Accessibility links

Қазақстан семіздіктен Орталық Азияда алда тұр


Жағажайда отырған әйел. Көрнекі сурет.
Жағажайда отырған әйел. Көрнекі сурет.

БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының 2013 жылғы баяндамасында Орталық Азия аймағындағы ең семіз адамдар - қазақтандықтар деп көрсетілген. Сонымен қатар баяндамада балалардың тойып тамақ ішпеу проблемасы да сөз болады.

Баяндама деректеріне қарағанда, Қазақстандағы ересек адамдардың 24,4 пайызы - семіз. БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының сарапшылары «үш миллионға жуық қазақстандықтың немесе елдің әрбір төртінші тұрғынының артық салмағы бар» деп есептейді.

Орта Азия өңірі бойынша орташа көрсеткіш – 18,4 пайыз. Өзбекстанда артық салмағы бар адамдардың үлесі – 17,3 пайыз, Қырғызстанда – 17,2 пайыз, Түркіменстанда – 14,3 пайыз, Тәжікстанда – 9,9 пайыз. Семіздік дертіне шалдыққандар санының өсу тенденциясы Орталық Азияның барлық елдерінде байқалады.

Әлем қоғамдастығы семіздік қоздыратын ауруларды емдеуге қыруар қаржы жұмсайды. ББҰ-ның деректері бойынша, 2010 жылы бұл проблеманы шешуге жұмсалған қаржы көлемі 1,4 триллион доллар болған.

Көгалда жатқан ер адам. Көрнекі сурет.
Көгалда жатқан ер адам. Көрнекі сурет.
Кез келген жаста пайда болатын семіздік ағзадағы зат алмасудың созылмалы дерті ретінде қарастырылады. Май тінінің шамадан тыс жиналуы салдарынан пайда болатын семіздік халықтың жалпы сырқаттану деңгейін арттырып, өлім-жітімнің көбеюіне себеп болады. Семіздік жүрек талмасы, миға қан шабу, қан қысымының көтерілуі, холецистит, артрит, панкреатит сияқты ауруларды қоздырады.

БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының 2013 жылғы баяндамасында «Тойып тамақ ішпеу, нәрлі микроэлементтердің тапшылығы, артық салмақ пен семіздік, кіріс деңгейіне қарамастан, барлық елдерді шамадан тыс экономикалық және әлеуметтік шығынға ұшыратып отыр» деп жазылған.

Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Дубай қаласы билігі тұрғындарды артық салмақтан арылуға алтын беріп ынталандырады. Тамыздың 16-сында аяқталған «Салмағыңызды алтынмен өлшеңіз» бағдарламасы бойынша тұрғындар арықтаған әр килограмы үшін бір грамм алтын (42 доллар шамасында) алады. Салмақ тастауда жұрттан озған алғашқы үш адам құны 20 мың дирхамдық (5,5 мың доллар) алтын алады.

ДИЕТОЛОГ ДӘРІГЕРДІҢ ДИАГНОЗЫ

Алматы қаласындағы медициналық орталықтардың бірінің дәрігер-диетологы Бақытгүл Хамзина қазақстандықтардың семіздікке шалдығуының үш себебін атайды. Біріншісі – жұрттың белгілі бір азық-түліктің калориясы мен денсаулыққа зиянын білмеуі. Екіншісі – тамақтың сапасы. «Қазір тамақты көбінесе көшеде сатады. Ары-бері ағылған көліктердің бөлінген улы заттар тамаққа түсіп, денсаулыққа зиянын тигізеді» дейді дәрігер-диетолог.

Фастфуд тағамы. (Көрнекі сурет).
Фастфуд тағамы. (Көрнекі сурет).
Бақытгүл Хамзина семіздіктің үшінші себебі ретінде жұрттың фастфуд тағамдарға әуестенуін атайды.

– Алматыда мұндай мекемелердің саны жыл санап өсіп келеді. Студенттердің көбі дұрыс тамақтанбайды. Егер адам таңғы асты ішпей, бірден түстенсе, артық салмақ жинайды. Таңғы, түскі, кешкі мезгілде тамақтану режимін сақтамайтындар көп. Сондықтан артық салмағы бар жастар көбейіп келеді, - дейді дәрігер-диетолог Бақытгүл Хамзина.

«КӨБІНЕСЕ МАКАРОН ЖЕЙМІЗ»

Алматы облысында тұратын Самалдың (аты-жөнін толық атағысы келмеді) үш баласы бар. Күйеуі – төсекке таңулы мүгедек. Бүкіл отбасы күйеуі алатын жәрдемақыға күн көреді.

– Ауылдан жұмыс табылмады. Мектепте жуырда қызыма «қаны аз» деген диагноз қойды. Ал бесінші сыныпта оқитын ұлымның сүйектерінде кальций жетіспейді деді. Мұның бәрі тойып тамақ ішпегеннен деп ойлаймын. Дастарханымыз жұтаң, көбінесе тек макарон жейміз. Күйеуімнің жәрдемақысынан басқа кіріс жоқ. Құдай қаласа, биыл ұлым қалалық интернатта жатып оқитын болды. Отбасымыздың ауыр жағдайына қарап, оны интернатқа бірден қабылдады. Енді интернатта оқыса, құнарлы тамақ ішіп, тоқ жүретін шығар, – дейді Самал.

Дәрігер-диетолог Бақытгүл Хамзина «дәруменге бай нәрлі тамақ жетіспегендіктен, тойып тамақ ішпейтін балалар әсіресе ауылда көп» дейді.

Дұрыс тамақтанбау салдарынан тұрмысы төмен отбасылардың балаларында
Ауыл балалары. Қызылорда облысы, 16 шілде 2013 жыл. Көрнекі сурет.
Ауыл балалары. Қызылорда облысы, 16 шілде 2013 жыл. Көрнекі сурет.
асқазан немесе қан аздық сияқты аурулар жиі кездеседі. Дәрігер-диетолог тойып тамақ жемейтін балалардың проблемасын шешу үшін ауылдық жерлерде әлеуметтік дүкендер ашып, балаларға арналған дәрумендерді жергілікті амбулатория арқылы тегін таратуды ұсынады.

Қазақстанның статистика агенттігінің деректеріне сүйенсек, 2013 жылдың басында елде 15 жасқа дейінгі төрт жарым миллион бала болған. Олардың 700 мыңы (яғни Астана қаласының барлық тұрғынына тең) тойып тамақ ішпейді.

Елдер Тойып тамақ ішпейтін балалар, (пайыз) Балалар арасында микроэлементтер тапшылығы мен анемия көрсеткіші, (пайыз)
Анемия А витамині тапшылығы Йод тапшылығы
Қазақстан 17,5 36,3 27,1 53,1
Өзбекстан 19,6 38,1 53,1 39,8
Түркіменстан 28,1 35,8 28,0 18,7
Қырғызстан 18,1 49,8 26,3 88,1
Тәжікстан 39,2 37,7 26,8 -

БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы баяндамасының авторлары «тоя тамақ ішпеу проблемасын шешу халықаралық қоғамдастықтың басым міндеттерінің бірі болуы тиіс» деп есептейді.

Мақаланы әзірлеуге Руслан Меделбек қатысты.
XS
SM
MD
LG