Accessibility links

Бос пәтерден бала-шағасымен қоса шығуды бұйырды


Гүлжаз Әбжамалова кіріп алған пәтерінің бір бөлмесінде отыр. Сәтбаев қаласы, 10 шілде 2014 жыл.
Гүлжаз Әбжамалова кіріп алған пәтерінің бір бөлмесінде отыр. Сәтбаев қаласы, 10 шілде 2014 жыл.

Қарағанды облысы Сәтбаев қаласының тұрғыны, басқа баспана берместен бос тұрған пәтерден бала-шағасымен бірге шығаруды талап еткен қала әкімдігімен соттасқан Гүлжаз Әбжамалова апелляциялық сотта жеңілді.

Гүлжаз Әбжамалованың өкілі Әбілда Әбдікәрімовтың Азаттық тілшісіне айтуынша, қарашаның 19-ы күні кешкісін Қарағанды облысының апелляциялық соты бұрынғы соттың пәтерден шығару туралы шешімін қолдаған. Құқық қорғаушының айтуынша, Гүлжаз Әбжамалова баспана бермей шығаруға болмайтын азаматтар қатарына қосылатынын сот ескермеген.

Оның айтуынша, сотқа Қарағанды қаласының қамқорлық және қорғаншылық органы өкілдері де қатысқан. Олар үйсіз жандарды баспанамен қамтамасыз етуі тиіс биліктің «үш бала анасымен бірге пәтерден шығарылуы тиіс» деген талабын құптаған.

– Балаларды үйінен шығару – біздің ел ратификациялаған бала құқығы туралы Женева конвенциясын өрескел бұзу. Олар мұны тіпті елеген де жоқ, үш баланы далаға қуып шығу – атқарушы биліктің қылмысы, – дейді Әбілда Әбдікәрімов.

Жалғызбасты жұмыссыз ана әрі екінші топ мүгедегі Гүлжаз Әбжамалова сотқа қатысқан жоқ. Ол бұған дейін Азаттық тілшісіне ұлдарының бірі ауруханаға түскенін, бүйрегі ауыратын екінші баласын да дәрігерлер ауруханаға жатқызып, емдетуге кеңес бергенін айтқан.

Ол кассациялық шағым беріп, кейін жоғарғы сотқа жүгінбек.

Гүлжаз Әбжамалова сот аяқталғанша қазір тұрып жатқан пәтерде қала бермек. Ол «үш баламмен баратын жерім жоқ» дейді. Оның үлкен ұлы 11 жаста, кішісі – 8-де, ал қызы – 6 жаста.

Бес жыл бұрын күйеуі жүрек талмасынан қайтыс болып, Гүлжаз үш баламен жесір қалған. Кейін өзі туберкулезге шалдығып, екінші топ мүгедектігін алған. «Туберкулезбен ауырғандықтан жұмысқа орналаса алмай жүрмін дейді ол.

Гүлжаз Әбжамалова тұрып жатқан үйдің терезесі жоқ асханасы. Сәтбаев қаласы, 10 шілде 2014 жыл.
Гүлжаз Әбжамалова тұрып жатқан үйдің терезесі жоқ асханасы. Сәтбаев қаласы, 10 шілде 2014 жыл.

Гүлжаз Әбжамалова Қарағанды облысындағы шағын өнеркәсіптік қала Сәтбаевтың ықшам аудандарының біріндегі бос қалған пәтерді биыл сәуірде басып алған. Оған дейін үш баласымен пәтер жалдап тұрған. 2014 жылдың басында таныстарынан «жергілікті алқаштар мен бомждар» тұрып жатқан бос баспана барын естіген Гүлжаз Әбжамалова қалалық әкімдікке барып, шенеуніктерден бала-шағасымен осы пәтерге кіргізуді сұраған.

Бірақ жергілікті биліктің жауабын күтпестен бос тұрған пәтерге басып кіріп, оны жөндеуге кіріскен. Оның айтуынша, қабырғадан басқа ештеңе болмаған, батарея, сантехника орнатып, тіпті бір бөлмесіне терезе салған. Гүлжаз бұл қадамға шарасыздықтан әрі жалдап тұратын пәтерге ай сайын 35 мың теңге (200 долларға жуық) төлеуге шамасы келмегендіктен барғанын айтады.

Оның айтуынша, төрт адамдық отбасының кірісі мемлекеттік жәрдемақылардан – асыраушысынан айырылғаны үшін төленетін 13 мың теңге (70 доллар), мүгедектігі үшін алатын 23 мыңдай теңге (126 доллар) және әр балаға тоқсан сайын төленетін 5 мың теңгеден (27 доллар) құралған.

Қыркүйектің басында Сәтбаев қалалық соты Гүлжаз Әбжамалованы балаларымен бірге «мемлекеттік тұрғын үй қорына жататын пәтерден басқа баспана бермей шығаруға» қаулы еткен. Сот биліктің «аталған мекенжай бойынша орналасқан пәтердің жеке меншік құқығы ешкімнің атына тіркелмегендіктен бұл пәтер мемлекеттік тұрғын үй қорына жатады» деген уәжін қолдаған.

Гүлжаз Әбжамалова пәтер басып алған үй. Сәтбаев қаласы, 10 шілде 2014 жыл.
Гүлжаз Әбжамалова пәтер басып алған үй. Сәтбаев қаласы, 10 шілде 2014 жыл.

Сотта әкімдік өкілдері бұл ереже «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңда қарастырылғанын және осы ережеге сәйкес бос қалған пәтерлер баспанаға мұқтаж азаматтарға, әуелі екінші дүниежүзілік соғыс мүгедектері мен ардагерлеріне, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға берілетінін ескерткен.

Гүлжаз Әбжамалова бос пәтерді өзінің атына тіркеуді сұрап қарсы арыз жазған. Бірақ сот «мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алатындар тізіміне қосылғансыз» деген уәжбен өтінішін орындаудан бас тартқан. Пәтер кезегіне 2011 жылдың мамыр айында тұрған Гүлжаз Әбжамалованың биылғы кезек нөмірі – 239.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG