Пилотсыз ұшатын аппараттар ішінде азаматтық мақсаттағы әрі мини құрылғы (салмағы 10 килограмға жетпейтін) саналатын «дрондарды» көбінесе режиссерлер, жарнама түсіретін видео операторлар, той қызметін көрсететін топтар пайдаланады.
Бұл аппараттар қазір дүкендерде шектеусіз сатылып жатыр. Алайда осы апта Қазақстан азаматтық авиация комитеті әуе кемелері жөніндегі заңнамаға бұл құрылғыларды пайдалану тәртібі туралы өзгерістер енгізу мәселесін қарап жатқанын хабарлады.
КӘСІПКЕРЛЕР ШАҒЫМЫ
Астана тұрғыны Сұлтан Құдыретұлаев 13 жылдан бері фото-видео (жарнама, үйлену тойы) түсірумен айналысады. Былтыр ол салмағы екі-үш килограмдық шағын квадрокоптер сатып алған. Мұнан соң клиенттері еселеп көбейген. Оған алғашқы тыйымды полиция былтыр желтоқсанда салған.
- Астананың сол жағалауында ұшыруға болмайды деген нұсқау алдым. Полиция коптерімді тартып ала жаздады. Президент [Нұрсұлтан Назарбаевтың] күзеті қызметінің нұсқауы деді. Ұшыруға болмаса, оны заң жүзінде нақтылау керек қой, - дейді кәсіпкер Сұлтан Құдыретұлаев.
Азаттық тілшісіне Астана полициясынан жауап алу мүмкін болмады. Ал авиация саласындағы заңнамада пилотсыз аппараттарға қатысты айқын ұғым жоқ. Үкіметтің әуе кемелерін пайдалану ережелерінде ұшу құралдары сыныпқа бөлінгенімен, пилотсыз аппараттар классификациясы жасалмаған. Олардың әскери ұшақтайларынан бастап, мыңдаған метр биіктік пен ұзақ қашықтыққа ұшатындары, салмағы 10 килограммға жетпейтін шағын түрлері де бар.
Қазір Қазақстанда шағын квадрокоптерлерді (қанат санына қарай «мультикоптер» деп те атайды – ред.) дүкендерден оңай сатып аласыз. Басқару камерасы мен іздеу жүйесі бар кәсіби түрлерінен бастап, арзан әуесқой үлгілері де бар. «Ruba Technology» компаниясы өкілі Анатолийдің (аты-жөнін айтудан тартынды – ред.) сөзінше, «коптерлер нарығы өсіп келеді».
- Бағалары төмендей береді деп ойлаймын. Жаппай алып жатқан соң тауар арзандайды. Біз оларды бірнеше жыл сатып келеміз, - дейді ол.
Анатолий оларды шағын, әрі әуесқой үлгілері де көп болғандықтан, «ойыншық» деп атайды.
- Бізде арнайы заң жоқ. «Ойыншықтар» ешқашан тіркеуге алынбады. Ресми тіркеу ешкімнің ойына келмепті. Бұл мәселені тыңғылықты ойластыру керек. Қауіпсіздік, құпиялылық мәселесі де, бизнесті құртып алмау жағы да ескерілуі керек, - дейді Анатолий.
«БҰЙРЫҚ ЖОБАСЫ ӘЗІРЛЕНІП ЖАТЫР»
Ал Азаттықтың «дрондарды» пайдалану ережелеріне қатысты Қазақстанның инвестиция және даму министрлігі азаматтық авиация комитетінен алған жауабында квадрокоптердің «ұшқышсыз авиация жүйесі» (ҰАЖ) санатына жататыны жазылған.
Комитет «ҰАЖ әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңға сәйкес пайдаланылуы тиіс» деп жазады. Заңның 33-бабында «Пилотсыз ұшу аппаратын қолданушылар әуе кеңістігін пайдалану қағидаларына сай пилотсыз аппаратының ұшуы жайлы егжей-тегжейлі деректерді хабарлайды. ҰАЖ аппаратының күзетілетін нысандар үстінен ұшуы Қазақстан мемлекеттік күзет қызметімен келісіледі» деп жазылған. Бірақ заңда ҰАЖ түрлері сыныптамасы келтірілмеген.
Авиация комитеті квадрокоптерлерді пайдалануға қатысты ережелерге «өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасы әзірленіп жатқанын», «ҰАЖ үлгілерінің тез дамуы мен олардың алуан түрлілігі қолданыстағы заңнаманы жетілдіруді талап ететінін» хабарлайды. Комитет ҰАЖ бойынша халықаралық стандартты 2018 жылдан ары қарай ғана қолданысқа енгізуді жоспарлап отырғанын жазған.
САРАПШЫЛАР ПІКІРІ
Квадрокоптерлерге бақылау күшеюіне сарапшылар пікірі әртүрлі. Генералдар кеңесі төрағасы Рүстем Қайдаров оларды қарапайым азаматтардың пайдалануына қарсы.
- Тәртіп сақшыларына қажет. Ал кім болса, соның ұстауы дұрыс емес. Жеке өмір туралы заң бар. Мәселен ол көшеде жүргеннің бәрін түсіріп алады. Біреу өзін түсіргенді қаламаса ше? – дейді ол.
Бұрынғы ҰҚК қызметкері Арат Нарманбетов те квадрокоптерлерді (мультикоптерлерді) тіркеп, бақылауда ұстағанды жөн көреді.
- Әуежай қасында тұрамын. Аппарат ұшаққа соғылуы, оны террористер қолдануы үмкін. Жарылғыш затты режимді нысанға тастаса құрыдық қой. Көп мысал келтіруге болады, - дейді ол.
Запастағы генерал-майор Әмірбек Төгісов те квадрокоптерлерді бақылағанды қолдайды. Бірақ «мәселені қоғам талқысына салған жөн».
- Квадрокоптерлерді пайдалануды регламенттеу қажет. Біреудің жеке өміріне нұқсан келтірмеуді ескеру керек. Бірақ заң әзірлемес бұрын даулы тұстарды зерттеу қажет. Ең алдымен мәселені қоғам шешуі керек, - дейді ол.
Ал Қазақстан президенті туралы бірнеше кино түсірген режиссер Рүстем Әбдірашев қандай да бір шектеуге қарсы.
- Барлау құралы болған ұялы телефон қазір әр үйде бар. Телефондағы фотоаппарат кинодағы Джеймс Бонд технологиясы еді. Бәрі тұрмыстық техникаға айналды. Квадрокоптерге тыйым салса, ұялы телефонға, фотоаппаратқа, ватсапқа да тыйым салып, бұрынғы Совет Одағы сияқты отырайық қайтадан. Өркениетті елде тұрып жатырмын деп ойлаймын, - деді ол.
Қазақстан полициясы пилотсыз шағын аппараттарды кейінгі жылдары жиірек қолдана бастады. Жуырда Шымкент полициясы коптерлері түсірген видеоларды YouTube каналына жариялады. Ал Жамбыл облысы Бурыл ауылында ақпан айындағы халық толқуы кезінде Азаттық тілшісі полицияның ауылды шағын квадрокоптермен бақылап жүргенін байқады.
Ресми ақпарат бойынша, азаматтық авиация комитетінде әзірге 12 ҰАЖ - 8 квадрокоптер және 4 ұшақ үлгісіндегі аппарат есепке алынған. Бірақ олардың ҰАЖ-дың қай санатына жататынын комитет көрсетпеген.