Accessibility links

Аяқсыз бала Әли мен оның жаңа протезі


Әли Тұрғанбеков протезбен жүруді үйреніп жатыр. Стамбул. (Отбасылық мұрағаттағы сурет.)
Әли Тұрғанбеков протезбен жүруді үйреніп жатыр. Стамбул. (Отбасылық мұрағаттағы сурет.)

Бесінші сынып оқушысы Әли Тұрғанбеков үшін "мектепке бару" деген сөз ерекше мәнге ие. Аяқсыз туған бала жаңа оқу жылы қарсаңында жаңа протез алды. Бірегей әрі қымбат тұратын протезді түрік дәрігерлері жасаған.

Әли туған кезде ата-анасын одан бас тартуға дәрігерлер де, туыстары да үгіттеген. Алайда ата-анасы баланың қалыпты өмір сүруі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға бел буған. Ол ауыр міндет болғанын анасы Ақмарал Әміреева жасырмайды.

Оның айтуынша, қазақстандық қоғам басқалардан ерекшеленетін баланы қабылдамайды. Білікті мамандармен кеңесіп, баласын кәдімгі мектепте оқыту үшін Әлидің ата-анасы Талдықорғаннан Астанаға көшкен. Дәрігерлер баланың дені сау екенін, оны емдеу қажеттігі жоғын айтып, ол тек арбаға үйренсін деп кеңес берген.

Әли Тұрғанбеков қарындасымен бірге. (Отбасылық мұрағаттағы сурет.)
Әли Тұрғанбеков қарындасымен бірге. (Отбасылық мұрағаттағы сурет.)

Әли қанша тырысса да, ата-анасының көмегінсіз аулаға да шыға алмайды. Үйлер, дүкендер мен мектептердің көбінде арбалы адамға қолайлы пандус жоқ, жаяуға арналған жолдың өзі арбамен жүруге ыңғайлы емес.

АРМАНЫ ОРЫНДАЛҒАН БАЛА

Әли өзге балалар тәрізді жүруді, сыныптастарымен бірге сапқа тұрып, мектеп шалбарын киюді әрдайым армандайды. Ол үшін протез қажет, ал оны бала өскен сайын ауыстырып отыру керек.

– Германиялық емханаға хабарластық, олар 52 мың еуроға жасаймыз деді, ол тым көп ақша еді, жинай алмадық. Үміт үзе бастағанда бір түрік компаниясы ұсыныс жасады. Сол германиялық заттардан Әлиге 33 мың долларға протез жасап беруге келісті, - дейді Әлидің анасы Ақмарал.

Австралиялық Ник Вуйчич аяқ-қолсыз дүниеге келген.
Австралиялық Ник Вуйчич аяқ-қолсыз дүниеге келген.

Әлидің жаңа протезіне қазақстандықтар ақша жинап, көмектескен. Бұған дейін Әлидің басқа арманы орындалды. Өткен жылы ол Астанада халықаралық шараға қонақ ретінде келген кумирі Ник Вуйчичпен кездесті, ал биыл футболда аты аңызға айналған – Диего Марадонамен жүздесті.

– Ірі компаниялар мен қайырымдылық қорларының көбі бас тартты. Бірақ біз үміт үзбедік, себебі, австралиялық Ник Вуйчич Әлидің арманын орындады, аргентиналық Диего Марадона баламыздың арманын орындап, онымен футбол ойнады; ал біз жүрсем деген арманын орындай алмаймыз ба? Қазақстандықтар мен шетелдік қайырымдылық компанияларына өтініш білдірдік. Нәтижесінде, Қазақстаннан немқұрайлы емес адамдар шықты, - дейді Ақмарал.

Әли (ортада) бауыры Әмір және сыныптасымен бірге. (Отбасылық мұрағаттағы сурет.)
Әли (ортада) бауыры Әмір және сыныптасымен бірге. (Отбасылық мұрағаттағы сурет.)

Оның айтуынша, қажетті қаржының қомақты бөлігін "Асыл бала" қорына танымал жоғары лауазымды тұлға құйған. Астана әкімдігі де 4 мың доллар бөлген.

ӘЛИ МЕКТЕПКЕ БАРАДЫ

Әли мен оның бауыры Әмірді қаланың танымал әрі қымбат мектептерінің бірі тегін оқытуға келіскен.

– Әли протезбен жүруге қатты тырысады, оған оңай емес, себебі оң аяғында қалдық жоқ, - дейді анасы. – Бірақ оның қолынан бәрі келеді.


Ақмаралдың айтуынша, Әли жаңа протезді алдағы 3-4 жылда қолданады, бірақ оны қайтадан ауыстыру қажет болады. Баласы қайтадан арбаға отырып қалмас үшін қазірден ақша жинау керек. Әкесінің тапқан табысының көп бөлігі пәтерақыға кетеді. Отбасындағы төрт баланың үлкені Айдана – 15 жаста, одан соң 10 жастағы Әли бар, інісі Әмір тоғызда, ал кішкентай Әмина бір жас сегіз айға толған.

– Мүгедек бала тәрбиелеп отырған көп балалы отбасымыз, жалдамалы пәтерде тұрамыз, тек біреуіміз ғана жұмыс істейміз. Бірақ үнемі жақсы ой-пікірде болуға тырысамыз. Әли: "Мама, көп болғанымыз қандай жақсы. Жалғыз қалудан қорқамын" дейді. Бәрі тату, бір-біріне көмектеседі. Балалар қуанып, өздерін бақытты сезінсе, біз де қуаныштымыз. Қиындықтарды жеңіп келеміз. Тек тұрғын үй мәселесі шешілсе ғой, - дейді Ақмарал.

Ресми деректер бойынша, Астанада мүмкіндігі шектеулі 2866 бала бар, олардың 283-і арбаға таңылған, 1597-сі – мектеп жасындағы балалар.

  • 16x9 Image

    Гүлбану ӘБЕНОВА

    Гүлбану Әбенова - 2008 жылдың тамызына бері Азаттық радиосы сайтының авторларының бірі. Мәскеу гуманитарлық университетінің тарих факультетін тәмамдаған, Ұлттық өнер академиясында театр сыншысы оқуын бітірген, Евразия ұлттық университетінің магистратурасын «Әлеуметтану» мамандығы бойынша аяқтаған. «Экспресс К» газетімен, басқа да қазақстандық басылымдармен әріптес болған. 1999 жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG