Алаш тақырыбын зерттеп жүрген тарихшы Берік Әбдіғали Астанада «Аманат» клубында өткен жиында большевиктерге қарсы соғысқан ақтар қозғалысының жетекшісі Александр Колчак (1874-1920) пен Александр Дутов (1879-1921) жайлы видео көрсетті. Оның пікірінше, ұзақтығы екі-үш минуттық осы видеодағы бөрік киген атты әскерлер – «атаман Дутовтың қазақ оққағарлары».
Ресейдің Омбы қаласындағы архивтен Алаш әскері туралы басқа да деректер тапқанын айтқан зерттеуші Азаттыққа берген сұхбатында «Дутовтың қазақ оққағарлары» жайлы болжамын да түсіндірді.
Азаттық: – Видеодағы бөрікті он шақты адамды қазақ дегенде қандай дерекке сүйендіңіз?
Берік Әбдіғали: – «Дутовтың конвойы, яғни оққағары - қазақтар» деген деректі бұрын әр жерден оқитын едік. Колчактың орынбасары болған Морис Жанен деген француз генералының жазбаларында Дутов Колчактың қабылдауына қазақ оққағарымен келгені айтылады. Жалпы, Дутов қоғам назарын өзіне аудартып жүруді жақсы көрген адам. Сол кезеңдегі газеттерде оны қазақ әскері күзететіні туралы әртүрлі, арасында тіпті күлкіге айналдырған жазбалар бар. Басына бөрік киген оққағардың суреті де баспасөз бетінде басылған.
Азаттық: – Видеодағы сіз «қазақтар» деп сипаттаған адамдардың аты-жөндері белгілі ме?
Берік Әбдіғали: – Жоқ, аты-жөндері белгісіз. Дәл осы жігіттердің құжаттары әзірге табылмады.
Азаттық: – Дутовтың күзетке қазақтарды таңдауына не себеп болған?
Берік Әбдіғали: – Біріншіден, большевиктермен күресте Алаш әскерінің басты одақтасы ақтар – Колчак әскері болған. Дутов оққағарларды Қостанайда құрылған екі алаш полкінен таңдап алған. Оның және бір себебі – Дутов қасында жүрген орыс әскеріне көп сене бермеген. Себебі күш алып келе жатқан большевиктер қатарына қашып кететіндер көп болған. Сондықтан, Дутов мұсылман жасақтарына көп сенім артқан.
Азаттық: – Бұл видео қай жылы қай жерде түсірілген? Оны қалай таптыңыз?
Берік Әбдіғали: – Француздар түсірген. Большевиктерге қарсы күрескен Колчак әскеріне кезінде француздар мен ағылшындар қару-жарақ, киім-кешек, қаржылай көп көмек көрсеткен. Ол көмекті Алаш әскері де алған. Сондай алыс-беріс кезінде француздар 1919 жылы Семейде видеоға түсіріп алыпты. 1919 жылғы Семей қаласының келбеті және теміржол бойындағы қазақтар туралы видеоны да осы Колчак әскеріне келген француздар түсірген.
Бұл видеоны осыдан екі-үш ай бұрын Ресейдің Омбы қаласындағы Азамат соғысын зерттеу орталығынан кездейсоқ кезіктірдім. Үш-төрт жыл бойы тізім бойынша құжаттар іздеп жүргенмін. Алаш тарихына қатысты құжаттарды іздеп жүргенімді естіген сол жердегі мамандар «мынау сізге қызық болар» деп көрсетті. Франция 2005 жылы Большевиктердің қарсыласы атаман Колчакқа қатысты біраз құжаттарды Ресейге тапсырған екен. Соның ішінде осы видео жүр. Орыс мамандары аса мән бермесе керек. Ал бізге бұл дерек – құнды әрі қызық.
Азаттық: – Әңгімеңізге рахмет.