2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні полиция ереуілдеп тұрған мұнайшыларды күшпен басқан кезде оққа ұшқан жаңаөзендік тұрғын Бекежан Дүйсебаевтың жесірі 55 жастағы Нұрсұлу Дүйсебаева күйеуін екі күннен соң ғана мәйітханадан қалай тауып алғанын еске түсіреді. Қақтығыс болған күні қызы Айжан аяғына оқ тиіп ауруханаға түссе, ұлы Парахатқа күдікті ретінде іздеу жарияланған.
- Ойымызда ештеңе жоқ. Айжан балаларын ертіп тойға кеткен. Маған «палау пісіріп қой, бір айналып келеміз» деген. Шалым (Бекежан Дүйсебаев – ред.) желтоқсанның 16-сы күні садақаға кетіп еді. Түскі бірлерде «Айжан атылып, ауруханаға түсіп қалыпты» деген хабар жетті. Бәріміз солай жүгірдік. Шалда шаруамыз болмады, - деп еске алады Нұрсұлу.
Ауруханаға барғанда қанға бөккен қызын көріп шешесі есінен танып қала жаздаған. Ауылдың сынықшысын ертіп әкеліп, аурухана ішінде сынған сүйекті қалпына келтіруге тырысқан.
- Оқ жуан саннан тиіп, бөлініп қалған. Сынықшы мен жергілікті дәрігердің жәрдемімен салған сүйекті кейін Ресейдің Қорған қаласындағы мамандарға тексерткенде, олар «жақсы салыпты» деген, - дейді ол.
Нұрсұлу күйеуін желтоқсанның 18-і күні мәйітханадан тауып алыпты. Мәйітханадағы көрініс туралы айта алмай, көзіне жас үйіріліп бөгеліңкіреп қалған ол бірден келесі күні не істегенін айтуға көшті.
- Желтоқсанның 19-ы күні үйге шығарып алдым. Оқ басынан тиіпті. Жер қойнына тек 21-і күні тапсырдық. Дер кезінде жерлей алмадық. Үш күн жатты. Қиын күндер болды ғой. Есік алдында ОМОН-дар тұрды, ағаш үй тіктірмеді, қазан көтертпеді. Ішкі істер басқармасынан әзер дегенде рұқсат алдық, - дейді Нұрсұлу Дүйсебаева.
«ҰЛЫМДЫ ПОЛИЦИЯҒА ӨЗІМ АПАРДЫМ»
Нұрсұлу Дүйсебаеваның ұлы Парахат – «ӨзенМұнайГаздың» мұнайшысы, 2011 жылы жеті ай бойы алаңда ереуілдеп тұрғандардың бірі. Оқиға кезінде оған іздеу жарияланған.
- Мен оны аласапыран басылсын деп тығып қойдым. Кейін іздеп маза бермеген соң, қаңтардың 2-сінде өзім апарып полицияға тапсырдым. Айттым: «Мә, жеймісіңдер, жеңдер. Өзенді, Маңғыстауды ұстап тұрған осы екен ғой» деп. Кейін Айжанды «полицияға қол көтерді» деп, Парахатты «ереуілге қатысты» деп соттады, - дейді ол.
Бірақ Нұрсұлудың айтуынша, сот шешімімен Айжан ақталып, Парахат шартты жазаға кесіліп қамаудан шыққан.
Жаңаөзендік мұнайшының жесірі «ел тынышталған соң» жергілікті билік отбасына бірсыпыра әлеуметтік көмек бергенін айтты.
- Бермеді дей алмаймын. Әкімдігі бар, мекемесі («ӨзенМұнайГаз») бар 3 миллион теңге ақша берді. Оны тек қырқына, жүзіне, жылына жұмсадым. Кепілім бар еді соны жапты, коммуналдық төлемдерімді өтеп бермекші. Қыздарымды жұмысқа алуға уәде етті, - деді ол.
«КӨРГЕН ЖӘБІРІМІЗ ЖЕТЕДІ»
Нұрсұлу Дүйсебаева денсаулығының нашарлап кеткенін айтып шағымданды.
- Маған «курортқа бар» деген ұсыныс айтылды. «Бармаймын» дедім. Алдымызда тағы 16 желтоқсан келе жатыр. Көзім қорқып қалған. Балаларды жалғыз тастай алмаймын, - дейді ол.
Оның айтуынша, 2011 жылғы оқиғадан бері алаңда мереке болады десе, көңіліне қорқыныш ұялайды.
- «Алаңда ағаш үй тігіліп жатыр, мереке болады екен» дегенді естісем болды балаларды үйге қамап қоямын. "Көрген жәбіріміз жетеді. Үйіңді біл, жұмысыңды біл" деймін, - дейді Нұрсұлу.
2011 жылғы желтоқсанның 16-сы күні Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы мұнайшылардың ұзаққа созылған ереуілін полиция мен арнайы жасақ күшпен басып, 15 адам қаза болып, жүзге тарта адам жараланған еді.
«Жаңаөзен ісі» бойынша 2012 жылы отызға жуық мұнайшы мен белсенді «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деген айыппен түрлі жазаға кесіліп, бірнеше жергілікті шенеунік пен полиция қызметкерлері «өкілетті асыра пайдаланды» деген айыппен сотталған болатын.
«Жаңаөзен оқиғасы» кезінде және одан кейін қамауға алынғандардың қорғаушылары азаптау мен ұрып-соғу бойынша шағым түсіргенімен әлі күнге дейін тәуелсіз түрде тексеру жасалған жоқ.