Accessibility links

Амнистия таяғанда тұтқын Жовтистің «кемшіліктері» көбейді


Сотталған құқық қорғаушы Евгений Жовтистің суреті жапсырылған шар.
Сотталған құқық қорғаушы Евгений Жовтистің суреті жапсырылған шар.

Ұлан аудандық соты Жовтистің берген бес шағымының барлығын қанағаттандырмай тастады. Жақындары оның амнистияға ілінуінен үміттенсе, құқық қорғаушылар бұған күмән келтіреді.


Бұл туралы Азаттық радиосына құқық қорғаушының адвокаты әрі әйелі Светлана Витковская хабарлады. Оның айтуынша, әңгіме - Жовтис жазасын өтеп жатқан колонияның үстінен түсірілген, бес талаптап тұратын шағым туралы. Бұл шағым Шығыс Қазақстан облысы аумағында орналасқан сотқа өткен жылдың қазан айында түсірілген екен.

«ҚОНЫСТАНДЫРУ КОЛОНИЯСЫ – ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН РЕЖИМДЕГІ ТҮРМЕ»

– Бес талаптың ішіндегі ең негізгісі – жолдасым жазасын өтеп жатқан колониядағы режимді қатаңдатқан түрме әкімшілігінің әрекетін заңсыз деп тану туралы талап болатын. Себебі абайсызда қылмыс жасағандарға арналған қоныстандыру колониясы – жеңілдетілген режимдегі түрмелердің ерекше түрі. Яғни, аты айтып тұрғандай, мұнда адамдар қоныстанып өмір сүреді. Оларды тек бақылайды. Ал Евгений Александрович жазасын өтеп
Евгений Жовтистің зайыбы Светлана Витковская. Алматы, 10 қараша 2009 жыл.
жатқан колонияда бір жыл сегіз айдан бері әкімшілік бірде-бір сотталушыға колониядан тыс жерде өмір сүруіне рұқсат бермеген. Тек бірді-екілі әйел ғана шыға алған. Мұнысымен бұл колония қоныстандыру емес, жалпы режимдегі колонияға ұқсас келеді, – деді Светлана Витковская сәуірдің 5-і күні Азаттық радиосына.

Оның айтуынша, шағым иесінің арызында сонымен қатар «колониядан тыс жерде жұмыс істеуіне рұқсат бермеу», «теледидар көргені үшін айыппұл салу» сияқты түрме әкімшілігінің талаптарын заңсыз деп тану туралы талаптар бар.

Алайда сәуірдің 4-і күні Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы №2 аудандық сот құқық қорғаушының талаптарын негізсіз деп тауып, өтінішін қанағаттандырмады. Светлана Витковская әзірше сот шешімін аппеляцияға беру-бермеу мәселесін шешпегенін айтады.

Тәуелсіз журналист, Жовтисті қорғау штабының жетекшісі Сергей Дуванов мұндай шешімнің ешкімге жаңалық емес екенін айтады.

– Қазақстанда сау ақылды кез-келген адам соттың не себепті өтінішті қанағаттандырмағанын, алдағы уақытта қанағаттандырмайтынын да жақсы біледі. Себебі, қайталап айтамын: Жовтис қылмыс жасағаны үшін түрмеде отырған жоқ, «саяси қылмысы» үшін, яғни құқық қорғаушы ретінде қазіргі режимді сынағаны үшін темір тордың ар жағында отыр, – дейді Сергей Дуванов.

ЖОВТИС АМНИСТИЯҒА ІЛІНЕ МЕ?

«ҚазТАГ» агенттігінің хабарлауынша, наурыздың 25-і күні Әділет вице-министрі Дулат Құсдәулетов Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орайластырған амнистияға түрмеде отырған журналист Рамазан Есіргепов мен құқық қорғаушы Евгений Жовтистің ілінуі мүмкін екенін айтқан еді.
Республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметінің өкілі Самал Ғадылбекованың айтуынша, қазір амнистияға байланысты заң
Жовтисті қорғау штабының жетекшісі тәуелсіз журналист Сергей Дуванов. Алматы, 15 қараша 2010 жыл.
жобасы дайындалып жатыр. Бірақ амнистияға кімнің ілінер-ілінбесі әлі белгісіз.

– Қазір президенттің тапсырмасы бойынша жұмыс тобы құрылған. Қазір жұмыс тобы сол жобаны талқылап жатыр. «Қылмыстық кодекстің қандай баптары ілінеді?», «Оған қандай баптар кіреді?», т.б. мәселерді талқылап жатыр. Біріншіден, білесіздер, амнистияға жеңіл және орташа қылмыстар ілінеді. Жұмыс тобы осы сияқты мәселелерді шешкеннен кейін заң жобасы үкімет үйіне жіберіледі. Заң қабылданғаннан кейін барып кімнің ілінген-ілінбегенін айта аламыз, – деді Самал Ғадылбекова сәуірдің 5-і күні Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, амнистияға бес мыңға жуық сотталушы ілінуі мүмкін.
2011 жылдың басында Өскемен түрмесінің әкімшілігі өкілдерінен құралған арнайы комиссия төрт жылға бас бостандығынан айрылған құқық қорғаушы Евгений Жовтисті шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы мәселені қарап, оны босатпау туралы шешім шығарған еді. Комиссия өкілдері Жовтис «түзелуге әрекет жасамады», «колонияның өміріне белсенді араласпайды» деген уәждер келтірген.

Қазақстандағы Адам құқығы мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис «жол жүру ережесін бұзып, кісі өліміне себепкер болды» деген айыппен 2009 жылдың 3 қыркүйегінде 4 жылға бас бостандығынан айырылған.

Евгений Жовтис қазір Шығыс Қазақстан облысы Саратовка елді мекеніндегі ОВ-156/13 қоныстандыру колониясында жазасын өтеп жатыр.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG