Accessibility links

Мұстафа Өзтүрік алпысқа толар еді


Мұстафа Өзтүрік қазақтың ұлттық музыка аспабы - домбыраны басынан жоғары көтеріп ұстап тұр. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, Алматы, 1991 жыл.
Мұстафа Өзтүрік қазақтың ұлттық музыка аспабы - домбыраны басынан жоғары көтеріп ұстап тұр. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, Алматы, 1991 жыл.

Қарашаның 23-і Мұстафа Өзтүріктің туғанына 60 жыл толады. Азаттық 1995 жылы мезгілсіз дүние салған Қазақстан таэквондосының негізін қалаушының өмірі жайлы деректер ұсынады.

Елдос Мәсәлім – 1990 жылдардың басында Мұстафа Өзтүріктің енді азаттық алған Қазақстанда даңқы аспандап тұрған шақта онымен кездескенін мақтан тұтатын қазақ жастарының бірі. «Түркия құрамасын жаттықтырған, Тайваньда Брюс Лимен бірге киноға түскен қазақ таэквондо шебері» туралы аңыз ауыздан-ауызға таралып жатқан заманда Өзтүрік Қазақстанның бірқатар облыстарын аралап шыққан. Ол Шығыс Қазақстан облысындағы шалғай Үржар ауданындағы жанкүйерлерімен де кездеседі.

«Әлі мектеп жасына толмаған кішкентай кезім еді. Ауылдың клубы елге лық толды. Әкем мені көтеріп алып топты жарып өтіп, Мұстафа Өзтүрікке қол бергізді. Көзі өткір, бірақ жүзі жылы адамның қолымды қысқаны есімде қалыпты. Сол әсермен кейін таэквондомен айналыстым. Қазір басқа мамандық иесі болсам да, ол кісінің шәкірттерімен араласып тұрам» дейді Елдос Азаттыққа.

Мұстафа Өзтүріктің Қазақстанда жұрт алдында таэквондо әдістерін көрсеткен сәті.
Мұстафа Өзтүріктің Қазақстанда жұрт алдында таэквондо әдістерін көрсеткен сәті.

1954 жылы Стамбулда туған Мұстафа Өзтүрік – қазақ және түрік таэквондосының негізін қалаушылардың бірі болып саналады. Ол – 1930 жылдары аталары қиын-қыстау кезде Қытайдың Алтайына кетіп, ол жерден Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға өткен қазақ диаспорасының өкілі.

Өзтүрік 1975-80 жылдары Тайбэйдегі Халықаралық саясат университетінде оқып, журналист мамандығы бойынша диплом алады. Ресми өмірбаянына сәйкес осы елде таэквондо спортына ынтасы ауып, шығыс жекпе-жегін үйренеді де, шеберлігін 7-кыпқа (сары-жасыл белбеу) дейін жеткізеді. Ең жоғарғы шегі 10-кып (ақ белбеу) деп саналатын таэквондода 7-кып иелері ғана «сахюнним», яғни шебер аталады. Оқу бітірген соң Өзтүрік Мюнхенде әскерилер мен полицейлерге шығыс жекпе-жегінен жаттықтырушы болып жұмысқа тұрады. Кейін Германиядағы алғашқы таэквондо мектептерінің бірін ашады. 1980 жылдардың басында Стамбулда да Мұстафа Өзтүрік мектебі ашылып, түрік шәкірттері әлемдік жарыстарда жүлде ала бастайды. Түркия таэквондо құрамасын Мұстафа Өзтүрік жаттықтырған кезде 1983 жылы Копенгагенде (Дания) өткен әлем чемпионатында түркиялық Йылмаз Хелвагиоглы есімді түрік таэквондошысы алтын алады. Тағы екі түрік спортшысы күміс пен қола иеленеді.

ЕЛГЕ ОРАЛУ

1990 жылы көктемде Мұстафа Өзтүрік Қазақстанның билік өкілдерінің шақыртуымен тарихи атажұртына алғаш келеді.

Мұстафа Өзтүріктің Қазақстанға келген кездегі суреті.
Мұстафа Өзтүріктің Қазақстанға келген кездегі суреті.

Естеліктерінде: «Ұшаққа отырғанда қазақша сөйлеген адамдарды көрдім, ұшақта қазақ күйін естідім. Ондай толқыған сәтті сезінбеп едім» деп еске алды ол елге келген сәтін.

Анасы Рәзия да ұлымен Қазақстанға келіп, орталық телевизияға берген сұхбатында: «осы қара балапаным ұлтына қызмет етсе деп армандаймын» деді.

Ал 1990 жылы күзде Өзтүрік қазақ жастарын таэквондоға баулу үшін Қазақстанға біржола орнығып, 1991 жылы Қазақстан таэквондо федерациясын құрады. 1992 жылы Қазақстан Халықаралық таэквондо федерациясының (WTA) мүшесі болады. Осы жылы Мұстафа Өзтүрік Қазақстан азаматтығын алады. Оның шәкірттері алғаш рет 1992 жылы Түркиядағы халықаралық жарысқа барып, екі алтынмен оралады. Соның бірі – Қайрат Қырғызбаев.

Мұстафа Өзтүрік (сол жақта) шәкірттері Қайрат Қырғызбаев (ортада) және Қазақстан таэквондо федерациясының тұңғыш президенті Бексейіт Түлкиевпен (оң жақта) бірге. Алматы, 1992 жыл.
Мұстафа Өзтүрік (сол жақта) шәкірттері Қайрат Қырғызбаев (ортада) және Қазақстан таэквондо федерациясының тұңғыш президенті Бексейіт Түлкиевпен (оң жақта) бірге. Алматы, 1992 жыл.

Жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында ол: «Мұстафа Өзтүрік цирк залында, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында шеберлік сағатын өткізді. Сол кезде таэквондоға ықыласы ауған халықтың санында шек болмайтын. Өзтүрік елге келген жылдары мен дене шынықтыру институтының студенті едім. Қабілетім барын байқаған ол менің шеберлігімді одан әрі шыңдай түсті. Түркияға жарысқа бардық. «Алтын алмасаңдар елге қай беттеріңмен барасыңдар» деген сөзі намысты оятты. Мен 80 килограмм салмақта сынға түсіп, жеңімпаз атандым. Менен бөлек, Сұлтанмахмұт Шоқпытов да алтын жүлде алған еді. Біз жеңіске жетіп, Қазақстанның туы көтерілгенде Мұстафа ағамыз көзіне жас алғаны да есімде» деп еске алады.

1995 жылы Мұстафа Өзтүрік жаттықтырған қазақстандық спортшылар әскерилер арасындағы таэквондодан әлем чемпионатында оңтүстік кореялықтарды ғана алға жіберіп, командалық екінші орын алады.

ЖҰМБАҚ ӨЛІМ

1994 жылы Мұстафа Өзтүрік Қазақстан парламентінің депутаттығына өз кандидатурасын ұсынады. Бірақ ол бұл сайлауда жеткілікті дауыс жинай алмайды. Ол өзінің бапкерлік қызметін жалғастыра береді.

Мұстафа Өзтүрік шәкірттерімен бірге Түркияда таэквондодан өткен Еуропа чемпионатына қатысып келген кезі. Алматы, 1992 жыл.
Мұстафа Өзтүрік шәкірттерімен бірге Түркияда таэквондодан өткен Еуропа чемпионатына қатысып келген кезі. Алматы, 1992 жыл.

1995 жылы Мұстафа Өзтүрік кенет сырқаттанып, Алматыдағы ауруханалардың бірінде ауырып, көз жұмады. Достарының айтуынша, 1995 жылғы наурыздың 11-і күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында кикбоксингтен жарыс өтіп жатады. Сол жарыс біткен соң Өзтүрік өзін жайсыз сезініп тұрғанын айтып, дәрігер шақыртады. Ал дәрігерлер оны ауруханаға алып кетеді.

Мұстафа Өзтүріктің досы Мамет Дамир: «15 наурызда оның жағдайы қиындай берді. Кешкі бес жарымда ол көз жұмды. Оның жанында болған достары: «Оны біреулер улаған» деді». 1995 жылдары елде рэкетирлік уақыт еді. Біреулерге Мұстафаның елге келіп, көтеріле бастағаны ұнамаса керек. Біздің болжамымызша, оның тамағына у қосқан сияқты» дейді.

Таэквондо шеберін емдеген медициналық мекеме мен билік органдары «Мұстафа Өзтүрік қастандықтан өлді» деген жорамалды растаған емес.

Спортшының анасы ұлының денесін Стамбулға алып кетіп, сонда жерлейді. Рәзия апаның өзі 2012 жылы мамырда Стамбулда дүние салды.

ӨЗТҮРІКТЕН ҚАЛҒАН ІЗ

Қазақ тілінен бөлек ағылшын, қытай, жапон, корей, неміс тілдерін меңгерген Мұстафа Өзтүрік Түркияда алты фильмге түскен. 1980 жылы отбасын құрған. Қазір оның жесірі Нүрилә, ұлы Нәзірбек, екі қызы Неслі мен Аслы Мюнхенде тұрады.

Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдығына арналған таэквондодан (WTF) жеткіншектер, ерлер және әйелдер арасындағы жарысқа қатысушылар. Алматы, 11 қазан 2014 жыл.
Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдығына арналған таэквондодан (WTF) жеткіншектер, ерлер және әйелдер арасындағы жарысқа қатысушылар. Алматы, 11 қазан 2014 жыл.

Өзтүріктің алғашқы шәкірттерінің бірі Қайрат Қырғызбаев 2009-2012 жылдары Қазақстан құрамасының бас бапкері болды. Тағы бір шәкірті Қайыр Мейірбеков Алматыда Мұстафа Өзтүрік мектебін ашып, сонда таэквондошылар тәрбиелейді. Осы мектептің түлектері Арман Шылманов Пекин олимпиадасында қола жүлде иеленді, ал Нұрсұлтан Мамай 2010 жылы Сингапурде өткен жасөспірімдер олимпиадасында, 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында күміс медаль алды.

Қазақстандағы бірнеше елді мекенде, Алматы қаласында Мұстафа Өзтүрік атындағы көше бар. Алматыда ашылған шебердің атындағы таэквондо орталығы осы спорт түрін насихаттайтын шараларды жиі ұйымдастырып тұрады.

Қазақстан таэквондо мектебінің негізін қалаған Мұстафа Өзтүрік жайлы фотогалерея

XS
SM
MD
LG