Accessibility links

Баланы мектепке дайындау шығыны көбейген


Биыл бірінші сыныпқа баратын Сальма Бекболатқызы. Алматы, 13 маусым 2014 жыл.
Биыл бірінші сыныпқа баратын Сальма Бекболатқызы. Алматы, 13 маусым 2014 жыл.

Алматыдағы кейбір ата-аналардың айтуынша, биыл балаларды мектепке дайындауға кететін шығын екі есе өскен. Олар мұны теңге девальвациясымен байланыстырады.

Биыл Сальма Бекболатқызы Алматыдағы мектептердің біріне бірінші сыныпқа барады. Оның анасы Айдана Сапарғалиева Азаттық тілшісіне оқу құралдарына, киім-кешек пен аяқ киімге қанша ақша жұмсағанын айтып берді.

Ата-аналар «Бұрын мектеп формасы мен оқу құралдарын бағасы арзандау базардан алушы едік. Бірақ Алматы барахолкасындағы бірнеше өрттен кейін ондағы сауда нүктелері азайып кеткен әрі іздеген затыңды таппай көп сандаласың» деп шағымданады.

– Барахолкадағы сауда орындары бұрынғыдай емес, бір-бірінен алыс орналасқан. Оның үстіне, заттарды әр бұрыштан іздеп көп жүресің, былтырға қарағанда бағасы да қымбат. Биыл мектеп құралдарын сауда үйінен сатып алдым, - дейді Айдана Сапарғалиева Азаттық тілшісіне.

Дүкендегі мектеп оқушыларына арналған киімдер. Алматы, 13 маусым 2014 жыл.
Дүкендегі мектеп оқушыларына арналған киімдер. Алматы, 13 маусым 2014 жыл.

Оның айтуынша, былтыр ұлына биылға қарағанда екі есе аз ақша жұмсаған. Айдана Сапарғалиева мұны девальвацияның салдары деп түсіндіреді. Бұл отбасында жалғыз отағасы ғана жұмыс істейді әрі оның жалақысын 30 мың теңгеге ғана көтерген.

Айдана Сапарғалиева қызының мектеп формасы мен аяқ киіміне 31 мың 100 теңге жұмсаған. Сауда үйінен сатып алған оқу-жазу құралдары үшін 11 мың 150 теңге төлеген.

Ол әсіресе дәптер бағасына қынжылады. Ресейдің Архангельск қаласында шығатын бір дәптердің құны 16 теңге, ал 100 дәптер бір мың 600 теңге тұрады. Арқаға асатын қоржынның бағасы қалада үш мың теңге немесе одан қымбат. Сальмаға бес мың теңгенің ортопедиялық рюкзагын сатып алған.

Ал биыл үшінші сыныпқа баратын ұлына бұдан сәл көбірек – 50 мың теңге жұмсаған. Әрқайсысына үш мың теңге тұратын екі спорт костюмін әперу үшін алты мың теңге төлеген. Спорттық екі аяқ киімді бес мың теңгеге (әр жұбы екі мың 500 теңге) сатып алған.

Мектеп оқулықтары.
Мектеп оқулықтары.

Жүнісовтер отбасының үш баласы мектепте оқиды. Жоғары сыныптарда оқитын балалардың былтыр киген киімдері қысқарып қалған. Сондықтан Майгүл Жүнісоваға балаларына бәрін қайта сатып алуға тура келген. Ол барлық затты 215 мың теңгеге алғанын айтады.

– Жасөспірім балалардың киімі қымбат. Балаларым шетелдің аяқ киімін кигісі келеді, ал оның бір жұбы 18 мың теңгеден жоғары тұрады. Zara, Next сияқты фирмалар тігетін мектеп формасы 25 мың теңге немесе одан да қымбат. Бір тәуірі үйде екі адам жұмыс істейміз. Әлгі девальвация қалтамызды жұқартып кетті, - дейді Майгүл Жүнісова Азаттық тілшісіне.

Құрметті оқырман! Ал сіз балаңызды мектепке дайындауға қанша ақша жұмсадыңыз?

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG