Accessibility links

Тәжік мигранттары сайлау науқанынан тыс қалды


Тәжікстан белсенділері сайлау туралы заңды талқылап жатыр. Душанбе, 22 қыркүйек 2013 жыл.
Тәжікстан белсенділері сайлау туралы заңды талқылап жатыр. Душанбе, 22 қыркүйек 2013 жыл.

Тәжікстанда президент сайлауына кандидат ретінде тіркелу үшін жүздеген мың адамның қолын жинау керек. Көптеген тәжіктің күнкөріс қамымен шетте жүргені кандидаттар үшін қиын шаруа болып тұр.

Тәжікстанда қарашаның 6-сы күні өтетін сайлау авторитарлық президенттің мерзімін ұзарта түсу рәсіміне көбірек ұқсайды. Ал оппозиция «кандидат тіркеудің өзі мұң болып тұр» дейді.

«ТЫМ ҚАТАҢ ТАЛАП»

Президент сайлауына кандидат болып тіркелу үшін үміткерлер жүздеген мың адам қолдап қол қойған парақтарды тапсыруы керек, оппозиция атынан сайлауға түскісі келетіндер «бұл талаптың тым қатаң» екенін айтады.

Кандидаттардың қажетті құжаттарды жинауына 25 күн берілді. Осы аралықта олар басқа құжаттармен қоса, сайлау құқығы бар 250 мың адамның қолы қойылған парақтарды сайлау комиссиясына өткізуі керек. Бұл мерзім қазанның 7-сі күні аяқталады, қол жинап жатқан оппозициялық партиялар берілген мерзімді ұзартуды сұрап отыр.

Сайлау комиссиясы оппозицияның ең басты электораты - сыртта жүрген 1 миллион 200 мыңдай еңбек мигранты қойған қолдарды есепке алудан бас тартып отыр. Оппозиция өкілдері осыған наразы.

Тәжікстан социал-демократиялық партиясының басшысы Рахматилло Зоиров. Тәжікстан, 1 наурыз 2010 жыл.
Тәжікстан социал-демократиялық партиясының басшысы Рахматилло Зоиров. Тәжікстан, 1 наурыз 2010 жыл.
Тәжікстан социал-демократиялық партиясының басшысы Рахматилло Зоировтың айтуынша, мигранттардың қолдарын есепке алмау - жолдарын кесіп тұрған зор кедергі.

- Тәжікстанның өз ішінде оппозиция кандидатын қолдайтын 210 мың адамның қолын жинау мүмкін емес, себебі үкімет барлық әкімшілік тетіктерін уысында ұстап отыр, - дейді ол.

Ислам өркендеу партиясы, Социал-демократиялық партия және басқа да оппозициялық топтар мен жеке тұлғалардың басын қосатын «Біріккен реформалық күштер» альянсының атынан Тәжікстандағы президент сайлауына Ойнихол Бобоназарова ұсынылған.

Алайда қазанның 3-і күнгі мәлімет бойынша ол қажетті қолдың тек жартысын, яғни бар болғаны 110 мыңын ғана жинай алған.

«МИГРАНТ ҚҰҚЫҒЫН ШЕКТЕМЕЙМІЗ»

Тәжікстанның орталық сайлау комиссиясының төрағасы Абдуманнон Додоев «Азия Плюс Блитц» агенттігіне сұхбат беріп, онда Коммунистік және Демократиялық партиялардан қол жинау мерзімін ұзарту туралы өтініш түскенін хабарлады.

Қазанның 3-і күні өткен баспасөз мәслихатында Додоев Орталық сайлау комиссиясының шетелдердегі мигранттарды қол жинау науқанына қатыстырмау туралы шешімін хабарлады.

Додоевтың айтуынша, «бұл мигранттардың құқықтарын шектеу емес». Комиссия төрағасы «олар қол жинау науқанына қатыса алмағанымен, қарашаның 6-сы күні өтетін сайлауда дауыс беруге толық қақылы» дейді.

Тәжікстанның орталық сайлау комиссиясының төрағасы Абдуманнон Додоев.
Тәжікстанның орталық сайлау комиссиясының төрағасы Абдуманнон Додоев.
Додоевтың айтуынша, қолданыстағы заңнамада шетелдегі Тәжікстан азаматтарының кандидаттарды тіркеу кезінде оларды қолдау парақтарына қол қою мүмкіндігі туралы ештеңе айтылмаған.

Сайлау комиссиясы өкілдерінің айтуынша, «Ресейде жұмыс істейтін тәжіктердің көпшілігі тіркеуде жоқ, олардың қолдарының рас-өтірігін тексеру мүмкін емес».

Тәжікстан социал-демократиялық партиясының басшысы Зоировтың айтуынша, партияның 8 мың мүшесінің 60 пайызы - Ресейде еңбек ететін жалдамалы жұмысшылар. Ислам өркендеу партиясы да жұмысшы мигранттардың арасында мыңдаған жақтастарының бар екенін айтты.

Зоиров пен оппозицияның басқа да көсемдері «Тәжікстанның дауыс беруге құқығы бар 4 миллион сайлаушысының 45-50 пайызының құқығын шектейтін өкіметтің бұл шешімі қаншалық заңды» деп қынжылады.

«МИГРАНТТАР ӨЗГЕРІС БОЛҒАНЫН ҚАЛАЙДЫ»

Ресейдегі ресми статистика бойынша, бұл елде Тәжікстанның 18 жастан асқан 1 миллион 100 мың азаматы тұрады.

Бұл - ресми тіркеуден өткен мигранттар ғана. Зоировтың айтуынша, тағы 300 мыңдай тәжік азаматы Ресейде заңсыз жүр.

Саясаткер «Қазақстан, Беларусь, Украина және Иранды қоса алғанда, осы күні Тәжікстанның 2 миллиондай азаматы шетелде тұрып жатыр» дейді.

Сочи қаласында құрылыста жұмыс істеп жүрген тәжік мигранттар.
Сочи қаласында құрылыста жұмыс істеп жүрген тәжік мигранттар.
Ресейдегі тәжік мигранттарының жетекшілері «жұмысшылардың көбі оппозициялық кандидаттарды жақтайтынын» айтты.

Мәскеудегі тәжік мигранттарының «Этмос» ұйымының басшысы Каримджон Ёров:

- Тәжік мигранттары саясатқа көп араласа қоймайды, дегенмен олар саясаттың өмірлеріне тікелей әсер ететінін түсінеді, - дейді.

Тәжікстандық еңбек мигранттары көбіне Ресей құрылыс және ауыл шаруашылығы саласында, зауыттар мен фабрикаларда мардымсыз жалақыға еңбек етеді.

- Мигранттар Тәжікстанда өзгеріс болғанын қалайды. Соңғы 20 жылда Тәжікстанда оң өзгеріс болмады. Олар енді жаңа президент сайланса дейді. Мигранттардың өміріне де жақсы әсерін тигізетін жаңа президенттің билікке келгенін жақтайды, - дейді Каримджон Ёров.

Оның айтуынша, «Ресейде тұрып жатқан тәжіктер үшін Тәжікстандағы сайлау соншалық маңызды мәселе емес. Соған қарамастан, «сайлау науқаны кезінде біздің құқығымыз неге тапталады?» деп жүздеген адам арыз айтқан».

Орталық сайлау комиссиясы әзірге президент сайлауына «саяси партиялар мен басқа да топтардың атынан 7 адамның ұсынылғанын» хабарлады.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Брюссель, 10 сәуір 2013 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Брюссель, 10 сәуір 2013 жыл.
1992 жылғы қарашадан бері билікте отырған қазіргі президент Эмомали Рахмон әлі кандидат ретінде тіркелген жоқ. Қазанның 4-і күні Халықтық демократиялық партия съезі шақырылып, оның кандидатурасы ресми түрде ұсынылмақ.

Жұрттың көбі қарашаның басында өтетін сайлауда Эмомали Рахмон 7 жылдық мерзімге қайта сайланады деп болжайды.

Фарангиз Наджибулла мен Салим Аюбзодтың мақаласын ағылшын тілінен аударған - Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG