Accessibility links

Еңбек мигранттары Қазақстанға келуге құлықсыз


Тәжікстанға баратын пойызда отырған ер адам. Мәскеу, 7 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Тәжікстанға баратын пойызда отырған ер адам. Мәскеу, 7 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан шетелден жұмыс күші ағылуы мүмкін деген қауіппен көші-қон заңдарын күшейтіп жатыр. Ал еңбек мигранттары «Қазақстанға баруға құлқымыз жоқ» дейді.

32 жастағы қырғызстандық еңбек мигранты Нұрлан (аты-жөнін толық атамауды сұрады) бірнеше жылдан бері Мәскеуде жұмыс істейді. Ол Ресей рублінің құлдырауына байланысты жалақысы екі есе құнсызданып кеткенін айтады.

ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫ ТАҢДАЙТЫН ЕЛДЕР

Нұрлан соңғы кездері басқа елден жұмыс іздеуді көп ойлайды, бірақ қайда барарын білмейді. Ол Қырғызстанға қайтқысы келмейді.

- Мәскеуде мигранттар орта есеппен 20-25 мың рубль жалақы алады. Бірақ қазір жұмысқа орналасу үшін патент жүйесін енгізді. Егер оны өзің сатып алсаң, айына 4 мың рубль төлейсің. Ал делдал арқылы алсаң, 16 мың рубль тұрады. 5 мың рубльге пәтер жалдап, тағы 5 мың рубльді тамаққа жұмсағанда үйге жіберетін ештеңе қалмайды, - дейді Нұрлан.

Ресейдегі еңбек мигранттары Нұрлан айтқан патентті сатып алу үшін биыл қаңтардан бастап медициналық анықтама өткізіп, орыс тілінен, Ресей заңдары мен тарихынан емтихан тапсыруы тиіс. Тәжік диаспорасы өкілі әрі «ЭТМОС» ұйымының жетекшісі Каримжон Еровтың мигранттардың көбіне бұл талаптар қиын тигенін айтады. Сондықтан оның сөзінше, мигранттар Ресейде көбінесе заңсыз жұмыс істейді.

Ресейде жүрген еңбек мигранттары жан бағу үшін Қазақстаннан гөрі араб елдеріне немесе Кореяға барғанды жөн санайды.

Каримжон Еровтың тәжік еңбек мигранттары Қазақстанға баруға құлықсыз екенін айтады. Өйткені олар Қазақстанда Мәскеудегідей жалақы жоқ деп есептейді. Еровтың пікірінше, көп ұзамай Қазақстанда да дағдарыс басталады.

- Қазір Ресейде жүрген еңбек мигранттары жан бағу үшін Қазақстаннан гөрі араб елдеріне немесе Кореяға барғанды жөн санайды, - дейді Каримжон Еров Азаттық тілшісіне.

АНЫҚТАМА ҚАҒАЗДАРЫ

Қазақстан билігі «шетелден жұмыс күші ағылуы мүмкін» деп күткенімен, әзірше Ресейден келіп жатқан мигранттар нөпірі байқалмайтынын айтады.

- Ресей валютасының құнсыздануы мен экономикасындағы ахуалды ескерсек, мигранттар саны артуы мүмкін деген қауіп бар. Сондықтан бұл тұрғыда тиісті шаралар қолданылып жатыр, - деді денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғындықов жуықта парламенттегі жеке әңгіме барысында.

Ал өткен аптада премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев «Қазақстан рубльдің құнсыздануына байланысты Ресейден келетін еңбек көші-қонын бақылауды күшейтеді» деп мәлімдеген.

Жаңаөзенде құрылыста жүрген еңбек мигранттары. (Көрнекі сурет)
Жаңаөзенде құрылыста жүрген еңбек мигранттары. (Көрнекі сурет)

Қазір парламентте көші-қон процесін бақылауды күшейтуді көздейтін көші-қон және халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі заң жобасы қаралып жатыр. Былтыр Қазақстан көші-қон заңдарын бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтіп, заң талаптарын бұзғандарға ел аумағына бес жылға дейін келуге тыйым салу нормасын енгізген. Мұндай норма Ресейде де бар.

Жобада ұсынылған түзетулерге сәйкес, Қазақстанға өз бетінше жұмыс іздеп келетін еңбек мигранттары квотасын жою жоспарланған, бірақ кәсіби біліктілігіне қатысты үш ай мерзімге берілетін анықтама енгізбек.

Ал еңбек мигранттары әзірше ұзартуға болатын әрі үш жылға дейін берілетін рұқсат қағазын алып, жұмыс істей беруіне болады. Қазақстанда біліктілік деңгейін ұпай жүйесімен бағалау жоспарланған, ал бұл анықтаманы еңбек мигранттары халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алады. Дәулет Арғындықовтың болжамынша, бұл мемлекеттік қызметкерлердің еңбек мигранттарына қатысты заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қояды. Біліктілік анықтамасын алғандар «экономиканың жетекші салаларында сұранысы бар мамандықтар тізімі бойынша және алған бағасына қарай» жұмысқа орналаса алады.

Ал өз кәсіпорнына шетелден жұмыс күшін тартқысы келетін компаниялар үшін қызмет түріне қарай алым-салық енгізіледі. Шетелден білікті жұмысшылар шақырғаны үшін қазақстандық компаниялар екі есе көп салық төлеуі тиіс.

Ресми ақпаратқа сәйкес, шетелден келетін жұмысшылардың 66 пайызы құрылыс саласында істейді.

КІРІПТАРЛЫҚ

Алматыдағы «Қоғамдық позиция» ұйымының президенті Әсия Қалиева Қазақстанның көші-қон заңдары онсыз да қатал, ал мигранттардың жағдайын «кіріптарлық» деп сипаттайды.

- Қазақстанда жұмысқа орналасқысы келетін шетелдік азамат әуелі жұмыс берушіні табуы тиіс. Олар бұл мәселені көбінесе делдал арқылы шешеді. Ал елге келген соң екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде табыс салығын төлеп, бұрын сотталған немесе сотталмағанын растайтын анықтаманы көрсетеді. Ал жұмыс беруші немесе жалдаушы тұлға бір ай ішінде салықты төлеуі тиіс, - дейді Әсия Қалиева.

Оның айтуынша, жұмыс берушілер мигранттармен еңбек шартын жасаспайды, ал мигранттар қандай шартпен жұмыс істеп жатқандарын білмейді.

Соңғы зерттеулеріміз көрсеткендей, оларға көбінесе жалақыларын бермейді. Оның үстіне, олардан әлі жұмыс істеп те үлгермеген үш айға алдын ала табыс салығын алады.

- Соңғы зерттеулеріміз көрсеткендей, оларға көбінесе жалақыларын бермейді. Оның үстіне олардан әлі жұмыс істеп те үлгермеген үш айға алдын ала табыс салығын алады. Егер осы күйде жұмыс істеуге қалуға келіссе, әр тоқсан сайын табыс салығын алдын ала төлеп тұруы тиіс. Егер жұмысы кенет тоқтап қалса, артық төленген ақша мигрантқа қайтарылмайды, - дейді Әсия Қалиева.

«Халықаралық құқықтық бастама» ұйымы жетекшісі Айна Шорманбаеваның айтуынша, Қазақстанда әсіресе Өзбекстаннан келіп, көбінесе сауда-саттықпен айналысатын еңбек мигранттарының жағдайы мүшкіл.

- Бұл саладағы статусы реттелмеген еңбек мигранттарының қолында ешқандай рұқсат қағазы жоқ, әрі жөні түзу жұмыс орнына таласуға олардың біліктілігі жетпейді. Біздің елдің заңдарына үй шаруасына бес шетелдік азаматты жалдауға рұқсат беретін өзгеріс енгізілген. Бірақ бұл - құрылыс саласы емес, үй шаруасына ғана қатысты өзгеріс. Олар жеке меншік үйлерде жөндеу жұмыстарымен айналыса алғанымен, ірі құрылыс нысандарында жұмыс істей алмайды. Бірақ еңбек мигранттарының көбі дәл осы ірі құрылыстарда жүр, - дейді Айна Шорманбаева.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG