Accessibility links

Кандидат Сыздықов президенттіктен үміттенбейді


Қазақстан коммунистік халықтық партиясы президенттікке ұсынған Тұрғын Сыздықов. Астана, 4 наурыз 2015 жыл.
Қазақстан коммунистік халықтық партиясы президенттікке ұсынған Тұрғын Сыздықов. Астана, 4 наурыз 2015 жыл.

Мерзімінен ерте өтетін президент сайлауына Қазақстан коммунистік халықтық партиясының жаңа басшысы Тұрғын Сыздықов түсіп жатыр. Ол сайлауда жеңбейтінін, бірақ, екінші орыннан дәмелі екенін айтады.

Президентшіл Қазақстан коммунистік халықтық партиясы (ҚКХП) ұсынған 67 жастағы Тұрғын Сыздықов президенттікке кандидат ретінде қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаевтан кейін екінші болып тіркелді. Ол қазақ тілінен емтихан тапсырып, орталық сайлау комиссиясына тиісті 93 мың қолдың орнына, жақтастарының 98 мың қолын жинап өткізген.

Тұрғын Сыздықов – президент сайлауына бірінші рет түскелі отыр. Ол президент сайлауы өткен сайын кандидатын ұсынатын, бірақ ресми дерек бойынша кандидаттары әр кез санаулы ғана дауыс жинайтын президентшіл ҚКХП атынан түседі.

«ТАБАНДЫ КОММУНИСТ»

Совет заманында Тұрғын Сыздықов жергілікті комсомол және партия ұйымдарында функционер болған. Совет одағы ыдыраған соң жергілікті деңгейдегі шенеуніктен Ақмола облыстық мәслихаты аппаратының басшысы қызметіне дейін өскен. 2013-2014 жылдары Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті ректорының кеңесшісі болып жұмыс істеген. Ал 2014 жылы күтпеген жерден ҚКХП орталық комитетінің үш хатшысының біріне айналды.

Ол коммунистік партия қатарынан ешқашан шыққан емес. Бізде ескі партбилеттерді пайдалана беруге болады

Азаттық тілшісімен әңгімелескен ҚКХП-ның бұрынғы басшысы әрі Тұрғын Сыздықовтың көкшетаулық жерлесі Владислав Косаревтің айтуынша, зейнет демалысына шыққанға дейін Сыздықов ҚКХП-ның белсендісі болмаған. Бірақ ол Сыздықовты «табанды коммунист» ретінде сипаттайды.

Азаттық тілшісінің «Тұрғын Сыздықов ҚКХП ұйымына мүшелікке қашан өтті?» деген сұрағына Владислав Косарев:

– Ол коммунистік партия қатарынан ешқашан шыққан емес. Бізде ескі партбилеттерді пайдалана беруге болады. Мен де КПСС билетімен жүрмін. Ал ол есепке тұра салды. Ол – табанды коммунист, Патриоттар партиясы, «Ақ жол» сияқты партиялардың ешқайсысына, тіпті «Нұр Отанға» да ешқашан кірген емес. Коммунистік идеологияға адал адам. Совет заманында аудандық партия комитетінде хатшы болып істеген білікті ұйымдастырушы, - деді.

ПАРТИЯ БАСШЫСЫНЫҢ АУЫСУЫ

Наурыздың 4-інде ҚКХП съезіне қатысушылар Тұрғын Сыздықовты президент сайлауына түсуге бірауыздан ұсынды. Партияның өзге екі үміткері өз кандидатурасын алып тастады. Съезде Сыздықовты партияның орталық комитеті құрамына кірмегенімен, кейбір БАҚ парламенттегі ҚКХП фракциясы жетекшісі ретінде атайтын Владислав Косарев ұсынды. Косарев БАҚ-тың өзін бұлай атауына қарсы емес екенін айтады.

Азаттық тілшісінің «Өзге екі үміткер съезде неліктен өз кандидатураларын алып тастады?» деген сұрағына ҚКХП бұрынғы жетекшісі Владислав Косарев «Съездің алдында өткізген пленум Тұрғын Сыздықовты бірінші хатшы қызметіне бекітуді ұсынды. Президент сайлауына аймақтық партия ұйымдары ұсынған екі өзге екі үміткер съезд партия жетекшісі ретінде Сыздықовты ұсынатынын түсініп, өз кандидатураларын алып тастаған сияқты» деп жауап берді.

«Съезде Тұрғын Сыздықовты партияның бірінші хатшысы ретінде бекіткен соң ғана президент сайлауына ұсындық» деп түсіндіреді Владислав Косарев. Партия басшылығындағы ауыс-түйіс нәтижесінде «қарапайым» хатшы Сыздықов бірінші хатшыға, ал орталық комитеттің бұрынғы бірінші хатшысы Жамбыл Ахметбеков «қарапайым» хатшыға айналған.

Қазақстан коммунистік партиясын жабу ісі бойынша сот отырысы. Алматы, 25 ақпан 2015 жыл.
Қазақстан коммунистік партиясын жабу ісі бойынша сот отырысы. Алматы, 25 ақпан 2015 жыл.

Айтпақшы, 2011 жылғы президент сайлауында Жамбыл Ахметбеков те кандидат болған. Сайлау науқаны кезінде съезд оны да ҚКХП ұйымын құрған әрі басшысы Владислав Косаревтің орнына партия орталық комитетінің бірінші хатшысы етіп бекіткен болатын. Тұрғын Сыздықов – оппозициялық Қазақстан коммунистік партиясына балама ұйым ретінде құрылған ҚКХП-ның үшінші басшысы. Президентшіл коммунистік партия үнемі парламенттен орын алып, ал басшылары президент сайлауына «Назарбаевқа балама» ретінде қатысады. Ал оппозициялық Қазақстан коммунистік партиясының (Серікболсын Әбділдин басқарған – ред.) қызметіне билік «партия мүшелері санын дұрыс көрсетпеді» деген уәжбен уақытша тыйым салған.

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ

ҚКХП-нан президенттікке үміткер әрі партияның қазіргі басшысы Тұрғын Сыздықовтың Азаттық тілшісіне айтуынша, оның сайлауалды бағдарламасын партия съезі бекіткен. Коммунист үміткердің бағдарламасы энергетика нысандары мен экономиканың негізгі салаларын мемлекет меншігіне қайтаруды көздейді.

Тұрғын Сыздықовтың сайлауалды бағдарламасы «жалдамалы еңбекті капиталистік қанау мен материалдық игіліктерді бөлудің буржуазиялық принциптеріне» қарсы ашық күрес жариялайтынын мәлімдейді. Бағдарламаға сәйкес, материалдық игіліктер әлеуметтік жағдайына қарамастан бүкіл қоғам мүшелеріне бөлінуі тиіс.

Қазақстан коммунистік халықтық партиясы мүшелері билік рұқсат еткен жиында тұр. Алматы, 25 ақпан 2015 жыл.
Қазақстан коммунистік халықтық партиясы мүшелері билік рұқсат еткен жиында тұр. Алматы, 25 ақпан 2015 жыл.

Тұрғын Сыздықовтың сайлауалды бағдарламасына сәйкес, ғылыми-техникалық прогресс негізі ретінде елде білім беру тегін болуы керек. Халыққа медициналық қызмет те тегін көрсетілуі тиіс.

Бірақ Тұрғын Сыздықов «біз бұрынғы советтік-коммунистік модельге толық оралу мақсатын көздемейміз» деп түсіндіреді. Оның пікірінше, коммунистер саяси тұрғыдан басшылық етеді, ал капитал еңбекшілерді лайықты еңбекақымен қамтамасыз ету арқылы экономикамен айналысуы тиіс.

Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде Тұрғын Сыздықовтан бөлек қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан кәсіподақтары федерациясы төрағасы Әбілғазы Құсайынов тіркелген. Мерзімінен ерте өтетін президент сайлауы сәуірдің 26-сына белгіленген.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG