Accessibility links

Ахмет Байтұрсынұлының туған күні қашан: қаңтар айында ма, қыркүйекте ме?


Ахмет Байтұрсынұлы тұрған және жұмыс істеген үй.Алматы, 14 қаңтар, 2009 жыл.
Ахмет Байтұрсынұлы тұрған және жұмыс істеген үй.Алматы, 14 қаңтар, 2009 жыл.

Өткен ғасырдың басындағы қазақтың жаңа заманға лайықты дамуы мен тәуелсіздігі үшін, қазақты ағарту жолында «Оян, қазақ!» деп атқа қонған Алаш ардақтыларының ішіндегі азаматтығымен, адалдығымен, ұлтына деген шексіз сүйіспеншілігімен ерекшеленген тұлға- Ахмет Байтұрсынұлы болған.

Ахаң мен Әлихан екеуі ұлт-азаттық күрес жолын өзге алаштықтардан ерте бастаған. Ахметті алаш зиялылары да, партияға өтіп большевик атанған қазақ зиялылары да атын атамай «Ахаң» деп өткен. Ол кісінің алдынан ешкім кесіп өтпеген. Оның сөзіне қай-қайсысы да тоқтаған. Ахаң НКВД-нің тергеуіне өз қолымен берген жауаптарында да қазақ зиялыларынан ешқайсысын жамандап, көрсетіп бермеген. Ахаң өмірінде бірде-бір адамға сатқындық жасамаған. Ол кісінің осы адалдығы мен асқан адамгершілігін сол тұстағы қазақ зиялылары да бағалаған.
Алайда, Ахаңның соңына шам алып түскендер болған. Олардың арасында бүгін біз тұлға ретінде бағалап жүрген азаматтар да бар дейді журналист Болат Мүрсәлім.

-«Самарада үлкен жиналыс өткен. Онда башқұрт көсемі Зәки Уәлиди, Түркістан үкіметінің төрағасы Мұстафа Шоқай және сібір үкіметінің адамдары қазақ, өзбек, башқұрт, қырғыз, тіпті сібірдегі түркі тектес халықтардың басын қосатын «Оңтүстік-шығыс Түркістан» деп аталатын мемлекеттік құрылым құрып, оның басшылығына Әлихан Бөкейхановты тағайындамақ болған. Осы жиналысқа Әлиханның адъютанты болған Байділдин деген адам да барған. Осы Байділдин кейін «Байтұрсыновшина деген не? Байтұрсыновтың құйыршықтары кімдер?» деген үлкен кітап жазған. «Байтұрсыновшылдық деген — ұлтшылдық құбылыс» деп Ахаңды қудалағандардың бірі осы Байділдин. Керек десеңіз, Ахаңды қаралап, соңына түскен коммунистердің ішінде, біз бүгін қайраткер деп жүрген Сәкен Сейфуллин мен Тұрар Рысқұловтың бар екені де тарихи шындық.
Журналист, "Қазақфильм" студиясының қызметкері Болат Мүрсәлім. Алматы, 14 қаңтар, 2009 жыл.


Біз деректі фильм түсіру барысында Алматыдағы мемлекеттік орталық кино, фотоқұжаттар және дыбыс жазбалар мұрағатындағы анықтамалықтан қазақ жері туралы 1925 жылы «Востокфильм» түсірген деректі фильм бар екенін біліп, аталған деректі фильмде алаш қайраткерлері міндетті түрде болу керек деп іздеп бардық. Өйткені, 1928 жылы Голощекиннің қудалауы басталғанға дейін қазақ зиялылары билікке белсене араласқан ғой. Мұрағат директорының орынбасары Ләззат Ақтаева бұл кадрда Ахмет Байтұрсынов бар екенін айтты. Шынында да, алдыңғы қатардың бірінде Ахмет Байтұрсынов біз көріп жүрген суретіндегідей көзінде көзілдірігі, басында қалпағы бар жиналыс тыңдап отыр. Президиумда Әлихан Бөкейханов отыр. Ахаң бұл кезде халық ағарту комиссары болып істеген. Бұл Ахаңның 50-ден асқан шағы.

Ал, 1923 жылы Орынборда Ахаңның 50 жылдығы үлкен той ретінде аталып өтілген. Онда Смағұл Сәдуақасов баяндама жасаған. Кейін Мұхтар Әуезов «Ұлттың рухани ұстазы» деген мақала жазған. Бұл той Ташкентте жалғасқан. Ахаңның туған күні мен жылына байланысты әр түрлі деректер бар. Бірақ қазіргі тоқтам, 1873 жылы 15 қаңтар делініп, осы күні Ахмет Байтұрсынұлының туған күні аталып өтіп жүр.

Ахаңның қызметін бірнеше кезеңге бөліп қарастыруға болады. Ең әуелі, халықты ояту жолындағы мұғалімдік қызметі. Одан кейін Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен саяси-ағартушылық қызмет жолында Міржақып екеуінің «Қазақ» газетін шығаруы және Алаш автономиясын құру жолындағы күреске толы қызметі.

Жалпы, Ахаң екі бірдей қазақ съезінің өтуі мен қазақ зиялыларының Орынборға жиналуына да мұрындық болған. Ол кісінің қазақ мемлекеттігі мен қазақ шекарасын белгілеп, сақтап қалуда да сіңірген еңбегі өте зор», - деді Азаттық радиосына берген сұхбатында журналист, «Қазақфильм» киностудиясының қызметкері Болат Мүрсәлім.
А. Байтұрсынұлының мұражай-үйінің директоры Райхан Есмағанбетова. Алматы, 14 қаңтар, 2009 жыл.

Бірақ Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы мұражай үйінің атқарушы директоры Райхан Есмағанбетова Ахаңның туған күні қыркүйектің бесі екенін, ол кісінің өз қолымен толтырылған анкеталары негізінде А. Байтұрсынұлы шығармашылығынан кандидаттық еңбегімді қорғаған кезімде дәлелдегем дейді. Ал, Алаш ардақтысының мұражай үйі болса, мемлекеттің қамқорлығын сезіне алмай отыр:

— Талай әкім ауысса да, тек Иманғали Тасмағанбетов мұражайды қорға қарайтын жекеменшік деген жоқ, болмаса қала бюджетіне кірмейді деп бетімізден қақпай мұражайға бастан-аяқ жөндеу жұмыстарын жасатып берді. Өкінішке қарай, мұражай жергілікті тарихи маңызы бар делініп тізімге алынғанымен, әлі күнге өз күнін өзі көріп келеді. Өйткені, бұл мұражай үйді жекешелендіру кезінде Ахметтің туған інісі Мәшеннің баласы Самрат деген кісі әуелі Ахаңның атындағы қор ашып, кейін осы үйді мұражай жасаған. Ахмет Байтұрсынұлын соңғы рет осы үйден алып кеткен, - дейді Райхан Есмағанбетова.

Ал, Орынбордағы Ахаңның өзі тұрған әрі «Қазақ» газетінің редакциясы болған үй мен екі бірдей жалпы қазақ съезі өткен ғимаратты тапқан әрі дәлелдеген ғалым Қамбар Атабаев, 2003 жылдан билікке осы үйлерді мемлекет қамқорлығына алып, мұражай жасайық деп зар қақсап айтып келе жатқанымен, ғалымға құлақ асқан адам болмаған:

— Тым құрыса екі тілде арнайы тақта ілейік деп қанша айттым. Сөйтейік деген бір адам болмады. Анау екі рет жалпы қазақ съезі өткен үй үлкен ғимарат, оны сатып алу мүмкін емес шығар. Бірақ екінші үйді сатып алуға болады. Қазір ол үйде сегіз отбасы тұрады. Олардың айтуынша, әр пәтердің құны Орынборда 20 мың доллар. Енді соны сатып алып, мұражай жасауға болады ғой. Соған Үкіметтің ақшасы жететін шығар. Кезі келіп тұрғанда айтып қалайын, Алашордаға 90 жыл былтыр толған болатын. Оны 2008 жылы 91 жыл толғанда тойладық. Тіпті Үкімет арнайы шешім шығармағанда тойламайтын ба едік, кім білсін?! Бұл не десең, біздің қазіргі зиялылардың құлдық санадан әлі арылмағаны, билікке қарап жалтақтап, соған жағынып отыратын әдетін қоймағаны. Өздігінен бұлар ешнәрсе жасай алмайды. Қызметімнен, беретін сыйлықтан айырылым қалам ба, балаларыма кесірі тие ме деп биліктің айтқанына «ләппай тақсыр» деп көне береді. Алаш қайраткерлерінің лайықты саяси бағасын ала алмай отырғаны да осы бүгінгі «зиялылардың» табансыздығының, қорқақтығының кесірі.

Ғалым Қамбар Атабаев айтқан Орынбордағы тарихи үйлерге байланысты Мәдениет министрлігіне хабарласқанымызбен, мұндай іске жауапты ешкімді таба алмадық.
XS
SM
MD
LG