Accessibility links

Астананы салған адам өз пәтерін армандайды


Астаналық құрылысшы Малика Искакова. Отбасы мұрағатындағы сурет.
Астаналық құрылысшы Малика Искакова. Отбасы мұрағатындағы сурет.

Астанада үкімет ғимараттары мен элиталық үйлердің құрылысында ауыр жұмыста істеген, пәтер жалдап кісі есігінде күнелтуден шаршаған келіншек өз баспанам болса деп армандайды.

Талдырмаш келген Малика Искакова 20 жасынан бері Астанадағы бірсыпыра нысандарының құрылысында жұмыс істеген. Кезінде "Министрлер үйі", "Нұржол" бульвары, тұрғын үй кешендері құрылысын салған, ЕХРО көрмесі территориясындағы "Ехро 2017 сферасы" павильоны платформасын төсеген. Өзі құрылысына қатысқан қаладан әзірше бір баспана бұйырмаған Малика 13 жылдан бері Астанада "квартирант" болып тұрып жатыр.

ҚИЯНДАҒЫ АУЫЛДАН АСТАНАҒА КЕЛГЕН ҚЫЗ

Қостанайдың индустриалды-педагогикалық колледжінде бір жыл оқығаннан кейін Малика Искакова академиялық демалыс алып, үйіне – Қостанай облысындағы Қойбағар станциясына оралған. Анасы қызының оқуына төлейтін 32 мың теңге таба алмағандықтан оқу қол үзуге тура келген. Қияндағы ауылда жұмыс жоқ, отбасының жағдайы ауыр еді: үлкен ағасы мотоциклмен жол апатына ұшырап, балдақпен жүретін, ал інісі әлі мектепте оқитын. Мерт болған тағы бір ағасының екі баласы да анасының мойнында.

Станциядан жұмыс таба алмаған Малика Астанада вахталық жұмыс істейтін көршісінен жұмысшы жинап жатыр дегенді естіп, сонда баруды ұйғарған. Ол Астанаға 2005 жылғы сәуірде келген.

- Екі мың теңгеге поезға билет сатып алдым. Вокзалда 21-автобусқа отырып, "Бәйтерек" деген аялдамадан түстім, мен жұмысқа тұрған құрылыс сол жерде болатын. Қазір бұл – жұрттың бәрі білетін "Министрлер үйі". Ал ол кезде айналасының бәрінде құрылыс жүріп жатқан, жай ғана "объект" деп аталатын. Автобустан түсе сала "Бәйтерек" жаққа барып, оны айналдыра көріп шықтым. Теледидардан үнемі көрсететін "Эйфель мұнарамыздың" қандай екенін көргім келді, - дейді Малика.

Астанадағы құрылыс қызып жатқан кез. 20 жастағы бойжеткен вахталық әдіспен бір ай жұмыс істеп, бір ай демалыста болатын жұмысқа кіріскен. Айтуынша, құрылыс жүріп жатқан жердегі батпақ-шалшықты резеңке етікпен кешіп жүрген адамдарды алғаш көргенде шошып кетіпті. Киімдері сал-сөкпе су, үсті-бастары балшық, бір-біріне айқайлап сөйлеген адамдар арасында жаңадан жұмысқа тұрғандар да көп. Арасында бригадирдің "Дұрыс қаламай жатсың, олай дұрыс емес" деген айқайы естіледі.

- "Құдайым-ау, мына жұмыста бір ай қалай шыдаймын, құлап қалмасам игі еді" деп ойладым. Ал темір арматураны таси бастағанда, ауырлығы соншалық, белім үзіліп кете жаздады. Оның үстіне, өзі 12-ші немесе 16-нөмірлі арматура да емес, өйткені министрлер үйін салғанда 25-ші, 32-нөмірлі, яғни жуан арматураны пайдаланды. Біреуінің ұзындығы 11 метр болады. Үш әйел соны тасыдық. Діңкелеп шаршағаным соншалық, кешке қарай аяғымды әзер басып, құлап қалуға шақ қалдым. Бірақ жұмыстан кейін жатақханаға барып, әлім құрып тұрса да бәрібір душқа түстім. Бұған қоса, ыстық су да жоқ екен, суық сумен жуынуға тура келген, - деп еске алады Малика.

Жас қыз жұмыстың ауырлығына да, тұрмыстың жайсыздығына да үнсіз шыдаған.

Алғашқы жалақысы - 45 мың теңге мен оған іссапар шығынына деп қосып берген 15 мың теңге оған қыруар ақша болып көрінген. Бірден базарға жүгіріп, үстіне түрлі киімдер қарай бастаған. Әлгі ақшаға жасанды теріден тігілген ақ тон, анасына, бауырларына көп сыйлықтар, қант-кәмпит сатып алған бойжеткен кешкісін поезға отырып Қостанайға тартқан. Үйдегілерге бір айда көрген қиындықтарына шағымданбай, "жұмысым жақсы, жатақханада тұрып жатырмын" деп қана айтқан.

Арматурашы Малика Искакова құрылыс басында. Отбасы мұрағатындағы сурет
Арматурашы Малика Искакова құрылыс басында. Отбасы мұрағатындағы сурет

Үйде екі апта тыныққан соң Малика Астанадағы құрылысқа кетуге қайта жиналған. "Осы айда барып, біраз ақша тауып алсам болды, сосын бітті, қайта бармаймын" деп іштей өз-өзін жұбатқан. Бірақ кезекті демалыстан кейін Астанаға жұмысқа қайта аттанған.

- Бір-бір жарым жылдай осылай барып-келіп жүрдім. Вахтаға кетемін, вахтадан келемін. Барған сайын жұмысқа төселіп, арматурашы мамандығының қыр-сырын үйреніп алдым. Үйде азық-түлік молайғанын көріп шешемнің жүзіне күлкі үйіріле бастады, ағамның жарақаты жазылып, балдағын тастады. Ал ауылда еш жұмыс жоқ еді, - деп еске алады Малика Искакова.

"ҚАМЫТШЫ" МАРАТ

Малика болашақ күйеуі Марат Өтеевпен жұмыста жүріп танысқан. Ол да 2003 жылы Астанаға жұмыс іздеп барған жігіт екен. Бұған қоса, ол да Қостанай облысынан, Меңдіқара ауданынан екен. Марат "қамытшы" болып, яғни арматураларды байлайтын темір сақиналар жасайтын цехта жұмыс істеген. Ол кезде темір қамыттарды қолдан жасаған, сондықтан арматурашылар қамыт алу үшін цехқа жиі баратын. Малика жігіттен: "Есімің кім, қай жақтансың?" деп сұрап, бірінші болып өзі сөзге тартыпты. Екеуі жерлес болып шыққаннан кейін жақын араласа бастаған. Екі аптадан кейін вахта мерзімі біткен кезде Марат оны Боровой кентіндегі үйіне қонаққа шақырған.

- Басқа кезде болса, мұнысын ерсі көріп, бетін қайтарып тастар едім. Бірақ Меңдіқараны көріп, Мараттың туыстарымен танысқым келді. Оның ауылы Қостанайдан ары 80 километр жерде екен. Жолдың ұзақтығына шыдамай қайдан келісе қойып едім деп өкіне бастадым. Тынымсыз жүріп келеміз, бірақ шексіз орман да, жол да бітпей қойды. Қаншама ауылдан өттік, ал Боровой көрінетін емес. Бірақ орман-тоғайына қатты қызықтым, өйткені өзім туып-өскен Құсмұрында, Қойбағарда мүлде орман жоқ қой. Анам телефон соққан кезде Мараттың үйінде болатынмын. Жігіттің үйіне қонаққа барғанымды естігенде ол: "Ойбай, ағайын-туыстарға, көрші-қолаңға не бетімді айтам? Құда жіберіп алдымнан өтсін" деп байбалам салды. Тұрмысқа шығайын деген ойымда да жоқ болғандықтан, өзім сасып қалдым, - деп еске алады Малика.

Біраздан кейін құдалар барып, қыздың шешесінің алдынан өткеннен кейін көп ұзамай Малика тұрмысқа шыққан. Өз айтуынша, 13 жылдан бері күйеуі екеуі "тату-тәтті өмір сүріп жатыр".

"КВАРТИРАНТ БОЛУДАН ШАРШАДЫМ"

Астанада жас жұбайлардың әбден күйісі кеткен. Жұмыс беруші еңбек шартына қол қоймай, құрылысшыларды алдап, ақша төлемей қойған жағдайларды да басынан өткерген. Малика даяшы да, бармен де болып жұмыс істеп, Марат мыс жинап, металл өткізіп күн көрген кездер болған. Малика бір жылы мердігер мекеме еңбекақыны төлемей, алты ай ақша алмағанын да еске алады. Отбасының ішерге асы болмай қиналып қалған күндері де аз болмаған. "Марат құлқын сәріден нәр татпаса да "тойдым" деп тәрелкесін менің алдыма қарай жылжытатын" деп еске алады Малика. Бір күні екеуі жолдан қара әмиян тауып алыпты. Ішінде бес мың теңге бар екен. Малика оны өздеріне Алланың рақымы ретінде қабылдағанын, алты ай ақшадан тарыққан екеуі сол күні бірінші рет тоя тамақ жегендерін айтады.

Астананың шетіндегі ескі үйдің алдында тұрған әйел. Арғы жағында алыста тұрған - Ақорда. (Көрнекі сурет)
Астананың шетіндегі ескі үйдің алдында тұрған әйел. Арғы жағында алыста тұрған - Ақорда. (Көрнекі сурет)

Бір күні олар жалға алып тұрып жатқан үйдің қожайыны "ақшаны уақытында төлемедіңдер" деп қуып шыққан соң екеуі бірер күн құрылыс басында – жұмысшылар киім ауыстыратын аядай бөлмеде түнеген. Кейін Көкталға – өздері де "времянканы" жалға алып тұрып жатқан туыстарына барған. Ол жақта бір бөлмені 18 мың теңгеге жалға алған. Әлгі ауданда "времянка" жалдап жеті жыл тұрған. Пеш жағып, суды колонкадан тасыған.

- Бір күні қызым балабақшадан "балалар үстіңнен сасық иіс шығады деп менімен ойнағысы келмейді" деп келді. Тәрбиешісіне қоңырау соғып едім, "Шынымен, балаңыздың киімдері көк сасиды. Үстінен сасық иіс шығады. Шкафын ашса болды, көгерген иіс мүңкіп кетеді" деді. Әлгі жерде не дерімді білмей, жылап жібердім. Тығырыққа тірелгеннен бе, әлде реніштен бе, білмеймін. Бала көтере алмай жеті жыл жүрдім, дәрігерлер ешқашан балаң болмайды деп айтқан. Әбден торықсам да, құдайдан бала сұрап жалбарына беретінмін. Жалбарынып сұрап алған перзентімді "сасықсың" деп өзге балалар жолатпай, балабақшаның бір бұрышында жападан-жалғыз отырғаны қандай қиын, - дейді Малика Искакова.

Малика Искакова қызымен бірге. Отбасы мұрағатындағы сурет
Малика Искакова қызымен бірге. Отбасы мұрағатындағы сурет

Әлгі оқиғадан кейін отбасы өзге жаққа көшуді ұйғарған. Әлгі ауданнан ақысы сәл қымбат болғанымен, орталық жылу жүйесіне қосылған бір бөлме тапқан.

Арматурашы Малика Искакова өмірінің 13 жылын құрылысқа бергенімен, отбасы үшін ең үлкен проблема – баспана мәселесін шеше алмай келе жатқанын айтады. Ол "пәтерден пәтерге көшу тауқыметінен құтылсақ, қызым да мектеп, мұғалімдерді, сыныптастарын үздіксіз ауыстыра бермес еді" дейді.

- Астаналықтардың ең жаман қасиеті – бұл жақта квартиранттарды жек көреді, менсінбейді. Оларды адам қатарына қоспайды. Пәтер ақшасын төлеуге барған кезде қожайынның үйінің қоңырауын басамын. Кейде есікті баласы ашады. Ал жақтан "Ол кім келген?" деп сұрайды. Сол кезде баласы "Ой, ешкім емес, квартиранттар ғой" деп жауап береді. Сонда бізді адам ғұрлы көрмей тұрғаны ғой, түсінесіз бе? Әлгі сөзді естігенде қатты ренжимін. Үйінде тегін тұрып жатқан жоқпын, пәтер ақысын уақытында төлеп тұрамын. Жалға алатын пәтерлер көшіп кірген кезде адам көргісіз болады. Жүгіріп барып әк, бояу сатып әкеліп, өзім әктеп, жөндеп аламын. Ал "бір банка эмульсияны мен сатып әперейін" дегенді ешбір қожайын айтып көрмепті, - дейді Малика.

ОРЫНДАЛАТЫНДАЙ КӨРІНГЕН АРМАН

2007 жылы Малика мен күйеуі "Альянсстройинвест" компаниясына ресми түрде жұмысқа тұрған. Отбасының өз пәтеріміз болады деген армандары енді орындалатындай көрінген. Өзге жұмысшылар "үлескер болып кірсеңдер, компания жеңілдікпен пәтер береді" деп кеңес берген. Бастапқы жарнаны жалақыларынан ұстап отырған. Баспанаға мұқтаж жандар тізіміне Малика да жазылған. Ол бірінші қабаттағы әрі ең арзан бір бөлмелі пәтерді таңдаған. Компания алты ай бойы оның жалақысынан 50 мыңнан сәл көбірек ақша ұстап отырған.

- Жұрт ашқұрсақ отырса да, пәтерлерінің құнын тезірек төлеп бітіргісі келіп, жалақыларының 90 пайызын құйып отырды. Кейде бізді ол жаққа бірдеңені жөндеңдер немесе терезелерін жуыңдар деп жіберетін. Сол кезде әлгі үйлерге қуана-қуана барып, өзіміз тұратын үй ғой деп ойлап жанымызды салып жұмыс істейтінбіз. Тезірек бітіріп, пәтерімізді алсақ қой деп армандайтынбыз. Үлкен үмітпен күткен едік, - дейді Малика Азаттық тілшісіне.

Малика Искакова жұбайы және қызымен бірге
Малика Искакова жұбайы және қызымен бірге

Бірақ "Альянсстройинвес"компаниясын банкрот деп жариялап, бас директоры үлескерлердің ақшасын жымқырды деген айыппен істі болып, үлескерлер пәтерсіз қалған. Малика пәтер берсін немесе құйған ақшамды қайтарсын деп екі жыл бойы соттасқан. Бірақ компания өкілдері сотқа мүлде қатыспаған: үлескер ісін қараған алты сот отырысы өткен, бірақ компания өкілдері бір де отырысқа келмеген. Ал судьялар оларсыз істі қарамай қойған. Малика ақшасын қайтарып алу үшін екі жыл бойы "Альянсстройинвест" компаниясының кеңсесіне апта сайын барып жүрген. Бірақ компания өкілдері ақша жоқ деуден танбаған. Ақыры Малика көрген қиындықтарын түгел жазып, "Нұр Отан" партиясы көмегіне жүгінген.

- Көп ұзамай ол жақтан "қағаз толтырыңыз, картаңыздың нөмірін жазып жіберіңіз" деп хабарласты. Біраздан кейін маған қарыз құрылыс компаниясынан картама ақша түсті. Ақшамды қайтарып алуға "Нұр Отан" септесті. Қайырылмай қоймай, көмектесті. Сол үшін оларға қатты ризамын, - дейді Малика.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ипотеканы арзандатуға қатысты жуырдағы бастамасы жайлы Малика де естіген. Тіпті ипотеканың қанша болатынын шамалап есептеп те қойған. Оның есебінше, Астананың шетінен екі бөлмелі пәтер сатып алу үшін бастапқы жарнаны төлеуге оған екі миллион теңгеден кем емес ақша керек болады екен. Маликаның мұнша ақшасы жоқ. Ал бастапқы жарнаны құюға қажет ақшаны несиеге алып, оған қоса ипотеканы төлеп тұруға Малика мен Мараттың шамасы жетпейді.

"ҚҰРЫЛЫСТА АДАМ ДЕНСАУЛЫҒЫНАН АЙЫРЫЛАДЫ"

Маликаның айтуынша, адамдар құрылыста ұзақ жұмыс істемейді. Бригадалардың бұрынғы құрамынан бірен-саран адам ғана қалған. Өйткені құрылыста жұмыс істеген адам денсаулығынан айырылады дейді ол өз тәжірибесіне сүйеніп.

- Үнемі ауыр зат тасисың. Арматура тасығанда белімізді жаза алмай қаламыз. Босанғаннан кейін жұмысқа қайта кіргенде бұрынғыдай денсаулығым жоғын байқадым. Қатты шаршайтынмын, түске дейін әрең жұмыс істеп жүрдім. Қазір барлық буыным сырқырап ауырады, аяқ-қолым қақсайды. Шіркін, зейнетке шығып, теңізге барып демаламын деп отыратын күн туса ғой деп армандаймын. Балам небәрі алты жаста, бірақ өзімді кәрі кемпірдей сезінемін, ауырмайтын жерім жоқ. Ал зейнетке шыққанша өмір сүріп, баламды аяғынан тұрғызым келеді, - дейді келіншек.

Қазір Малика үлкен құрылыс компаниясында жұмыс істейді әрі политехникалық колледжде оқиды. Оны жуырда бітіріп, "Ғимараттар мен құрылыстар салу және пайдалану" мамандығы бойынша "техник-құрылысшы" дипломына ие болмақ.

Баспанаға мұқтаж Малика Искакова пәтерден бөлек, ұлды болуды да армандайды. Бірақ әуелі баспаналы болып алмай, декретте отырып қалса, отбасының бюджетіне қиын тиеді. Әйткенмен Малика ештеңге қарамастан өзін бақытты жан санайды.

  • 16x9 Image

    Гүлбану ӘБЕНОВА

    Гүлбану Әбенова - 2008 жылдың тамызына бері Азаттық радиосы сайтының авторларының бірі. Мәскеу гуманитарлық университетінің тарих факультетін тәмамдаған, Ұлттық өнер академиясында театр сыншысы оқуын бітірген, Евразия ұлттық университетінің магистратурасын «Әлеуметтану» мамандығы бойынша аяқтаған. «Экспресс К» газетімен, басқа да қазақстандық басылымдармен әріптес болған. 1999 жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

XS
SM
MD
LG