Accessibility links

Елді елеңдеткен "елбасы" сөзі осылай пайда болған


Қазақстан президенті -- Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті -- Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың заңды түрде «Елбасы» мәртебесін иеленгеніне көп болған жоқ. Ал «елбасы» сөзінің мағынасы мен аудармасы туралы пікірлер алуан түрлі. Осы сөзді қолданысқа енгізуге тікелей қатысы болған газет редакторының да өзіндік айтары бар.





"ТЕРМИН РЕТІНДЕ ТЕК "ПРЕЗИДЕНТ" СӨЗІН ҚОЛДАНУ КЕРЕК"

Маусымның 14-інде қабылданған Қазақстан президентіне жаңа мәртебе сыйлаған заң ресми түрде былай деп аталады: «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласында заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР конституциялық заңы».

Аталмыш заңдағы толықтыруларға сәйкес, «Тұңғыш президент» сөзіне енді «Елбасы» ұғымы қосылды.

Қазір «елбасы», «ұлт көшбасшысы» және «ұлт көсемі» деген сөздер қатар қолданылып жүр. Жиі айтылғандықтан ба, бұл сөздердің ұғымы бір сияқты көрінеді. Аталған заңнан кейін тіпті осы сөздерді бір ұғымға сыйғызып айту да заңдастырылып кеткендей. Алайда бұл турасындағы пікір әрқилы болып шықты.

Лингвист ғалым Рабиға Сыздықова «елбасы» мен «президент» деген сөздер бірінің орнын бірі баса алмайды деген пікір білдіріп отыр.

– Президентті жоғарғы пафоспен, мақтағанда «елбасы» деп атаймыз. Ал термин ретінде тек «президент» сөзін қолдану керек. Мысалы, депутаттарды айтқанда, халық қалаулылары немесе мұнай жайында қара алтын деген сөздер қолданылып жүр. Бұл да сол сияқты, - дейді ғалым.

"ЕЛБАСЫ" "ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТТЕН" ҚАДІРЛІ ЕМЕС"

Жазушы Герольд Бельгердің айтуынша қазіргі уақытта. «елбасы» сөзін алғаш қолдандым деген кем дегенде он шақты жазушы табылады.
«Сафуан Шаймерденов пен Қабдеш Жұмаділов бір отырыста таласып қалған болатын» деген Герольд Бельгер «ұлт» сөзінің мағынасын әркім-әркімдер түсіне бермейтінін айтып отыр.

– Отарда түрлі қой болады. Әрқайсысы – жеке-жеке «национальность», бәрін қосса «нация» болады. 80 - 90 қойдың басы қосылса, «нация» болады. Ал қойшы – лидер. Бұл сөздің қазақшасы – сәруәр. Сондықтан «Ұлт сәруары» деу керек, - дейді Герольд Бельгер.

Жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «елбасы» сөзіне қатысты пікірі мынандай болып шықты: «Елбасы деген сөз тәуелсіздік алғалы бері қолданылып келеді, оны журналистер ойлап тапқан» деп жауап берді.

– Бұл сөз «глава государства» деген сөздің аудармасы, одан басқа ештеңесі жоқ. «Елбасы» деген сөзді кез келген елдің президентіне қолдануға болады. Бұл «тұңғыш президент» деген сөзді алмастыра алмайды. «Елбасы» «тұңғыш президент» деген сөзден қадірлі емес. Тұңғыш президент біреу ғана, ал «елбасы» деген сөзді кез - келген кезде қолдануға болады. Бұл елдің басшысы деген сөз ғана ғой, - деді жазушы.

"ЕЛБАСЫ" СӨЗІ ОРЫС ТІЛІНДЕ ДЕ АУДАРМАСЫЗ ҚОЛДАНЫЛСА..."

Ал «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев өзінің «елбасы», «елтаңба», «елорда», «әнұран»және «ақорда» деген сөздерді алғаш қолданысқа енгізуге ат салысқанын айтады.

– Әрбір сөздің өз тарихы бар. 1997 жылы «Қазақстан» телеарнасындағы «Ақшам» ақпараттық бөлімінің жаңалықтар қызметін басқарып жүрген кезде президентке қатысты тіркестерді қолданғанда, оны «мемлекет басшысы» деген сөзбен алмастырып жүрдік. Алайда президентті халыққа жақындату үшін қазақи сөз керек болды. Сол кезде елдің басы, жұрттың басы «елбасы» десек қайтеді деген ой келді. Сосын бұл сөз теледидар арқылы халыққа сіңіп кетті, - дейді Марат Тоқашбаев.

Маманның пікірінше, «лидер наций» деген сөз – «елбасы» сөзінің сәтсіз баламасы. Сондықтан ол «елбасы» cөзін орыс тілінде де аудармасыз сақтаса деген пікір білдірді.



XS
SM
MD
LG