Accessibility links

Атыраудағы сайлау алды науқаны


Президенттікке кандидат Назарбаевтың үгіт-насихат құралы. Алматы, 22 ақпан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Президенттікке кандидат Назарбаевтың үгіт-насихат құралы. Алматы, 22 ақпан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Назарбаевты қолдаушылар облыстағы үлкен салтанатты сарайларда кездесу өткізді. Ахметбековтің өкілі базарлар мен аудандарды аралауды ғана місе тұтты. Ал басқа кандидаттар бұл аймаққа ат басын бұрған жоқ.

Сайлауға санаулы күн қалғанда Атырауға келген «Қазақстан–2020» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясының мүшелері облыс жұртшылығымен кездесу өткізді. Бұл топты «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматуллин бастап келді. Әнші-күйші, өнерпаздар ерткен насихат тобында Қазақстан кәсіподағы федерациясы төрағасы Сиязбек Мұқашев, сенатор Қуаныш Сұлтанов, парламент депутаттары Алдан Смайыл, Ирак Елекеев, «Әділет» партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев, драматург Нұрлан Оразалиндер жүрді.

«МҰНАЙШЫЛАР ЕЛ ҮШІН, НАЗАРБАЕВ ҮШІН ДАУЫС БЕРЕДІ!»

«Нұр Отан» партиясы сайлау штабының төрағасы Саламат Дүйсенғалиевтың Азаттық тілшісіне баяндауынша, бұл кездесуге 4000 адам қатысқан. Бір күнде төрт кездесу өткен. Алдымен Атырау мемлекеттік университетінің студенттер сарайында үлкен форум болды. Оған студент жастар, мұғалімдер қатысты. Олардың барлығы да Қазақстанның жалаушаларын көтеріп, «Нұр Отан! Нұрсұлтан!» деп ұрандатып тұрды. Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында мұғалімдермен және дәрігерлермен кездесу өтті. Атырау мұнай өңдеу зауытында «ЕмбіМұнайГаз» өндірісік филиалы мұнайшылары қатысқан мұнай газ секторы жұмысшыларымен де жолықты. Президент Назарбаевты насихаттаушы топ одан соң «Ренессанс» қонақ үйінде ардагерлермен, интеллигенция өкілдерімен кездесті. Жиында халық әртісі Роза Рымбаева, депутат Бекболат Тілеухановтармен бірге жергілікті филармония әртістері ән салып, елдің көңілін көтерді.

– Қандай кездесуде болмасын атыраулықтар ел басына деген жылы әңгімелерін, «бірауыздан дауыс береміз» деген шешімдерін айтты. Коалиция өкілдері елдің президентке деген лебіздерін естіп, облысымызға аса риза болып қайтты, – дейді Саламат Дүйсенғалиев.

Атырауға бұдан бұрын «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы өкілдері де келген еді. «Атырауға іс-сапармен келдік» деп жақауратқанмен, ұлттық компанияның басқарма төрағасы Қайыргелді Қабылдин компания
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Қайыргелді Қабылдин. Астана, 19 ақпан 2010 жыл.
бөлімшелері қызметкерлерімен кездесу барысында мұнайшыларды Назарбаевқа дауыс беруге шақырды. Ұлттық компания басшысына қазақша сөйлеу қиын тигенімен ойын барынша жеткізуге тырысты.

– 3 сәуірде біз өз таңдауымызды жасауымыз керек. Ол елдің пайдасы үшін жасалған таңдау болуы керек. Біздің Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үшін берген дауысымыз еліміз бен балаларымыздың болашағын қамтамасыз ететін болады, – деп сендіруге тырысты Қайыргелді Қабылдин.

«ҚазМұнайГаз» басшысы одан кейін президент Назарбаевтың «ерекше асыл қасиеттеріне» тоқталды.

– Біздің президентіміз – өз елінің, өз халқының патриоты. Ол – өз елінің қазіргі әлемдегі орыны мен рөлін көре білетін стратег. Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлт көшбасшысы болып танылуы заңды және ол мемлекет басшысы қызметін ары қарай жалғастыруға құқылы. Оған лайық, әрі жағдайы да келіп тұр. Барлық «ЕмбіМұнайГаз», «ҚазТрансОйл» жұмысшыларын қазіргі президентті қолдап, сайлауға белсене қатысуға шақырамын. Мұнайшылар ел үшін, Назарбаев үшін дауыс береді, – деген жалынды сөздермен аяқтады.

Азаттық тілшісі жиын аяқталған соң «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Қайыргелді Қабылдиннен «Сапарыңыздың мақсаты – президент сайлауына қатысты үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу ме?» деп сұраған еді.

– Жоқ, мен президенттің сенімді өкілі ретінде ұжыммен белгілі бір кездесулер өткізіп, президент саясатының жетістіктері туралы айтып жүрмін. Біздің бөлімшелер мұнайшыларының бір кісідей дауыс беретінен сенім білдіремін, – деп жауап берді Қайыргелді Қабылдин.

ӨЗГЕ КАНДИДАТТАР САЛҒЫРТ

Атырау облысында мұндай ауқымды үгіт-насихат жұмысы тек бір ғана кандидаттың – Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегінде жүріп жатыр. Ал басқа кандидаттардың үгіт жұмыстары тым салғырт. Әсіресе Ғани Қасымов пен Мэлс Елеусізовтың аймақтағы сенімді өкілдерін тауып, сайлау дайындығы жайлы сұраудың өзі қиын шаруа болды. Сенімді өкілдер өз кандидаттары жайлы ақпарат берудің орнына телефон тұтқасын көтермей қойды немесе уақыты жоқтығын сылтау етіп, сөйлесуден бас тартты. Бізбен әңгімелескен – Қазақстан халықтық коммунистер партиясы өкілдері ғана.

Қазақстан халықтық коммунистік партиясының Атыраудағы филиалы жетекшісі Жәукен Көшеновтың айтуынша, сайлау қарсаңында партия атынан үміткер Жамбыл Ахметбековтың кандидаттығын елге таныстыру үшін оның сенімді өкілі Владислав Косырев келіп кеткен.

– Біз Косырев келгенде базарларды араладық. Облыстағы Махамбет, Исатай, Индер, Құлсары аудандарында болдық. Бізбен бірге де әнші-бишілер болды. Ел «Ахметбековтің платформасы жақсы екен» деп жатыр. Өйткені ол ең бастысы – жұмыссыздарға, кедей-кепшіктерге көмектесуді айтып жүр ғой. Ал жұмыссыздар елде 2 миллион 700 мың адам, – дейді Жәукен Көшенов.

Коммунистер үгіт-насихат барысында көптеген кедергіге тап болғандарын да айтады.

– Насихаттық плакаттарымызды қалада көп жерлерге жапсырғанымызбен, біреулер жыртып кетіп жүрді. Плакаттарымыздың сапасы да нашарлау. Дегенмен облыста Жамбыл Ахметбековтің бағдарламасымен таныстыруды 156 адам қолға алған. Қала бойынша, студенттерді қосқанда, 80-90 адам жүрміз, – дейді ол.

Ал сенатор Ғани Қасымовтың Атырауда кездесу өткізуді жоспарлаған еді, бірақ ол өткен жоқ. Азаттық тілшісі мұның себебін білмек болып, сенатордың штабында ешкім қоңырау шалып еді, ешкім жауап бермеді. Қазақстан патриоттар партиясының Атыраудағы филиалы төрайымы Ағила Молдағалиеваның ұялы телефонына бірнеше рет хабарлассақ та, тұтқаны көтермеді. Эколог Мэлс Елеусізовтың Атыраудағы сенімді өкілі Еламан Ильясов уақыты жоқтығын айтып, сөйлесуге құлықсыздық танытты.

Атырау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әнуарбек Тәшеновтің айтуынша, облыста 233 сайлау учаскесі науқанға сақадай сай.

– Біз үгіт-насихат жұмыстарымен айналыспаймыз. Облыстағы 7 ауданда және қала бойынша сайлау учаскелері материалдық-техникалық қажеттіліктермен толық жабдықталып, дайын отырмыз, – деп мәлімдеді ол Азаттық тілшісіне.
XS
SM
MD
LG