Accessibility links

Қазақстанда адам сатып, құл ұстайтындар көбейді


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Мамырдың 29-ы күні «Соғыс және бейбітшілік» институты Қазақстандағы адам саудасы жайында зерттеулерін жариялады. Ұйым мамандары «үкімет бұл қылмыстың алдын алу үшін жеткілікті жұмыс атқарып жатқан жоқ» деген қорытынды жасаған.

Осы қылмыспен күресуші бір белсендінің институт (IWPR) зерттеушісіне айтуынша: «Қазақстанда адам ұрлау және құл ұстау қылмыстары көбейіп келеді. Қала берді осы қылмысқа қатысты үкіметтің және полиция мен құқық қорғау органдарының немқұрайдылығы да проблеманы күрделендіріп тұр».

Ұйым мамандарының мәліметі бойынша, Қазақстан географиялық орналасу жағынан Орталық Азияның Ресейге өтетін қақпасы сияқты. Сондықтан Қазақстанды және тағы басқа елдерді қылмыстық топтар өз мүддесі үшін тиімді пайдаланып жатыр. АҚШ мемлекеттік департаментінің 2011 жылғы «Адам саудасына қатысты» мәліметінде «Қазақстан адам ұрлау қылмыстарын жүзеге асыратын қолайлы мекен» деп жазылған. Қылмыстық топтар құрбандарын тасығанда Қазақстанды транзиттік территория ретінде пайдаланады.
АҚШ мемлекеттік департаментінің 2011 жылғы «Адам саудасына қатысты» мәліметінде «Қазақстан адам ұрлау қылмыстарын жүзеге асыратын қолайлы мекен» деп жазылған.
IWPR мамандары Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан ұрланған адамдар Қазақстан арқылы Ресей, БАӘ, Түркия және Грекия сияқты елдерге әкетіліп жатыр; алданған әйелдерді негізінен сексуалдық жұмыстарға жегеді деп санайды.
Баяндамада «адам еңбегін қанауға қатысты қылмыстың көптеген түрі – Қазақстанның өз ішінде асқынып тұрған проблема» деп көрсетілген.

Қылмыстың осы түрімен күресушілер «бұл проблеманы шешу өте қиын» дейді. «Себебі Қазақстанда бұдан көп адам бейхабар. Екіншіден, жемқорлыққа ұрынған полиция қызметкерлері оған көз жұмады. Тіпті ондай факт анықталған күннің өзінде сотқа түсетін істер өте аз».

Шетелдік мамандар бұл мәселені Алматыдағы осындай проблемаға душар болған әйелдер мен балаларды қорғайтын орталықтың басшысы Нина Балабаевамен бірге талқылап, оның пікірлерін баяндамаға енгізген. Балабаева: «Заң мен арнайы мамандардың жетіспеуінен қылмыстың бұл түрі азаймай жатыр» деген.

Балабаева адам ұрлау мен еңбегін қанауға қатысты көптеген мәселені тереңірек талдаған. Ол: «Қазір адамды қанау қалада да, ауылда да тамыр жайған қылмыс. Қолға түскен құрбандарды қожайындары жұмыс күші жетіспейтін барлық жерге жеге береді. 2000 жылға дейін Қазақстаннан адамдар көбіне шетелдерге тасылса, қазір керісінше өзге елдерден Қазақстанға әкелініп жатыр. Қазақстан арқылы өтетін құрбандардың шетелдегі территориясы жыл сайын кеңіп барады» деп мәлімдеген.

Алматыда 2006 жылы құрылған жәрдем орталығы 6 жылдың ішінде қанауда жүрген 150 адамды құтқарып алған. Олардың арасында Орталық Азия елдерінен бөлек, ТМД-ның басқа да елдерінің азаматтары бар.
2 миллионға жуық халқы бар Алматыда адам саудасымен күресетін бөлімде төрт-ақ маман бар. Сондықтан да бұл проблема бәсеңдемей, өршіп тұр.
Мамандардың «Адамдар бұл қақпанға адамдар қалай түседі?» деген сұрағына Балабаева: «Бәрі жаттанды сценарий бойынша жүзеге асады. Жұмыссыз, қамығып жүрген адамға жанашыр адам кездесіп, ақша табатын әр түрлі жұмыс түрлерін ұсынады. Мұнда келген соң «көші-қон полициясына тіркейміз» деген сылтаумен құжаттарын алып, жоқ қылады. Осыдан соң олардың өмірі тозаққа айналады» деп жауап берген.

Ұйым мамандары сауалнамалар жүргізгенде кейбіреулер «Сондай жағдайға түскен әйелдердің өздері кінәлі» деген пікір айтқан. Балабаеваға осы көзқарасқа қатысты сұрақ қойғанда ол: «Әйел заты әу баста сатылу үшін жаралмаған. Олар ондай зұлымдықты күтпейді. Сондықтан кейбір адамдарға сеніп қалу олардың табиғатына тән. Кейбір отбасылар жеуге нан таппай отыр. Сіз оларға жұмыс іздеп келгені үшін ешқандай да кінә арта алмайсыз» деген.

Балабаеваға IWPR зерттеушілері «Қазақстан үкіметі осы проблеманы шешу үшін қандай жұмыстар атқарып жатыр?» деген де сауал қойған. Балабаева: «2 миллионға жуық халқы бар Алматыда осы қылмыспен күресетін бөлімде төрт-ақ маман бар. Сондықтан да бұл проблема бәсеңдемей, өршіп тұр» деген уәж келтірген.
XS
SM
MD
LG