Астана түбіндегі түрме наразылығы жайлы айтылды


Қазақстандағы түрме қоршауы. Көрнекі сурет
Қазақстандағы түрме қоршауы. Көрнекі сурет

Тұтқындардың туыстары Астана түбіндегі Аршалы кентіндегі айрықша режимдегі колонияда «4 адам ішін тіліп тастады» деп хабарлайды. Билік бұл ақпаратты жартылай растайды.

Астана қаласынан 50 шақырым жердегі Аршалы кентіндегі ЕЦ-166/5 түрмесіндегі өз денесін жарақаттау актісі туралы Азаттық тілшісіне өзін «тұтқындардың бірінің інісімін, есімім Қанат» деп таныстырған ер кісі айтты. Ол қудалаудан қорқып, аты-жөнін толық айтудан бас тартты. Қанаттың сөзінше, түрмедегі қатыгездікке шыдамай, қарсылық білдірген тұтқындардың төртеуі ішін тіліп тастаған.

"Тұтқындардың бірі шеге жұтып қойған. Мұны тұтқын туыстарымен ұзақ мерзімді кездесуге келіп, шығып жатқандар айтты. Ағамның да намысын таптап жатқанын білемін, уайымдап тұрмын" дейді Қанат Азаттық тілшісіне.

Кейінірек Қанат «мауысымның 9-ы күні тұтқындардың ондаған туысы жағдайды білмек болып колония алдына келді» деп хабарлады. Оларға "колониядағы жағдай тұрақты, 10 күнге карантин жарияланды" деп мәлімдеген. Осы уақыт ішінде тұтқындар туыстарымен кездесе алмайды, әрі оларға сәлемдеме де берілмейді.

Тұтқындардың туыстары Қазақстандағы адам құқығы бюросынан көмек сұраған. Бірақ бұл ұйымның Астана қаласындағы филиалының жетекшісі Анар Ибраеваның айтуынша, құқық қорғаушылардың колонияға барып, бұл ақпаратты тексеруге мүмкіндігі жоқ.

Тұтқындардың туыстары көмек сұраған азаматтық белсенді Болатбек Біләлов колонияға баруға жиналған, бірақ соңғы мезетте жоспарын өзгерткен.

"Маған телефон соғып, «бүкіл мәселені шешіп жатырмыз, тұтқындарды туыстарымен кездестіреміз, келмей-ақ қойыңыз» деп хабарлады" дейді Болатбек Біләлов.
ҚАПАСТАҒЫ ҚАЗАҚСТАН парақшамызды оқыңыз

Азаттық тілшісінің ресми сауалына ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) жолдаған жауабында Аршалы кентіндегі ЕЦ-166/5 түрмесінде екі тұтқын «денсаулыққа қаупі жоқ» жеңіл-желпі зақым келтірді деп жазған.

ҚАЖК жауабында: «Оларға медициналық көмек көрсетілді, қазіргі жағдайлары жақсы. Бұл оқиға түрмедегі заңмен тағайындалған тәртіппен келіспеу салдарынан шыққан. Сотталғандардың бірі басқа камераға ауысудан, ал екіншісі ҚР қылмыстық-атқару кодексінің 102-бабында көрсетілген мекемені абаттандыру мен мәдени-тұрмыстық жағдайын жақсарту жөніндегі жұмыстарды орындаудан бас тартқан» деп жазылған.

Хатта «жазасын өтеу тәртібін бұзған екеуі» заңға сәйкес тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны хабарланған.

Қазақстан колонияларындағы өзін жарақаттау актілері туралы «түрмеде заңсыздық көп, колония басшылығы тұтқындарды қорлап, кемсітеді, ұрып-соғады» деп мәлімдейтін тұтқындардың туыстары жиі хабарлайды. ҚАЖК колониялардағы наразылықты көбіне түрме әкімшілігінің тәртіп орнату мен «режимді» бұзуды тоқтатуға тырысу әрекеті деп сипаттайды.

Тұтқындарды азаптау және қатыгез әрекеттерге байланысты Қазақстан халықаралық ұйымдардың сынына жиі ұшырайды. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары «елдегі түрмелерде азаптаулар мен тұтқындардың ауыр жағдайы үйреншікті құбылысқа айналған» деп Қазақстан билігін сынайды.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG