72 жастағы Михаил Демьяненконың азаматтығы жоқ. Тіпті төлқұжатты онша қажетсінбейтін ол «құжатсыз да жағдайым жаман емес» дейді.
- Украинада тудым, 18 жасымда армияға шақырып, Қазақстанға келдім, сол кезден бері осында тұрамын. Құжатсыз жүргеніме 20 жылдай болды. Төлқұжатымды Шығыс Қазақстанда жүрген кезде жоғалттым. Бұрын ішетін әдетім болған. Қайта құжат алғым келген, біраз әуреленіп, ештеңе шығара алмаған соң қолымды бір сілтедім, - дейді Михаил Демьяненко.
Михаил Демьяненко Алматы облысы Алакөл ауданындағы фермада жұмыс істейді. Аты-жөнін толық атамауды сұраған оның жұмыс берушісі қызметкеріне құжат алып бергісі келеді. Ол «көрші ауданда тұратын бір фермер төлқұжатсыз адамдарды паналатып, қожалығында жұмыс істеткені үшін құқық қорғау органдарының қырына іліккен» дейді.
- Михаил - өте жұмыскер адам, оған жақсы жалақы төлейміз, бірақ жеке куәлік алып, зейнетақы ресімдеп алса, сосын аздаған ақша жинап, баспана сатып алса деп ойлап едік, - дейді қожалық бастығы.
Михаил - өте жұмыскер адам, оған жақсы жалақы төлейміз, бірақ жеке куәлік алып, зейнетақы ресімдеп алса, сосын аздаған ақша жинап, баспана сатып алса деп ойлап едік.
Сарқан ауданында тұратын Марина Назруллаева да 20 жылдан бері құжатсыз жүргенін айтады. Бірақ Михаил Демьяненко сияқты емес, бұл әйелдің қолында СССР азаматының қызыл паспорты бар. Маринаның айтуынша, Совет Одағы ыдарар алдында Тәжікстан азаматына тұрмысқа шыққан, бірақ кейін ажырасып кеткен. 1993 жылы елге оралған, сол кезден бері Қазақстан азаматтығы мен жеке куәлік алуға тырысып жүр. Елге оралғаннан кейін дүниеге келген, қазір мектепте оқитын екі баласының да жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ.
- Көші-қон полициясы үнемі «Тәжікстанға барып, №1 форма әкел» дейді, бірақ ол жаққа баруға мүмкіндігім жоқ, - дейді Марина Назруллаева.
Талдықорған тұрғыны Петр Гараганың сәл де болса жолы болған. Ол 15 жыл бойы түрлі мекемелердің табалдырығын тоздырып жүріп, «азаматтығы жоқ тұлға» деген мәртебе алған.
- 2009 жылы «азаматтығы жоқ тұлға» төлқұжатын алдым. Қазақстан Республикасының тең құқылы азаматы болу үшін Молдова азаматы емес екенімді дәлелдеуге тиіспін. Жуырда Тирасполь қаласынан (әлем елдері мойындамаған Приднестровье мемлекеті) «біздің елдің азаматы емес» деген құжат жіберді, бірақ көші-қон полициясы оны қабылдамай қойды, - дейді Петр Гарага.
ӨЗЕКТІ ПРОБЛЕМА
Алматы облысында төлқұжатсыз жүрген және азаматтығы белгісіз кейбір адамдар Талдықорғандағы құқық қорғау орталығы көмегіне жүгінеді. Бірақ орталық мамандары «оларға қалай көмектесерімізді білмейміз» дейді.
- Жуырда бір ҮЕҰ жыныстық қызмет көрсететін әйелдермен біздің кеңседе кездесу ұйымдастырды. 50 шақты адам келді, көбі - Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан азаматтары. Ешқайсысының құжаты жоқ. Қалада заңсыз тұрып жатыр. «Елде заңды тұруға рұқсат алып берейік» деген ұсынысымызға ешқайсысы үндемеді, - дейді орталық заңгері Виктор Тен.
Қазақстандағы адам құқығы бюросы директоры орынбасары Денис Дживага жылына бір мыңнан аса құжатсыз және азаматтығы жоқ адам көмек сұрап келетінін айтады. Оның айтуынша, олар мемлекеттік органдардағы бюрократизмге шағым айтады. Құқық қорғаушы мемлекет бұл мәселеге дереу назар аударуы тиіс деп санайды.
- Бұл - өте өзекті проблема. Мемлекетте еш жерде есепке алынбаған тұлғалар жүр. Олардың немен айналысатынын ешкім білмейді. Олар салық төлемейді. Оларға Қазақстан азаматы немесе өзге елдің азаматы ретінде құжат беруге мемлекет мүдделі болуы тиіс. Өкінішке орай, Қазақстан азаматтығы жоқ тұлғалар санын қысқарту жөніндегі халықаралық құжаттарды ратификациялаған жоқ, ал біз Қазақстан заңдары негізінде жұмыс істейміз. Бірақ мұндай жандардың проблемасын шешу үшін заңдарды өзгерту керек, - дейді Денис Дживага.
Құқық қорғаушылардың қаупін Алматы облысы ішкі істер департаменті де қостайды әрі бұл проблеманы шешу үшін олармен бірлесіп жұмыс істеуге әзір екенін айтады.
- Биылғы жылдың алты айында жергілікті халықтың арасынан 1974 жылы алған совет паспортымен әлі күнге дейін жүрген 70 ауыл тұрғыны анықталды. Ал полицейлер кәмелет жасына толса да, жеке басын куәландыратын құжат алмаған 72 адамды анықтады, - дейді ІІД көші-қон полициясы басқармасы бастығы Елмұрат Нұрсейітов.
Ал құқық қорғаушы Дени Дживаганың айтуынша, «есепке алынбаған» топтағы адамдар қылмыстан қорғануға қауқарсыз әрі еңбек және жыныстық құлдыққа жиі тап болады.