Accessibility links

Көрсетілмеген фильм кейіпкеріне айналған қажырлы суретші


Қалибек Айнажаров «Бітімгер» («Миротворец») халықаралық альянсы медалімен марапаттау рәсімінен соң. Мәскеу, 2009 жыл.
Қалибек Айнажаров «Бітімгер» («Миротворец») халықаралық альянсы медалімен марапаттау рәсімінен соң. Мәскеу, 2009 жыл.

Сәтсіз жасалған операциядан соң мүгедек болып қалған Аягөз қаласы тұрғыны Қалибек Айнажаровтың басынан қилы жағдайлар өтті. Бірақ қабілетінің арқасында ол жұрт өнерін мойындаған суретшіге айналды. Қазір шалғайда тұратын суретші картиналарын сата алмай жүргенін әрі шығармашылық адамдарын «саудалайтын зат» көретін мемлекеттен қайыр күтіп шаршағанын айтады.

Қазақстанда сирек кездесетін мамандық иесі, Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз қаласында тұратын суретші Қалибек Айнажаровтың жасы 52-де. 12 жасында дұрыс диагноз қойылмай, операция жасатқаннан кейін мүгедек болып қалған ол қазір арбаға таңылған.

Бірақ Қалибек өмірден баз кешіп кетпей әуелі фотограф, кейін ағаштан мүсін оятын суретші мамандығын меңгерген. Өнерін жұрт мойындағанымен, шалғайда тұратын суретші оның пайдасын көрген жоқ. Картиналарын көбірек сатуға тырысқан суретші жергілікті билікпен жанжалдасып алған. Қалибек «еркіндік сүйгіш мінезім үшін картиналарымды өткізбейді» деп есептейді. Ол туралы түсірілген фильм де үлкен экранға шықпай жатыр.

«БӘРІ ӨЗ ҚОЛЫҢДА»

Қалибектің айтуынша, оған бала кезінде сәтсіз операция жасаған дәрігердің хирург-маман деген білімі болмаған. Ол мұны Алматыға барған кезде естіген. 1983 жылы оны сотсыз жазаламақ болып оқ атқан, әйтеуір, абырой болғанда дәрігер аман қалған. Бірақ, Қалибекті үш жылға шартты мерзімге соттаған. Жергілікті баспасөздің жазуынша, Қалибек совет заманында үлкен шуға ұласқан газет мақаласы мен сәтсіз жасалған хирургиялық операция мен оның зардаптары туралы фильмнің кейіпкері болған.

Қалибек биыл да фильм кейіпкеріне айналды. Бірақ әзірше еш жерде көрсетілмеген деректі фильм авторы оны үлкен экранға шығаруға тырысып жүр. Қалибек Айнажаровтың қиын тағдыры туралы «Өз жолым» деген қысқа метражды фильм түсірілген. Режиссері – бұрынғы шенеунік Асқар Әуелбек.

– Бұл фильм – қабілет-дарынын бүкіл әлем мойындаған адамның тағдыры туралы. Бұл – тағдыры қиын адамдар жайлы баяндайтын хабарлар циклі. Бұған дейін режиссер Дәрежан Өмірбаев туралы фильм түсіргенмін. Қалибек мүгедек болып қалған соң ойламаған жерден суретші болды. Бірақ, билікті қатты сынайтын фильмімді еш жерде көрсетпей отыр. Экология министрлігіне қарасты балық шаруашылығының қаржы басқармасы бастығы болып істеген кезден бері мемлекеттік қызметтің қыр-сырын жақсы білемін, - дейді Асқар Әуелбек Азаттық тілшісіне.

Фильмді өз ақшасына түсіргенін айтқан режиссер «телевизиялық бағдарламалардың бірі фильмдерімді көрсетуге ықылас танытар» деп үміттенеді.

Әрине, оңай болған жоқ, әлемді тануды қайта бастауға тура келді

Мүгедек Қалибек Айнажаров Мәскеудегі өнер университетінің фотокинематография бөлімшесін сырттай бітірген. Ұзақ жылдар бойы фото өнері саласында жұмыс істеген. Суретшінің айтуынша, арнайы білімі жоқ болса да, 1997-1998 жылдары жаңа іс – ағашқа ойып сурет салумен айналыса бастаған.

– Картиналарымды жұрттың талқысына шығаруға тұра ма, өз көрерменімді таба аламын ба, жаңа дүниелер бере аламын ба деп көп ойландым. Фотосуретке түсіру үшін ел аралап, көп жүруің керек, ал мен мүгедек арбасымен қалай саяхаттай аламын? Әрине, оңай болған жоқ, мына әлемді тануды қайта бастауға тура келді, - дейді Қалибек Айнажаров Азаттық тілшісіне.

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚҚА АҚША ІЗДЕУ

Қалибек Айнажаров туындыларына фольклорлық шығармаларды, аңыз-ертегілерді, туған өлкесінің тарихын арқау етеді. Суретші картиналарын ағашқа ойып салады. Оның «Қобызшы», «Голгофа жолы», «Сенім», «Үш жүз», «Соломон» сияқты картиналары жергілікті көрмелерге қойылған. Бірақ суретші «картиналарым тиісті дәрежеде бағаланбайды, шалғайда тұратын болғандықтан, халықаралық көрмелерге қатысуға ақшам жоқ» деп шағым айтады.

Қалибек Айнажаровтың «Голгофа жолы» туындысы.
Қалибек Айнажаровтың «Голгофа жолы» туындысы.

– Әрқайсысының мән-мағынасы бар картиналарымда өз ой-толғаныстарымды жеткіземін. Олар ағаштан құр ойыла салған ойыншық қоян, аю емес, оларда тұтастай философиялық ой түйінделген. Түрлі елдерге, осы салада өтетін үлкен іс-шараларға жиі шақырады. Бірақ, шалғайда тұратындықтан қолдау-көмек жоқ, қолымның қысқалығынан қатыса алмаймын, - дейді ол.

Суретші шығармашылығын дамыту үшін биліктен «кейін қайтарамын» деген уәдемен 50-60 мың доллар беретін демеуші табуға көмектесуді сұрайды. Айтпақшы, ол Мәскеуде медаль алған соң оған шенеуніктер әлгі ақшаны беруге уәде еткен. Бірақ Қалибек «шенеуніктер құр уәдеден аспады» деп қынжылады.

– Олардан қайыр-садақа сұрап отырған жоқпын ғой. Қазір Астанада үлкен мұражайлар ашылып жатыр. Мемлекеттік тапсырыс арқылы бірер картинамды сатуға көмектессе, қаржы қиындығынан да, шамасы келсе де көмектеспей отырған жергілікті билікке кіріптарлықтан да құтылар едім, - дейді Қалибек Айнажаров.

Бірақ суретшінің отанындағы шенеуніктер онымен келіспейді. Аягөз аудандық әкімдігіне қарасты мәдениет бөлімі басшысы Жанатбек Амантаев Азаттық тілшісіне «Қалибек Айнажаров бізге келіп, ештеңе сұраған жоқ. Мәскеуде өткен марапаттау рәсіміне апарып келдік. Ештеңе айтпаған, ештеңе сұрамаған адамға қалай көмектесеміз?» дейді.

Бірақ суретшінің пікірі бөлек. Өміріндегі ең басты наградасы – халықаралық «Бітімгер» («Миротворец») альянсының «Дарын және қабілет» медалін ол 2009 жылы Мәскеуде кешігіп болса да алған еді. Жергілікті билік Қалибекке Мәскеудегі салтанатты рәсімге барып келуіне көмектескенімен, суретші бұл көмекті «қайыршыға ұстатқан садақаға» теңейді. Биліктің өзіне көбірек назар аударуын талап еткен ол былтыр қазан айында Астанада наразылық акциясын өткізіп, көркем жәдігерлер мен антиквариат заттардың коллекционері ретінде танылған Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың жеке қабылдауына кірген.

– Әлем Қазақстанды күнде бұлай танып жатқан жоқ қой. Мәскеудегі екі ай бұрын шақырған марапаттау рәсіміне кешіктіріп апарғандарын бес жыл өтсе де ұмытпаймын, және кешірмеймін де. Шенеуніктердің кесірінен құдайдың өзі бұйыртқан салтанатты сәтке жұртпен бірге қатыса алмағаныма қатты ренжідім. Шенеуніктер менің картиналарымды бағаламайды, оларға құр ағаштың кесегі ретінде қарайды. Мені қойшы, ауыл жастарына обал, айналысатын істері жоқ. Ешқандай мәдени бағдарламалар өтпейді. Сосын келіп «деструктивті діни ағымдар, нашақорлар мен жезөкшелер қайдан шығып жатыр» деп зарлайды, - деп қынжылады Қалибек Айнажаров.

Мүсіншінің талабы
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:31 0:00
Жүктеп алу

Бірақ Қалибек Айнажаров Астана әкімінің жеке қабылдауынан риза болып қайтты. Әкім Тасмағамбетов шалғайда тұратын табанды суретшіге көмектесуге келіскен.

Кезінде шенеуніктер Қалибек Айнажаровқа ағаштан ойып президент Нұрсұлтан Назарбаевтың портретін жасауды ұсынған екен. Бірақ Сталиннің портретін жасаған суретші «үкіметтің алдында иілгім келмейді» деп, бұл ұсыныстан бас тартқан. Қалибек Айнажаров «Назарбаевқа жағыну үшін өлең, ән жазатын шығармашылық адамдары көп» дейді.

– Біздің мемлекетте шығармашылық адамдарын саудалайтын зат сияқты көреді. Әлгі ұсыныстан бас тартқан соң шенеуніктер мені елеп-ескермейтін болды, - дейді Қалибек Айнажаров.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG