Accessibility links

Жаңа жылдық «корпоративке» мыңдаған доллар жұмсайтындар бар


Қазақстандағы Жаңа жыл кеші. (Көрнекі сурет)
Қазақстандағы Жаңа жыл кеші. (Көрнекі сурет)

Жаңа жыл қарсаңында қазақстандықтардың үйдегі қарбаласы көбейіп, мейрамхана-кафелер ұжымдық кештер дастарханын әзірлеуге кірісіп кетті. Азаттық тілшісі корпоративтік кештер шығынын есептеп көрді.

Биыл Қазақстан билігі Жаңа жыл мерекесін ұжым болып тойлауға шектеу қойған жоқ. Алматы қаласы мәдениет басқармасы қызметкері Рашида Тыливалдиеваның айтуынша, 2014 жыл қарсаңында мерекелік кештер өткізуге тыйым салынбайды.

- Экономикалық дағдарыс пен Жаңаөзендегі қайғылы оқиғаларға байланысты президенттің тапсырмасы бойынша екі жыл бойы жаңа жылды кафе-мейрамханаларда тойлауға тыйым салынды. Биыл ешқандай тыйым жоқ, - дейді Рашида Тыливалдиева Азаттық тілшісіне.

65-130 ДОЛЛАР

Кейбір компаниялардың бюджетінен жаңа жылдық корпоративтік кештерге ақша бөлу қарастырылмаған. Сондықтан көптеген ұйым-мекеме қызметкерлері өз қалтасынан ақша жинап, дастарханды өздері ұйымдастырады.

Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау жоғарғы мектебінің магистратура және докторантура бөлімі меңгерушісі Ғалымжан Мещановтың қызметтестері жаңа жылды қаладағы жайлы мейрамханалардың бірінде жыл сайын атап өтеді. Биыл оқытушылар 15 мың теңгеден (100 долларға жуық), ал мекеме басшылары 20 мың теңгеден (130 доллардай) жинапты. Корпоративтік кештерге қызметкерлердің 80 пайызы қатысады.

Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау жоғарғы мектебінің магистратура және докторантура бөлімі меңгерушісі Ғалымжан Мещанов. Алматы, 23 желтоқсан 2013 жыл.
Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау жоғарғы мектебінің магистратура және докторантура бөлімі меңгерушісі Ғалымжан Мещанов. Алматы, 23 желтоқсан 2013 жыл.
- Мұндай кештер бір ұжымда жұмыс істейтін жандарды жақындастырады. Бірақ діни сеніміме байланысты мен ондай кештерге бармаймын. Ұнатқан жұрт бара берсін! - дейді Ғалымжан Мещанов.

Қала мектептері мен бала бақша қызметкерлері кеш ұйымдастырушыларға 10 мыңнан 15 мың теңгеге дейін (65-100 доллар шамасында) ақша өткізеді. Медицина мекемелерінде де осындай тәртіп бар.

- Желтоқсанның аяғында бүкіл ұжыммен мейрамханаға барып, жаңа жылды тойлаймыз. Ешкімнің қалтасына салмақ түспейді, керісінше өзіміздің де, бастықтардың да көңілі көтеріліп қалады, - дейді №139 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Мейрамгүл Итаяқова.

Корпоративтік кештерге қатыспайтынын айтқан әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің оқытушысы Әлжан (аты-жөнін толық атамауды өтінді) мұны «топырлаған жұрттың ортасында уақытты босқа өткізу» деп санайды.

- Бәріне бірдей ұнамағанымен, басшылық талап еткесін көбі амалсыздан барады. Мемлекет одан да бұл ақшаны қолымызға берсе ғой, адамдар өзіне қажет заттарын сатып алар еді. Жылына бір рет жұрт көзіне көріну әсіресе әйелдерге қиын. Ер адамдар кешке былтырғы костюмін киіп бара салса да болады. Ал әйел адам міндетті түрде көйлек, оған түстес туфли сатып алуы тиіс, - дейді ол.

ЕКІ МЫҢ ДОЛЛАРЛЫҚ ТАМАДА

Бұрынғы тележүргізуші Айман Қаймолдина қазір мерекелік кештер мен үйлену тойларын жүргізіп ақша табу жолына көшкен. Ол - кәсіби тамада. Айманның айтуынша, мереке күндері күреп ақша табатынын білетін тамада атаулы Жаңа жыл мерекесі тұсында бір жырғап қалады.

- Мерекелер маусымы басталып кетті. Желтоқсанның 20-сынан бастап бүкіл жерде Жаңа жыл мерекесін атап өтеді. Соңғы кездері корпоративтік кештер өткізу сәнге айналды. Беделін түсіргісі келмеген кез келген компания мерекені думандатып, сән-салтанатпен өткізуге тырысады. Тіпті кім қалай өткізеді деп бір-бірімен бәсекеге түсетіндері де бар, - дейді Айман Қаймолдина Азаттық тілшісіне.

Айманның айтуынша, ірі компаниялар корпоратив кештерін ұйымдастыру үшін әр қызметкерге шаққанда екі мың долларға дейін жұмсайды. 500 доллар және одан азырақ ақшамен шектелетін шағын компаниялар да бар.

Айман Қаймолдина.
Айман Қаймолдина.
- Жаңа жыл алдында баға екі есе қымбаттайды. Кейбір компаниялар Аяз ата мен Ақшақар болсын деген шарт қойса, енді біреулеріне конкурс өткізсең жетіп жатыр. Аяз ата, Ақшақардың рөлін жүргізушілер орындайды. Корпоративтік кештер - мекеменің корпоративтік мәдениетін нығайтудың бір элементі. Ұжым ұйымдасып, көңіл көтереді, - дейді Айман Қаймолдина.

Егер басқа салтанат кештерінде жұрт ибалық ережелерін сақтауға тырысса, корпоратив кеште турасын айтқанда мысық сияқты мияулап, ит болып үріп, неше түрлі өнер көрсетеді.

- Кеш жүргізе білу де өнер. Жиналған жұрт өздерін партия жиналыстарына келгендей сезінбес үшін оларды үйіріп әкетіп, бүкіл кешті өз уысыңда ұстай білу шарт. Жүргізушілер мұндай кештерді ұйымдастыруға көп күш жұмсайды, ақшасы да шығады. Өз басым екі мың доллардан кем төлейтін кештерге бармаймын. Биыл төрт заказым бар. Көбінесе жеке меншік компаниялар шақырды, - дейді бұрынғы тележүргізуші.

Жаңа жылдық корпоративтерге күз түсе тапсырыс алып қоятын Алматы мен Астана мейрамханалары мен кафелерінің көбінде желтоқсанның үшінші бөлігінде тек ұжымдық кештер өтеді.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG