Accessibility links

Тыңшы тінту кезінде ұйқысырап отырса, лаңкестік ісі бойынша куәгерлер айтқандарынан тана бастады


Айыпталушы Жасұлан Сүлейменов Астанадағы Алматы соты ғимаратының алдында. 19 тамыз, 2009 жыл.
Айыпталушы Жасұлан Сүлейменов Астанадағы Алматы соты ғимаратының алдында. 19 тамыз, 2009 жыл.

Астанада Қуат Жоболаев пен Жасұлан Сүлейменовтерге қатысты сот жалғасып жатыр. Олар лаңкестік топ құрды деп айыпталуда. Қылмыстық іс заттай айғақтар негізінде қозғалған. Құқыққорғаушы тінтудің заңсыз жүргізілгендігін айтып отыр.

2009 жылдың қаңтарында астаналық жастар тобын Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі Солтүстік Кавказда ұстап, олар Қазақстанға экстрадицияланған еді. Соның ішінде аталас бауырлар - Қуат Жоболаев пен Жасұлан Сүлейменовке «Жамаат Әл-Фараби» лаңкестік жихадшылар тобын құрмақшы болған деген айып тағылды.

ДАУЛЫ ФЛЕШ-КАРТА

Қаңтар айында жүргізілген тінту кезінде Жасұлан Сүлейменовтің пәтерінен, сондай-ақ 90 жастағы Күләш Сүлейменованың (Жасұланның нағашы әжесі) үйінен заттай айғақтар табылды делінген тергеу барысында.

Астанадағы Алматы аудандық сотының судьясы Нұрлан Баяхметов оқып шыққан айыптау қорытындысында айыпталушылардан Ф-1 гранатасы және электрошокер, куәлігімен бірге «Байкал» МР-654 пневматикалық тапаншасы, мың теңге, сегіз компакт-диск, төрт аудиокассета, флеш-карта, 27 суреттік фотоальбом, «екі астаулы жалпақ зат» табылғандығы айтылды.

Сот материалдарында, сондай-ақ Қуат Жоболаев пен бірінші топтағы мүгедек Жасұлан Сүлейменовтің тұрғылықты үйлерінен діни әдебиет, соның ішінде Құран сүрелері, Ан-Навави хадистері, Әли Қажы Әл Апшерони мен Мұхаммед ат-Тамими кітаптары, ислам ағымдарына қатысты әдебиет, мұсылман күнтізбесі, Солтүстік Кавказ бен Каспий теңізінің батыс жағалауының бірнеше картасы, «Шапағат Нұр» мен «Рамадан» журналдары және айыпкерлердің кінәсін дәлелдейді делінетін басқа да заттай айғақтар табылғандығы келтірілген.

Бір қызығы, немере бауырлар заттай айғақтардың тізімін оқып жатқан кезде үнсіз отырды. Қуат Жобалаев қана флеш-карта мен кітаптардың жартысы оның мүлкі болуы мүмкін емес екендігін судьяға нақты айтты. Сонымен бірге, ол өзінің бөлмесінен алынған 25 мың теңге мен DVD-плеердің айғақтар тізіміне неге түспей қалғандығын білгісі келді.
Қуат Жоболаев сотта айыпталушы үстелінде. Астана, 19 тамыз, 2009 жыл.


Айта кетерлік жайт, ҰҚК қызметкерлерінің тінту хаттамасында алынған төрт аудиокассетада «араб тіліне ұқсас мәтіннің дауыстап оқылатындығы», ал тәркіленген әдебиет мәтіні «араб қарпіне ұқсайтыны» жазылған.

Бұдан бөлек, ҰҚКД-нің техникалық мүмкіндіктері жоғары екендігі туралы әңгімелердің шындыққа жанаса бермейтіндігі білініп қалды. Мысалы, сегіз компакт-дискідегі кейбір файлдар ашылмаған: арнайы қызмет олардың паролін таба алмаған. Одан қалды, бірқатар файлдарға қажетті бағдарламалар ҰҚКД болмаған.

Заттай айғақтарды жариялау барысы 1976 жылы туған Жасұлан Сүлейменов пен 1987 жылғы Қуат Жоболаевтың ісінде орыс-шешен соғысының, оның ішінде федералдықтардың шешендердің, шешендердің федералдықтардың басын алуы секілді жан түршігерлік әрекеттері бейнеленген «Чечня (823 Мб)» папкасы сақталған флеш-карта басты компромат ретінде пайдаланылуы мүмкін екендігін көрсетті.

Сотқа үнемі қатысып жүрген Нұрила Сүлейменова, айыпталушылардың әпкесі, Азаттық радиосына былай деді:

- Бұған дейін мемлекеттік адковат маған тергеу барысында әдебиетке теологиялық сараптама жасалмағандығын, мұндай сараптама экстремизмге айыптауларды жоққа шығаруы мүмкін екендігін айтқан еді. Флеш-карта солардың мүлкі болған күннің өзінде, олар оған пароль орнатып қояр еді немесе үйінде сақтамас еді ғой.

ТӘРКІЛЕНГЕН ӘДЕБИЕТ НЕ ТУРАЛЫ?

Азаттық радиосына өз аты-жөнінің аталмауын қалаған білімдар бір мұсылман азамат тәркіленген әдебиеттердің мазмұны турасында мынындай баға берді:

- Әңгіме Мұхаммед ат-Тамимидің «Китаб Ат Таухид» еңбегі туралы болса, онда бұл ваххабшылардың күнделікті қолданатын кітабы, осыдан бірнеше жыл бұрын оны Ресейде сатуға тыйым салған, - деді ол.

Әзірбайжанның Философия және саяси-құқықтық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері, философия ғылымының кандидаты Айдын Әли Заде оған қарсы көзқарас білдіреді. Бұдан бұрын ол «Портал-кредо» атты ресейлік танымал сайтта ол «Китаб Ат Таухид» еңбегі монотизмнің доктринасы туралы екендігін және мәжуси атаулыны жоққа шығаратындығын жазды:

«Исламның басқа ағымдарымен қатар христиан және иудаизмде осы туралы айтылады емес пе? Яғни, бұл кітаптың мазмұнында керағар, заңға қайшы ештеме жоқ.

Бірақ аутор жаратушының жалғыз екендігі туралы Пайғамбардың хадистерінің барлығын қарастырмаған. Соған байланысты бұл кітап мұсылман жазба деректерінің (барлығын емес) бір бөлігін ғана қамтиды деген тұжырым жасауға болады».

Құпия сұхбаттасымыздың пікірінше, «Жоболаев пен Сүлейменовтен алынған фактілер, соның ішінде ваххабшылардың қарсыластары – хабашиттерге жататын Ан-Навидің хадистері бұл жастардың ислам жолындағы ізденулері барысында әртүрлі және керағар дерек көздерін де пайдаланғандығын көрсетеді».

Сұхбаттасымыз алынған әдебиеттің қалғанына (Құран сүрелері, күнтізбе, журналдар) түсініктеме беріп жатудың қажеті шамалы деп есептейді, өйткені оларға тыйым салынбаған.

Оның айтқандарын Нұрила Сүлейменова да құптап отыр. Айыпталушының әпкесінің пікірінше, бауыры Жасұлан Сүлейменовтың ислам негізінде тазару туралы кітаптарды жинауы оның «Солтүстік Кавказда Құранмен емдеу курсынан өту арқылы қайғыдан жазылуды көздегенін» білдіреді.

Алматы аудандық сотында келтірілген үшінші әдебиет туралы мәліметті Google арқылы оңай табуға болады. Әли Хажы Әл Апшерони- бұрынғы аты Олег Рубец – Ауғанстандағы соғыстың ардагері, 1989 жылы исламды қабылдаған, «Әл-Мәдина» діни-ағартушылық қоғамының басшысы, Қазақстанның ресми теологиялық ортасында танымал әрі беделді қоғам қайраткері.

КУӘГЕР ГРИШИН БҰРЫНҒЫ ЖАУАПТАРЫН ӨЗГЕРТТІ

Ал бұл аралықта соттағы куәгерлер өз айтқандарын жоққа шығара бастады.

Естеріңізге салсақ, бұған дейін мұсылман Виталий Гришин «Кавказға танымдық мақсатта, мұсылман бауырларына қысым көрсетіліп жатқан жоқ па соны өз көзімен көруге ерікті түрде барғандығын», сондай-ақ пневматикалық тапаншадан атуды ермек қылуын «әуестенушілік» деп судья Нұрлан Баяхметовке деп жауап берген болатын.

Енді аяқастынан ол айтқандарын толықтай өзгертіп, жауаптарын құбылта бастады. Ендігі жерде жас жігіт сотта сұрақтарға әзер жауап беріп, өзінің жолдастарының көзіне қарауға тайсақтайтындығы байқалды.

- Ия, біз екі топқа бөліну арқылы көзден тасаландық. Кавказға соғысуға бардық. Жихад туралы ой Қуат Жоболаевтан шықты. Сапардың кескінін Жасұлан Сүлейменов дайындады. Біз Назрань түбіндегі орманнан содырларды іздеген едік, - деді Виталий Гришин сот залындағы жауабында.

Судья Нұрлан Баяхметовтың бастапқы берген жауаптарыңды не себепті өзгертіп тұрсың деген сауалына Гришин алғашқы жауап алынған күні өзінің қалжырап-шаршағанымен және жеке басында проблемалар болғанымен түсіндіргендей болды.

Азаттық радиосына берген сұхбатында мемлекеттік адвокаттар негізгі куәгерлердің өз жауаптарын өзгертулерінде тұрған ешқандай айып жоқ, біздің заңнамалар негізді себебі болса куәларға жауаптарын өзгертуге мұрсат етеді деп атап көрсетті.

Топтың соңғы мүшесі Ержан Бейсембаев соттағы берген жауабында әміріміз болып сайланған Жасұлан Сүлейменов маған "Кавказда мұсылмандарға геноцид жасалып жатыр" деп ұғындырды дегенді айтты. Бейсембаев өздерінің Кавказға Ресей Федерациясына қарсы соғысу үшін аттанғандарын айтып, Ингушетиядағы қалың орманнан моджахедтерді іздегендіктерін растай келе:

- Орманға түнгі сапарымыздың ақымақтық екендігін түсінген соң үйге қайтпақшы болдық, - деді куәгер.

Ресейдің ФҚҚ-нің офицерлері Виталий Гришин мен Ержан Бисембаевты Пятигорск вокзалында, Астанаға кері билет алып тұрған сәттерінде ұстаған болатын.

ТЫҢШЫНЫҢ ТҮСІ

«Құдайым-ау, өз істері үшін ұялса нетті?» - деп налыды айыпталушылардың аталас әпкесі Сусанна Сүлейменова флеш-карта туралы қойылған сұраққа. Ол ҰҚКД қызметкерлерінің Астана шетіндегі 40-шы стансадағы жекеменшік үйде бес сағат тінту жүргізілгенде куә болғандардың бірі.
Астана маңындағы 40-шы бекеттегі тінту жүргізілген үй. Бұл үйде айыпталушының туыстары тұрады.


- Олар үйдің астан-кестеңін шығарды, кітаптарымызбен қоса Құран мен дәрістер оқылған төрт аудиокассетаны алып кетті, - деді Сусанна Сүлейменова Азаттық радиосына.

«Электр сымдарына арналған екі жақтаулы жалпақ зат» дегенді естіп жымиған Мариям Сүлейменова - осы үйдің иесі – ескі кассеталық плеерді алып көрсетті. Плеер – осы үйдегі терезе жақтауына қойылған істен шыққан телевизордан кейінгі екінші техникалық құрылғы екен.

Мариям Сүлейменованың есінде ҰҚК қызметкерлерінің ішінде біреуі жақсы жағымен сақталып қалыпты. Тінту кезінде диванда тынығумен болған бұл кісі, ара-тұра, еден мен пешті бұзуға кіріскен әріптестеріне тоқтау айтып қана қоймай, 90 жастағы Күләш апаның төсегін де тексеруге беттегендерді ұялтыпты.

Көзі көруден, құлағы естуден қалған әжей Азаттық радиосына қосымша дерек бере алмады – өзінің жасымен шамалас кереуетте жылаумен болды.

Күләш Сүлейменова, айыпталушылардың әжесі. Астана, 19 тамыз, 2009 жыл.
- ҰҚК қызметкерлерімен бірге куәлік ету үшін екі қаңғыбас еріп келді. Олардың ауыздарынан ішімдіктің иісі мүңкіп тұрды. Біреуінің беті жырылған, көзінің асты көкала ісік, - деп сипаттаты Сусанна тінтуге куәгер ретінде қатысқан екеуді.

АДАМ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУШЫНЫҢ ПІКІРІ

Сөз болып отырған процесті бақылап жүрген адам құқығын қорғаушы Анар Ыбраева, адвокаттарға құлақ-қағыс ретінде, Қылмыстық-процесуалдық кодекстің 86-шы бабының екінші тармағын келтіреді. Құжаттың бұл тұсы «болып жатқан нәрселерді дұрыс ұғына алатын адам» ғана куәгер ретінде келтірілетіндігін қарастырады.

Бұдан бөлек, тәуелсіз заңгер Анар Ыбраева адковаттарға Сусанна Сүлейменованы куәгер ретінде сотқа шақырту керек деген кеңес беріп отыр.

Бұл уақытта, Ф-1 гранатасы мен басқа да заттай айғақтарды ҰҚКД қызметкерлері Қуат Жоболаевтың Әл-Фараби ықшам ауданындағы пәтерінен, үй иесінің немесе туысқандарының қатысуынсыз тәркілеген деп мәлімдеді айыпталушылардың жақындары. Бұл істе келесі сот тыңдауы 24 шілдеге белгіленді.
XS
SM
MD
LG