Accessibility links

Музейге арналған нұсқаулық дау тудырды


Музейді тамашалап жүрген адамдар. (Көрнекі сурет).
Музейді тамашалап жүрген адамдар. (Көрнекі сурет).

Мәдениет министрлігі музей директорларының комиссияс талқысынан кейін музей заттарын есептен шығаруына рұқсат берді. Кейбір музей қызметкерлері бұл нұсқаулыққа келіспейтінін айтады.

Азаттық радиосына шағынған музей қызметкері Сырым (аты-жөні өзгертіліп алынды – Азаттық) биыл қаңтарда күшіне енген «музей қорының музей заттарын есепке алу, сақтау, пайдалану және есептен шығару нұсқаулығына» алаңдаушылық білдірді.

Қазақстан мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхаммадиұлы. Лозанна. Швейцария. 9 маусым, 2015 жыл.
Қазақстан мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхаммадиұлы. Лозанна. Швейцария. 9 маусым, 2015 жыл.

Оның айтуынша, жаңа нұсқаулықта «музей заттары концерттер үшін пайдаланылады» деген жолдар бар. Бұл музейдегі жәдігерлердің тез тозуына себеп болуы мүмкін. Музей қызметкеріне «жаңа нұсқаулықтың «музей заттарын есептен шығару» деп аталатын бөлімі де түсініксіз.

- «Музей заттары қор сатып алу, қор-іріктеу комиссиясының ұсынымдарына сәйкес музей директорының шешімімен есептен шығарылады» делінген. Бірақ қор сатып алу, қор іріктеу комиссиясының қандай құқықтары мен міндеттері бар екені айтылмаған. Бұл нұсқаулық бойынша музей басшысы негізгі қордағы музей заттарын еш қиындықсыз есептен шығара алады,-дейді ол.

Музей қызметкерінің сөзінше «музей заттары осыған дейін тек қана министрліктің бекітуімен ғана есептен шығарылған»

«ҚАУІПТЕНУ»

Азаттық тілшісі жаңа нұсқаулық жөнінде бірнеше музейдің басшылығымен сөйлесіп көрді. Алматыдағы Қастеев атындағы өнер музейі директорының орынбасары Бекәділ Баракат қазіргі музейлер советтік кезеңде жасалған нұқсаулық бойынша жұмыс істейтінін айтады.

Оның сөзінше «бұрынғы нұсқаулықта музей заттарын есепке алу, есептен шығару, реставрация, реконструкцияның бәрі мұқият жазылған». Ескі нұсқаулық бойынша мемлекеттік реестрге кірген музей заттары тек министрдің қол қоюымен ғана есептен шығарылады.

Бекәділ Баракат та, Астанадағы Тұңғыш президент музейі директорының орынбасары Күлайша Ақтаева да «музей заттарын есептен шығару құқығын директорға беру дұрыс емес, тек министрліктің рұқсаты болуы керек» деп санайды.

Сталиндік репрессия құрбандарына арналған "Гулаг" музейі. Долинка. Қарағанды облысы. 19 мамыр 2013 жыл.
Сталиндік репрессия құрбандарына арналған "Гулаг" музейі. Долинка. Қарағанды облысы. 19 мамыр 2013 жыл.

Астанадағы Ұлттық музейдің бас қор сақтаушысы Рыскүл Бектәлиеваның Азаттық тілшісіне айтуынша министрлік жаңа нұсқаулық жасағанда музейлердің ұсыныстарын жинаған. Бірақ көбі ескерілмей, қазіргідей күйде асығыс жарияланған. Оның сөзінше биылға дейін музейлер 1985 жылы СССР мәдениет министрі бекіткен нұсқаулық бойынша жұмыс істеген.

- 62 парақ ұсыныс жасадық, бірақ сол ұсыныстар он бір парақ болып шықты. Оның ішінде «бас қор сақтаушының міндеті, қор сақтаушының міндеті, музей қорын есепке алушының міндеттері мен құқықтары» деген бөлім болатын. Оның орнына «музей қорынан жәдігерлерді есептен шығару» деген бөлім енгізілді, бірақ оның жетілдірілмегені көрініп қалды, - дейді ол.

Рыскүл Бектәлиеваның сөзінше «директор шешім қабылдамас бұрын әуелі түрлі сарапшылардан құралған комиссия қорытындысы жарияланады». Бірақ министрлік бекітпеген соң музей заттары есептен шығаруда ретсіздік болуы мүмкін.

Ол жаңа нұсқаулықтың «экспонаттарды концертке апаруға болады» деген тұсы да түсініксіз екенін айтады.

- Бұрынғы нұсқаулықта бұған тыйым салынған еді, - дейді Рыскүл Бектәлиева.

«ДИРЕКТОР ЖАУАПКЕРШІЛІГІ КҮШЕЙТІЛЕДІ»

Осы мәселеге қатысты Азаттық тілшісі мәдениет және спорт министрлігіне де хабарласты. Мәдениет министрлігінің мәдениет және өнер департаменті директорының орынбасары Күміс Сейітова жаңа нұсқаулыққа байланысты түсінбеушіліктер болып жатқанын өзі де естігенін айтады.

- «Музей заттарын концерттерге апаруды» Алматыдағы Ықыласатындағы ыспалы аспаптар музейіне арнап енгіздік. Музей өзінде тұрған пайдалануға жарамды аспаптарды талантты тұлғаларға уақытша бере алады. Олар алты айдан кейін тапсыра алады, не болмаса келісімшарттты қайта соза алады. Бұл - бұрыннан да бар жайт, - дейді ол.

Күміс Сейітованың айтуынша, «бұл - барлық музейлер өздеріндегі аспаптарды жеке тұлағаларға бере алады» деген сөз емес. Өйткені әр музейдің миссиясы әртүрлі.

Абай музейіндегі экспонаттар. Жидебай, Шығыс Қазақстан облысы. 26 тамыз 2013 жыл.
Абай музейіндегі экспонаттар. Жидебай, Шығыс Қазақстан облысы. 26 тамыз 2013 жыл.

- Мысалы, егер пайдалануға жарайтын болса, музейдегі Абай домбырасын да беруге болады. Бірақ ол үшін арнайы сарапшы мамандар комиссиясыныңқорытындысы керек. Сондықтан бұл - оңай процесс емес, - дейді ол.

Министрлік өкілі «музей затттарын есептен шығару» мәселесін де түсіндіріп берді.Оның айтуынша мұнан әрі есептен шығару музей директорына жүктеледі. Өйткені музей жарғысында да, заңда да музей жұмысына бірінші басшы жауап беретіні көрсетілген. Бірақ әуелі сарапшы мамандар қорытындысы шығарылады.

Күміс Сейітованың сөзіне қарағанда министрлік осыған дейін музей заттарын есептен шығаруға шартты түрде ғана қол қойып келген. Яғни экспонатты көрмей, тек музей ұсынған құжаттар бойынша тексерілген. Жаңа нұсқаулық «мұндай үстірт қағазбастылықты азайтуға ықпал етеді».

Он жыл музейде жұмыс істегенін айтқан Күміс Сейітова жаңа нұсқаулық бойынша министрлік арнайы семинар өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізетінін, егер жаңа тәжірибе сәтсіз болса, оның өзгертілетінін айтады.

Музей қызметкері атаған «Қазақстан Республикасы музей қорының музей заттарын есепке алу,сақтау, пайдалану және есептен шығару нұсқаулығы» былтыр, 2015 жылы 8 желтоқсанда мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының бұйрығымен бекітіліп, биыл қаңтарда әділет министрлігіне тіркелген.

XS
SM
MD
LG