Accessibility links

Қазақстандағы мормондар


Алматыдағы мормондар шіркеуінің өкілі Марианна Гурина. Алматы, 23 қазан 2011 жыл.
Алматыдағы мормондар шіркеуінің өкілі Марианна Гурина. Алматы, 23 қазан 2011 жыл.

Азаттық «Қазақстанның діни картасы» атты жаңа жобасын мормондардан бастап отыр. «Отбасына көп мән береміз, салауатты өмір-салтын ұстанамыз» дейтін шағын топ Қазақстандағы әлеуметтік хал-ахуалы нашар адамдарға қол ұшын созатынын айтады. Мормондар діни қызмет туралы жаңа заңмен әлі таныспаған болып шықты.


Азаттық радиосының тілшілері бас сұққан мормондардың Алматыдағы құлшылық үйі ресми түрде «Иса Мәсіхтің соңғы замандағы әулиелері шіркеуі» деп аталады.

Қаладағы Достық пен әл-Фараби даңғылдары қиысар тұста, қалтарыстау жерде орналасқан құлшылық орнына өзін журналистпін, әрі мормондардың шартты жетекшілерінің бірімін деп таныстырған Марианна Гуринаның шақыруымен барған
Мормондар шіркеуінің атауы жазылған тақтайша.
Мормондар шіркеуінің атауы жазылған тақтайша.
Азаттық тілшілері мормондардың жексенбілік құлшылық рәсіміне куә болды.

100 қаралы адам бас қосқан діни рәсімде Иса Мәсіхтің жолына қалай келгенін жұрт алдында баяндаған бірнеше адам сөз соңын көздеріне жас алып аяқтап жатты. Діни рәсім біткенде мормондар әні хормен айтылды.

- 2000 жылы ақпарат құралдарының біріне нені қадірлеп, нені қастерлейтінімізді осылай көрсетіп едік, мән-жайды мүлде бұрмалап, өзімізді өзіміз танымай қалдық. Содан бері баспасөзбен байқап сөйлесеміз, - деген Марианна Гурина діни құлшылық сәтін фотоға түсіруге басшылықтың рұқсат етпейтінін жеткізді.

«МОРМОН ХИРУРГТЕР ТЕГІН КӨМЕКТЕСТІ»

Марианна Гуринаның айтуына қарағанда, Қазақстанда алғашқы мормондар 1998 жылы пайда болып, бастапқыда жеке үйлерде құлшылық еткен, кейін қатары көбейген соң 2000 жылы ресми түрде тіркеліп, діни қауымдастыққа айналған.

- Бізде әкенің баласымен, әйелімен қандай қарым-қатынас жасайтынына басты назар аударылады. Әр дүйсенбі кешкі уақытын әке-шешелері балаларымен бірге үйлерінде шағын мереке ретінде өткізу - мормондардың бұлжымас дәстүрі. Сенбі күндері осы шіркеуде спорт ойындары өтеді. Бізге, тіпті, төңіректегі жұртшылық балаларын ертіп әкеп тастап та кете алады, - дейді Марианна Гурина.

Шіркеу ішінде Азаттық тілшілерімен танысқан шетелдік екі адам ерлі-зайыпты мормон миссионерлері болып шықты. Екі жыл уақытын Қазақстанда өткізуге келген олар әртүрлі гуманитарлық жобаларды жүзеге асырмақ. Балалар үйі мен қарттар үйіндегі мұқтаждар мен қаріп-қасірлерге жәрдем көрсетпек.

- Мәселен, Қазақстанда жаңа туған нәрестелердің шетінейтіні жиі кездеседі. Міне, осыған орай біздің шіркеуіміз Америкадан маман дәрігерлерді арнайы шақырды. Олар құрал-жабдықтарымен келіп, Қазақстанның әрбір қаласында тренинг өткізді, нәрестелерді жедел реанимациялау жолдарын оқытты. Мормондардың атақты хирургтері Қазақстанға осылайша тегін көмек көрсетті, - дейді Марианна Гурина.

«ӘЙЕЛІМ ДЕ, ҮШ БАЛАМ ДА – МОРМОН»

Азаттық радиосының тілшілері мормондардың діни рәсімін төрден қадағалап отырған үш адамның бірі – Мұрат Иманғазиновпен тілдесті.

1966 жылы бұрынғы Талдықорған облысы Қаратал ауданында дүниеге келген ол колхоз бригадирі болған екен. «1996 жылы Алматыға келіп,
Мормон шіркеуіндегі кітаптар. Алматы, 23 қазан 2011 жыл.
Мормон шіркеуіндегі кітаптар. Алматы, 23 қазан 2011 жыл.
көлік айдап, шетелдіктердің балаларын мектепке тасумен шұғылдандым. Олармен біртіндеп отбасымызбен араласа бастадық» дейді Мұрат Иманғазинов.

- 2003 жылға дейін бақылап қана жүрдім, шоқынған жоқпын. Олардың балаларымен араласқан ұлым Мақсат бір күні шоқынғысы келетінін айтты. Бірақ мен келіспедім. Салт-дәстүріміз басқа дегендей. Ақыры 2002 жылы шоқынды. Содан соң 2003 жылы біз де шоқындық, - деген ол сөзін былай жалғастырды:

- Шоқынғаннан кейін көктен қасиетті рух алдым. Оны анық сездім. Қасиетті рухқа сыйынғанымда дімкәс әпкем еш дәрігер шақырмай-ақ құлан-таза айықты. Алғашқы жылы өз дінімді жасырып жүрдім. Бірақ қасиетті рух алғаннан кейін шешеме де, достарыма да ашық айттым.

Мұраттың айтуынша, біраз жолдастары басында «дініңді саттың» деп теріс айналғанымен, кейін оның "үлгілі отбасын, жүріс-тұрыс, мінез-құлқын көріп, қайта табысса керек.

- Шешем әуелде қарсы болды. Қазір қолымда. Мешітке бармайды, намаз оқымайды, бірақ ораза ұстайды, осы шіркеуге де келіп тұрады. Туған бауырларым жоқ. Әйелім де, үш балам да мормон, - дейді Мұрат Иманғазинов.

«ҚҰДАЙДЫҢ ҮЙІНЕ БЕРГЕНІҢ ЕКІ ЕСЕ ҚАЙТАДЫ»

Алматыдағы мормондар шіркеуінің басшылығы түрлі ұлттардан құралыпты. Президенті Сұлтан Дәуітов - ұйғыр, оның бірінші кеңесші Мұрат Иманғазинов - қазақ, екінші кеңесшісі Виталий Цай - кәріс екен. Жалпы қауымдастықтағы 100 қаралы адамның 40 пайыздайы - қазақтар.

Алайда қазіргі уақытта Алматыдағы дәрі-дәрмек компаниясында қызмет
Шешем әуелде қарсы болды. Қазір қолымда. Мешітке бармайды, намаз оқымайды, бірақ ораза ұстайды, осы шіркеуге де келіп тұрады.

ететін Мұрат Иманғазинов жеке кәсіпкерлікпен шұғылданып, алма өсіретінін, яғни бұл шіркеуден жалақы алмайтынын айтады. Оның сөзіне қарағанда, мормондар шіркеуі ешкімге жалақы төлемейді. Керісінше шіркеу мүшелері төлеуге міндетті. Ай сайынғы «садақасы» тағы бар.

- «Садақаның» құны - бір күнгі ішпей қалған тамақтың бағасы. 1000 – 1500 теңгедей. Оны квитанциямен өткіземіз. Содан соң айлығымның 10 пайызын тағы беремін. «Мені сыйлағың келсе, Құдайдың үйіне бер - сонда одан екі есе көп аласың» деген Құдайдың өсиеті бар, - дейді бірінші кеңесші.

«СОЛТ-ЛЕЙК-СИТИДЕН КЕЛЕТІН ҚАРЖЫ»

Мормондар қауымдастығының Алматыдағы қымбат аудандардың бірінде тұрған ғимаратқа қалай иелік етіп отырғаны да Азаттық тілшілерін қызықтырған еді.

- Бүкіл әлемде 165 мемлекет болса, соның бәрінде осы Иса Мәсіхтің шіркеуі бар. Осылардан түскен садақаның барлығы Солт-Лейк-Ситидегі үлкен бухгалтерияға жиналады. Біздің мына ғимаратқа төлейтін ақшамыз сол жақтан келеді, - дейді Мұрат Иманғазинов.

Оның айтуына қарағанда, Астанаға ресми сапармен келген АҚШ-тың екі
Бүкіл әлемде 165 мемлекет болса, соның бәрінде осы Иса Мәсіхтің шіркеуі бар.

конгресмені Алматыға әдейі бұрылып, мормондар қауымдастығына бас сұғып шыққан.

«Қазір республикалық бірлестік болу үшін облыстарда бөлімшелеріңіз болуы және барлық саны 5000 адамнан кем болмауы керек. Енді қайта тіркеле алмаймыз деп қауіптенесіздер ме?» деген сауалға Мұрат Иманғазинов:

- Заңмен толық танысқанымыз жоқ. Қалай тіркелетінімізді Құдай біледі, уақыт өзі көрсетер, - деп жауап берді.

«МОРМОНДАР КІТАБЫ»

Өздерін католиктерге мен протестанттарға және православтарға да қоспайтын, бірақ христианбыз деп есептейтін «Иса Мәсіхтің соңғы замандағы әулиелері шіркеуінің» орталығы – АҚШ-тағы Юта штатының
Мормондардың алғашқы рухани жетекшісі Джозеф Смит (Wikipedia-дан алынған сурет).
Мормондардың алғашқы рухани жетекшісі Джозеф Смит (Wikipedia-дан алынған сурет).
бас қаласы Солт-Лейк-Сити. Мормондар шіркеуі 1830 жылы пайда болған. Алғашқы рухани жетекшісі – Джозеф Смит.

Мормондардың сенімі бойынша, 1820 жылы Смитке Әке-Құдай мен оның ұлы, яғни Иса пайғамбар көрініп, таяуда Исаның жер бетіндегі өмірі кезіндегі бастапқы дінді қайта жіберетінін ескерткен. 1823 жылы байырғы пайғамбарлардың бірі Морний келіп, Американың ежелгі тарихы жазылып, Исаның Америкада қайта тірілгенін баяндайтын алтын парақтардың қайда жатқанын айтқанға ұқсайды.

Ал Джозеф Смит оны тауып алып, ағылшын тіліне тәржімалағаннан кейін алтын парақтар ізім-ғайым жоғалып кеткен. Джозеф Смит Інжілдің бұрмаланған тұстарын қалпына келтіріп, оны Мормон пайғамбардың атымен атаған. Осыдан былай Мормон кітабы мормондар үшін Інжілмен қатар тұратын қасиетті кітап болып саналады.

АҚШ тарихында мормондар біршама қуғынға да ұшырап, Джозеф Смитті басқа жұрт азаптап өлтірген. Ақыры мормондар қауымы елден жыраққа кетіп, қазіргі Солт-Лейк-Сити қаласының негізін салған. Мормондардың көп әйел алатын салты жойылғаннан кейін (мәселен, Бригам Янг деген жетекшісінің 19 әйелі болған делінеді), Юта АҚШ-тың бір штатына айналған.

Кейбір деректерге қарағанда, қазіргі уақытта 10 миллионнан астам мормон тұратын Юта штатында темекі шегетіндер халықтың 12 пайызын ғана құрап, АҚШ-та алға шыққан. Сонымен қатар ортақ қоғамдық іске ерікті түрде жұмылатындар мен түрлі қайырымдылық шаралар өткізетіндердің саны жөнінен де бұл штат өзгелерден озық тұрған көрінеді.
XS
SM
MD
LG