Accessibility links

Жоспарсыз жүріп жатқан урбанизация


Астана маңындағы ауыл. (Көрнекі сурет)
Астана маңындағы ауыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан халқының 60 пайызға жуығы қалада тұрады. Қалада тұрғысы келетіндер саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Азаттық осы үрдіс туралы мамандардың пікірін білді.

Гүлжан Сұлтанова осыдан төрт жыл бұрын Алматы қаласына жұмыс іздеп, көшіп келген. Қазір ол отбасымен қалада пәтер жалдап тұрып жатыр.
Алматы қаласының тұрғыны Гүлжан Сұлтанова. Алматы, 22 желтоқсан 2012 жыл.
Алматы қаласының тұрғыны Гүлжан Сұлтанова. Алматы, 22 желтоқсан 2012 жыл.

- Жолдасым да, өзім де Алматы облысындағы Ұшбұлақ ауылынан боламын. 2008 жылы қаладан жұмыс табылар деп көшіп келгенбіз. Ауылда жұмыс жоқ. Ал Алматыда мұғалім және еден жуушы болып жұмысқа орналастым. Күйеуім қаладағы базарлардың бірінде жұмыс жасайды. Үшбұлақта жұмыс табу қиын. Қазір онда жастар қалған жоқ. Бәрі қалаға келіп жатыр, - дейді сұхбаттасымыз.

«МЕМЛЕКЕТ УРБАНИЗАЦИЯНЫ РЕТТЕЙ АЛМАЙ ҚАЛДЫ»

Сарапшы мамандар Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін халықтың жұмыс іздеп, қалаға жаппай көше бастағанын айтады.

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедовтың сөзінше, Совет Одағы кезінде урбанизация мемлекеттің қадағалауында болған.

- Советтік кезеңде халықтың қалаға көшуі реттеліп отырды. Қалаға да, ауылға да жағдай жасалды. Ауылда жұмыс табылды. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекет ауылдан гөрі қаланы дамытуға көп көңіл бөлді. Ауылда жұмыс азайып, халық жаппай қалаға көше бастады. Мемлекет урбанизацияны реттеп, дұрыс жүргізе алмай қалды, - дейді саясаттанушы.

Урбанизация мәселесін зерттеп жүрген блогер Қазбек Бейсебаевтың айтуынша, совет заманында ауылда тұруға ынталы жұрт көбірек болды.

- Совет заманында ауыл колхоз, совхоз болды да, ол жаққа жақсы көмек берілді. Совхоз, колхоз «жоспарлы экономиканы» орындайтын орталық және ел экономикасының негізгі доноры болды. Халық жұмыстан қысылған жоқ. Ал қазір тәуелсіз Қазақстанда жағдай өзгерген. Жастар «ауылда тіршілік жоқ» деп, қалаға асығады, - дейді ол.

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедовтің айтуынша, мемлекет ауылдағы жұртты Астана мен Алматыға өздері «шақырып» отыр.
Жезқазған, Семей, Қызылорда сияқты қалаларды дамыту тоқтады. Халық Астана мен Алматыға кетіп жатыр. Қонаев шағын қалаларға да көңіл бөлді. Ал олар қазір Астана мен Алматының көлеңкесінде қалды.

- Мемлекет Астананың имиджін көтеруге ақшаны аяп жатқан жоқ. Алматы - бір мегополис. Ал Талдықорған, Жезқазған, Семей, Қызылорда қалаларын дамыту тоқтап қалды. Осыдан болар, халық «болашағы бар» деп Астана мен Алматыға кетіп жатыр. Дінмұхаммед Қонаев ел басқарған кезде Текелі, Жаңатас, Рудный, Кентау, Сәтпаев сияқты шағын қалаларға да көңіл бөлініп еді. Олар да қазір Астана мен Алматының көлеңкесінде қалып қойды, - дейді саясаттанушы.

Оның айтуынша, сырттан халық ағылған Алматы сияқты ірі қаланың өз басы мен төңірегіндегі шағын қалалардың да мәселелері жетерлік. Бұдан ары қарай созылып өсе алмайтын елдің ең ірі шаһарын Талғар, Қаскелең мен Қапшағай сияқты төңірегіндегі қалалармен жалғап тұратын жүрдек пойыз жолы жүйесі салынуы тиіс.

ХАЛЫҚТЫ АУЫЛДА ҰСТАП ТҰРУ МҮМКІН БЕ?

Қазбек Бейсебаев халықтың санына байланысты статистикаға сенбейтінін айтады.

- Алматы халқы негізгі есеп бойынша 1,5 миллионға жуық. Бірақ қазір Алматыда екі миллионнан астам халық жүр. Ал Қазақстанның халқының 45 пайызы ауылда дейді. Жалпы алып қарағанда қазір ауыл халқы - 35 пайыз. Ауылда жұмыс орнын ашу керек. Тіпті сыпыртқы, күрек жасайтын зауыт немесе шұлық тоқитын, киім тігетін жұмыс орындарын ашу арқылы құрып бара жатқан ауылды сақтап қалуға болады, - дейді сұхбаттасымыз.

Ал саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов:

- Қазақстанда мұнай, газ бар. Одан келген пайданы Астананы дамытуға жұмсай беру, ауылдарды өлтіреді. Мемлекет мұнай-газдың ақшасын тең бөлуі керек. Үкімет ауылға қаржы бөліп, жұмыс орындарын ашып жатырмыз дейді. Бірақ ауыл халқы әлі жұмыссыз, - деген пікір айтты.

Саясаттанушы Әзімбай Ғалидың ойынша, Қазақстанда жаппай басталған урбанизацияны тоқтату мүмкін емес.
Арқалық тұрғындары "Көпқабатты үйлердің қаңырап қалуының себебі – 2000-ші жылдары болған жылу мен жарықтың жетіспеушілігі" дейді. Арқалық, 31 желтоқсан 2012 жыл.
Арқалық тұрғындары "Көпқабатты үйлердің қаңырап қалуының себебі – 2000-ші жылдары болған жылу мен жарықтың жетіспеушілігі" дейді. Арқалық, 31 желтоқсан 2012 жыл.

- Қазақстан қазір толық урбанизациядан өткен ел. Астана мен Алматыға ауыл халқының жаппай көшуі совет заманында монофункционалды болған қалалар, яғни Текелі мен Сәтпаевтың халқы да кейін Алматы мен Астанаға ағылуы мүмкін. Сондықтан бұл қалаларға да бұрынғы экономикалық позицияларын қайтарып беру керек. Ал жалпы урбанизацияны тоқтату мүмкін емес. Себебі тоқсаныншы жылдардың басында бұл жүйе жүгенсіз кетіп, дұрыс қолға алынбады, - дейді ол.

Ал Қазақстан ішкі істер министрлігі көші-қон комитетінің қызметкері Жанат Сембинова Қазақстанда ішкі миграцияға шектеу жоқ екенін айтады.

- Қазақстанда ауылдан қалаға, қаладан ауылға, ауылдан ауылға көшуге байланысты қандай да бір саясат жоқ. Шектеу де жоқ. Барлығы азаматтардың өз еркінде, - дейді министрлік өкілі.

Ресми дерек бойынша, Қазақстан халқының 43% ауылда, 57% қалада тұрады. Ең көп қала халқы - 1,4 миллионнан астам адам Алматыда тұрады. Астанада тұратындар саны - 740 мыңдай адам. Ресми мәліметтер бойынша ең аз қала халқы – 230 мың адам Солтүстік Қазақстан облысында қоныстанған.

Бірқатар мамандардың болжауы бойынша, Қазақстандағы қала мен ауыл халқының ара-қатынасы алдағы 20-30 жыл ішінде 65:35 деген пропорцияға жетеді. Ресей мен Беларусьтегі қала халқы - ел тұрғындарының 72 пайызы, Украина мен Арменияда - 70 пайыз. АҚШ тұрғындарының 90 пайыздан астамы қалада тұрады.
XS
SM
MD
LG