Accessibility links

Ақыл-есі кем балалар интернатында дау шықты


Облыстық ақыл-есі кем балаларға арналған интернат тәрбиешісі Қарлыға Елденова балалармен бірге тұр. Атырау, 4 қазан 2012 жыл
Облыстық ақыл-есі кем балаларға арналған интернат тәрбиешісі Қарлыға Елденова балалармен бірге тұр. Атырау, 4 қазан 2012 жыл
Мұғалімдер күнінің қарсаңында Атырау облыстық ақыл-ойы кем дамыған балаларға арналған интернат үйінің қызметкерлері екі күннен бері жұмысқа шықпай отыр.

Мұғалімдердің кәсіби мерекесі күні интернат қызметкерлері облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына кейбір әріптестерін алғыс хатпен марапаттауды сұраған. Өздерінің айтуынша, басқарма оларға мұғалімдер санатына жатпайтыны туралы ақпарат беріп бас тартқан.

АНЫҚТАЛМАҒАН МӘРТЕБЕ

Интернат ұжымының кәсіподақ жетекшісі Алмагүл Жалжанқызының айтуынша, мұғалімдер күні мерекесінің (биыл қазанның 7-іне дәл келеді) қарсаңында оншақты қызметкерді алғыс хатпен маратпаттауды сұрап жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына ұсыныс түсірген. Алайда 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан ұжым мүшелерін ұстаздар күнімен құттықтаудан бас тартқан басқарма олардың мұғалімдік мәртебесі анықталмағандықтан марапатқа ұсыну мүмкіндігі жоқтығын хабарлаған.
Атырау облыстық ақыл-есі кем дамыған балаларға арналған интернаттың қызметкерлері наразылық танытып отыр. Атырау, 4 қазан 2012 жыл
Атырау облыстық ақыл-есі кем дамыған балаларға арналған интернаттың қызметкерлері наразылық танытып отыр. Атырау, 4 қазан 2012 жыл

- Екі жыл болды мұғалімдік статусымызды қайтарып беруді сұрап шағымданып келеміз. Мұндағы тәжірибелі ұстаздар ақыл-ойы дамымаған балалармен жұмыс жасап келеді. Ал түптеп келгенде олардың жұмысын басқа кез-келген мұғалім жасай алмас еді, - дейді ол.

Азаттық тілшісімен хабарласқан интернаттың дефектолог-маманы Гүлбану Жалекенова мұғалімдер күніне орай балалармен бірге көптен еңбектеніп, алдын-ала дайындаған мәдени шара өткізіп жатқандарын хабарлады.

- Бірақ біз ұстаздармыз ғой. Балалар бұл күнді асыға күтті. Өз еңбегімізді, ұстаздық емес деп немесе арланатын жұмыс деп санамаймыз. Әліміз келгенше ол балалардың қоғамның бір бөлшегі ретінде сезінуіне ықпал етуге тырысып келеміз. Сол үшін жүйкеміз де, денсаулығымыз да кетіп жатқанын ешкім ескермейді, - деді ол.
Алмагүл Жалжанқызы, Атырау облыстық ақыл-есі кем дамыған балаларға арналған интернаттың кәсіподақ жетекшісі. Атырау, 4 қазан 2012 жыл
Алмагүл Жалжанқызы, Атырау облыстық ақыл-есі кем дамыған балаларға арналған интернаттың кәсіподақ жетекшісі. Атырау, 4 қазан 2012 жыл

Гүлбану Жалекенова - осы ақыл-ойы кем дамыған балалар интернаты ашылғаннан бері жұмыс жасап келе жатқан тәжірибелі маманның бірі. Оның бұл салада еңбек еткеніне 30 жыл толыпты, оның 19 жылы осы интернатта өткен.

- Біздің қайта даярлаудан өткеніміз туралы әрқайсымыздың қолында қағазымыз бар. Онда білім министрлігінің мөрі соғылған. Егер біз мұғалім деп саналмасақ, онда бала тәрбиелеуге құқымыз бар ма?- деп сұрайды ол.

РЕЗЕҢКЕ ТӘПІШКЕ ЖӘНЕ САУНА

Кәсіптік мерекенің қарсаңында мәртебесі туралы мәселе көтерген интернат қызметкерлері Азаттық тілшісін көргенде басқа да қиындықтарын айта бастады. Кейбірі ауру балаларға қараудың машақатына да тоқталды.

Дефектолог-маман Райхан Бисенғалиева балалармен жұмыс барысында олардың тәрбиешінің бетіне түкіріп те жіберетінін айтты.
Атырау облыстық ақыл-есі кем дамыған балаларға арналған интернаттың тәрбиеленушілері. Атырау, 4 қазан 2012 жыл
Атырау облыстық ақыл-есі кем дамыған балаларға арналған интернаттың тәрбиеленушілері. Атырау, 4 қазан 2012 жыл

- Ол үшін біз балаға ештеңе дей алмаймыз. Себебі ол бала өзінің не істеп тұрғанын түсінбейді. Ал осы жұмысты біздер, педагогтардан басқа кім істей алады? Экономист немесе басқа мамандар жасай алмайды. Ендеше қалайша мұғалім санатына қосылмаймыз? - дейді ол.

Оның айтуынша, 2006 жылы мұғалімдерді осындай балаларды оқытуға үйретуге арналған білім, еңбек және денсаулық сақтау министрлігі бекіткен арнайы бағдарлама жасақталып, интернат мамандары оны оқып-үйренген.

Ал Гүлбану Жалекенованың сөзінше, тәрбиеленушілерді оларға бөлінген бюджет қаржысына сай киіндіру мен тамақтандыру да өз дәрежесінде емес.
Райхан Бисенғалиева, Атырау облыстық ақыл-есі кем дамыған балаларға арналған интернаттың логопеді. Атырау, 4 қазан 2012 жыл
Райхан Бисенғалиева, Атырау облыстық ақыл-есі кем дамыған балаларға арналған интернаттың логопеді. Атырау, 4 қазан 2012 жыл

- Мемлекет тарапынан балаларға бөлінген ақша оларға жетіп жатқан жоқ. Мен өзім бір кездеру тәрбие бөлімін басқардым. Сол кезде 150 мың тұратын затты 1 миллион теңге деп әкелгенін көзіммен көрген едім. Оның орнына балаларға киім-кешек алайық деген ұсынысым үшін жеккөрінішті болдым, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Оның сөзіне сүйенсек, күн суытып, қыс жақындағанымен балалар әлі күнге дейін резеңке тәпішкемен жүр.

- Бізді демеушілер қамтамасыз етеді. Бірақ балаларға ойыншықтар, қуыршақтар жетіспейді. Құралатын ойыншықтар мүлдем жоқ. Ал киімдердің көбіне өлшемі сай келмейді. Мәселен кішкентай балаларға 52-54 өлшемді киімдер келеді. Сондықтан үйден балалардың ескі киімдерін, аяқ киімдерін алып келеміз, - дейді тәрбиешілердің бірі Гүлнәр Қарпекова.
Атырау облыстық ақыл-есі кем дамыған балаларға арналған интернаттың тәрбиеленушілері. Атырау, 4 қазан 2012 жыл
Атырау облыстық ақыл-есі кем дамыған балаларға арналған интернаттың тәрбиеленушілері. Атырау, 4 қазан 2012 жыл

Қызметкерлердің сөзіне сүйенсек жыл аяғында үнемделген бюджет есебінен берілетін сыйақылар биыл әлдеқайда азайып, жыл сайынғы 20 мың теңге орынына 5 мың теңге ғана төленген. Олар осыдан бес жыл бұрын «бюджет қаржысына интернат территориясында бой көтерген саунаға ауру балалар бір күн де түспегенін» айтады.

РЕСМИ ЖАУАП

Интернат директоры ұжымы дабыл қағып жатқанда орнында болған жоқ, себебі демалыста екен. Ал оның міндетін атқарып отырған Гүлжан Қазиева бұл мәселені «жоғары жақтағылардың» дұрыс шешпей келе жатқанын айтты.

- Мысалы менің мамандығым – педагог. Казіргі қызметім - әдіскер, оқу-тәрбие жұмысын басқарамын. Сонда сіздің ойыңызша мен педагогпын ба, әлде әлеуметтік сала қызметкеріне жатам ба? - деп сұрады ол Азаттық тілшісінен.

Ал жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығы міндетін уақытша атқарушы Серік Сапанов бұл мәселені басқарма тарапынан бірнеше мәрте білім министрлігіне сауал қылып жолдағанын айтады.
Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Серік Сапанов. Атырау, 5 қазан 2012 жыл
Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Серік Сапанов. Атырау, 5 қазан 2012 жыл

- Бізге вице-министр Махметғали Сарыбековтің қолы қойылған жауап алдық. Онда уәкілетті орган бекітетін бағдарлама болуы керектігі айтылған. Ал бұл интернатта оқытуға жарамайтын балалар тәрбиеленеді. Олардың ақыл-ойында үлкен ауытқушылық болуы салдарынан интернет қызметкерлері оларға білім берумен айналыспайды, тек оларды өзін күтуді, санауды және өмірде қажет басқа да дағдыларды үйретеді. Мәселе сонда жатыр, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, интернаттағы балалардың киімі мен тамағы бекітілген стандартқа сай қамтамасыз етілген. Ол стандарт 2009 жылы үкімет қаулысымен бекітілген.

- Үлкен өлшемдегі киімдер дегеніңіз енді ертеректе болған болар, - деді Серік Сапанов.

Ал сауна туралы сауалға қатысты шенеунік:

- Оның бөлек салынған ғимарат екенін көргенмін. Кезінде жобамен салынғанымен, бірақ көп уақыт пайдаланылмай тұрды. Оның үстіне саунада темпаратура жоғары ғой. Оны ауыратын балаларға пайдалануға болмайды деп санаймын. Ал басқа жуынатын орындары бар, - деді.
Қарлығаш Кенжина, Атырау облыстық ақыл-есі кем дамыған балалар интернатының логопеді. Атырау, 4 қазан 2012 жыл
Қарлығаш Кенжина, Атырау облыстық ақыл-есі кем дамыған балалар интернатының логопеді. Атырау, 4 қазан 2012 жыл

Алайда құқықтарының тапталғанын, ұстаздық еңбегіне қарамастан педагог деп танылмағанын айтып басқарманы кіналаған ұстаздар қауымы Азаттық тілшісіне мұнымен тоқтамайтындарын хабарлады. Олар құқық қорғау органдары мен «Нұр Отан» партиясына арыз жазуға көшті.

Биыл Атыраудағы облыстық ақыл-ойы кем дамыған балаларға арналған интернаттың ашылғанына 20 жыл толады. Онда жалпы саны 150 адам еңбек етеді. Оның тоғызы дефектолог-ұстаздар болса, 35-сі тәрбиешілер. Интернатта 123 мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиеленіп жатыр. Олардың 93-і осы интернаттың тұрақты тұрғындары, яғни ата-анасы бас тартқандар немесе балалар үйінен әкелінгендер.
XS
SM
MD
LG