ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАБАЙЫ ЖОЛБАРЫСТАР
Ұлыбританиялық Guardian газеті "Қазақстан 70 жыл бұрын құрып кеткен жолбарыс популяциясын қалпына келтіруді жоспарлайды" деген мақаласында дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) мен Қазақстан үкіметінің жолбарысты қайта жерсіндіру бағдарламасын бастау жайлы жобасына қатысты комментарий жазған.
Ертеректе Азаттық жазған әлгі жобаға сәйкес, Балқаш көлінің оңтүстік жағалауында резервуат құру жоспарланған, ол үшін сол жердің орман-тоғайын алдын ала қалпына келтіру қажет. Жолбарысты қайта жерсіндіру бағдарламасын іске асыру туралы WWF қоры мен Қазақстан үкіметі арасындағы келісімге ауыл шаруашылығы министрлігі басшысы Асқар Мырзахметов пен WWF қорының бас директоры Марко Ламбертини қыркүйектің 8-і күні қол қойды деп хабарлайды ТАСС.
"Егер жоба сәтті шықса, Қазақстан жарты ғасырдай бұрын жолбарыс тұқымы құрып кеткен аймаққа жабайы жолбарысты қайтадан жерсіндірген әлемдегі алғашқы елге айналады. Жолбарыстарды жерсіндіруге қатысты алдыңғы жобалар жолбарыстардың қазір тіршілік ететін ортасында ғана, мысалы табиғи бақтар мен Үндістанда ғана қарастырылған болатын" деп жазады Guardian.
Кезіндегі құжаттарға қарағанда, Қазақстанды мекен еткен жолбарыс тұқымының соңғы тұяғын 1947 жылы Қарауылқұм ауданында әлдебір аңшы өлтірген. Guardian газетінің дерегінше, жолбарыстарды Азияның өзге аймақтарынан Қазақстанға 2025 жылы әкеле бастауы мүмкін, ал оған дейін олардың мекеніне айналатын жердің "ландшафтын дайындап, олар қоректенетін жабайы жануарларды жерсіндіру" қажет.
Британдық газеттің хабарлауынша, WWF қорының Ресей өкілдігінің директоры Игорь Честиннің айтуынша, Қазақстан мен ресейлік табиғатты қорғау сарапшыларының арасындағы талай жылғы тығыз ынтымақтастықтың арқасында Қазақстанда жолбарыс популяциясын қалпына келтіру үшін Іле өзенінің сағасы мен Балқаш көлінің оңтүстік жағалауы ең жайлы территория деген тоқтамға келген. Мақалада Қазақстан ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов пен WWF қорының Орталық Азия бағдарламаының директоры Екатерина Воробьеваның әлгі жобаға үміт артқан пікірлерін де келтірген. Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, ведомствоның мемлекеттік "Іле-Балқаш" табиғи резерватын құру жайлы бастамасын биыл жазда республикалық бюджет комиссиясы да құптаған.
Жолбарысты қайта жерсіндіру жобасын бастау туралы келісімге қол қою рәсімі Астанада қыркүйектің 10-ы күні жабылатын, бірақ Батыс баспасөзінде әлі талқыланып жатқан ЕХРО-2017 көрмесінің Нидерланд корольдігі павильонында өтті.
ӨЗГЕРІСТЕР ДӘНЕГІ
Швейцариялық Swissinfo.ch сайты жариялаған "Астанадағы энергияны сезіну" деген мақаласында тілші Зено Зокаттелли ЕХРО-2017 көрмесіне барған сапарынан алған әсерлерін сипаттаған. Қонақтар Астана әуежайынан қалаға кіргеннен бастап "қияндағы галактикаға тап болдық деп ойлап қалуы мүмкін", сондықтан Қазақстанның ұлттық павильонын "Жұлдызды соғыстар" фильміндегі зұлымдық империясының ғарыштық станциясы тәрізді "Ажал жұлдызы" деп неліктен […атағанын] түсіну қиын емес. Шын мәнінде, "павильондардың әсерлі ғимараттары президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 1998 жылы мемлекет астанасына айналған футуристік қаланың қалған бөлігіне үйлеседі әрі көрмені өткізу орны сияқты барлық жағынан жаңа әрі жасанды көрінеді" деп жазады тілші.
Мақалада Астананың ұлғайып келе жатқаны, жан-жағында қызу құрылыс жүріп жатқаны айтылған, бірақ "абыр-сабыр құрылыстың бәрі жергілікті халықтың әлдебір нақты мұқтаждығын өтемейтін тәрізді. Әйтеуір, менің көргенім – көше, саябақтарда жүрген адам қарасы аз, түн мезгілінде үйлердің көбінің терезесінен жарық көрінбейді. 830 мың адам тұратын Астана бір кездері шақ болар деген үмітпен бірнеше өлшемге үлкен киім кигізіп қойған бала тәрізді көрінеді" деп жазады Зено Зокаттелли.
"Қайшылықтар жәрмеңкесі" деген бөлімде швейцариялық тілші "Болашақ энергиясы" тақырыбын швейцариялықтар "қайта қалпына келетін энергия" деп түсінеді деп жазады. "Бірақ кейбіреулер олай деп ойламайтынын ЕХРО-2017 көрмесіне барған сапар анық көрсетті" деп жазып, жүзетін атом станциясы мен Арктикада мұнай мен газ өндірудің тиімді тәсілерін көрсеткен ресейлік павильон мен мұнай алыбы - Shell компаниясының павильонын мысалға келтірген.
Астанадағы ЕХРО көрмесін "Планетаны қоректендіру" тақырыбы бойынша 2015 жылы Миланда өткен алдыңғы көрмемен салыстырған Зено Зокаттеллидің жазуынша, "көрмеге қатысқан елдердің көбі бұл жолы [Болашақ энергиясы] тақырыбына барынша салмақты қарағанын ЕХРО-2017 көрмесін тездетіп аралап шыққанда көзім жетті" деп жазған.
"Миландағы тәрізді ЕХРО-2017 де қайшылыққа толы үлкен жәрмеңке болып қалады, ал ондай қайшылықтардың алғашқысы – энергияны үнемдеу жайлы айту үшін электр қуаты сияқты қыруар ресурстарды пайдалану. Көптеген сыншылардың пікірінше, мұндай сипаттағы шара - қосымша құны да, пайдасы да жоқ шығын» делінген мақалада.
Бірақ, швейцариялық тілші ЕХРО-ның көрмеден тыс тиімділігін жоққа шығаруға болмайды деп мойындайды. Швейцария және өзге көптеген елдер жұмысқа қабылдаған қазақстандық жастар үшін мұндай халықаралық ортада жұмыс істеу - құнды әрі сирек сәті түсетін тәжірибе болмақ. Сондықтан келушілердің алдында көрме эмблемалары билеп жатқанда, делегациялар толып жатқан ресми және бейресми кездесулер өткізеді. "Көрмедегі осы шаруалардың бәрі ұйымдастырушы елге өзгерістер дәнегін себуі мүмкін" деп жазады Swissinfo.ch басылымы.