Сәуле Қошанқызы – төрт баланың анасы. Жолдасы 12 жылдан бері екінші топтағы мүгедек екен. Бір қол, бір аяғы жансызданып қала береді. Бірнеше жыл бұрын 26 жастағы үлкен ұлы да аяғынан айырылыпты.
«ВАГОН ҚАРАУШЫСЫ»
– Мен үшін жұмыстың ауыр-жеңілі жоқ. Ақша тапсам болды. Үйде менің келуімді күтіп екі бірдей мүгедек отыр. Олардың дәрі-дәрмегі тағы бар, – деген Сәуле көзіне келіп қалған жасты сұқ саусағымен сүрте отырып: – Осыдан бірнеше жыл бұрын үлкен ұлым темір жолдың бойына қарапайым жұмысшы болып орналасқан еді. Оқыста вагонның астына түсіп кетіп аяғын кестірді. Қазір жұмысқа жарамсыз, – деді.
Сәуле Қошанқызының қызметі – «вагон қараушысы».
– Қызмет куәлігімізге осылай жазып берген. «Осмотрщик вагонов» дегенді аударған түрлері ғой, – дейді Сәуле.
Балға ұстап, вагон доңғалақтарын тықылдатып тексеріп жүретін жандарды темір жол бойын жағалаған жұрт жақсы біледі. Өздерін «тоқылдақ» деп атайды. Міне, Сәуленің қызметі осы.
– Жаздың аптап ыстығы мен жаңбырлы күндері, қыстың қарлы бораны мен ызғарлы суығына қарамай вагон доңғалақтарының ақауын тексеріп,
уақытында механик-слесарьларға хабарлап отыру – басты міндетіміз. Егер ұсақ-түйек болса, өзіміз де жөндей саламыз, – дейді Сәуле.
Сәуле темір жолдағы алғашқы жұмысын слесарь болып бастапты:
– Ұзақты күнге май-май болып вагон жөндейтін едім. Кейін «оператор», «парк кезекшісі» қызметтерін атқардым. 1997 жылдан бері осы жұмыста жүрмін.
ҚЫСҚАРТУ
Теміржол бекетінің жартылай үкіметке, жартылай акционерлік қоғамға қарайтынын айтқан Сәуле Қошанқызы:
– Мына «мойканы» салғалы қыздардың бәрін жұмыстан қысқартып жатыр. Онсызда қымбатшылық пен жұмыссыздық жайлап тұрған Алматыда ертең олар қалай күн көреді, – деп, өзгелерді уайымдап отырды.
«Бұрын жылына бір рет темір жол қызметкерлері пойызбен тегін жол жүретін. Қазір ол жеңілдік жоқ. Билетті сатып аламыз. Сондай-ақ демалыс орындарына бару үшін тамыр-таныстық керек» деген Сәуле Қошанқызы темір жол қызметкерлеріне қарапайым рацияның өзі жетіспейтіндігін айтады:
– Өзіңіз естіп отырсыз. Жолдың анау оңтүстік-шығысына оператордың дауысы жетпейді. Ал бізде рация жоқ. «Үкіметке онсызда қарызбыз» деп, басшылық бес ай болды рация алып бермей отыр. «Рация жоқ» деп жұмысқа шықпай қоя алмайсың. Өйткені күн көрісіміз – осы. Егер де қандай бір қиын жағдай болса, кім жауап береді.
Теміржол бекетінде екі түрлі жалақы төленетіндігін айтқан Сәуле «Жүк пойызының жұмысшылары бізге қарағанда әлдеқайда жоғары жалақы алды. Ал мыңдаған адамдардың тағдырын жауапкершілікпен қадағалайтын біздің еңбегіміз неге төмен» дейді.
Біз «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының президенті Асқар Маминның атына арнайы хат жазып хабарласып, осы мәселелердің егжей-тегжейін сұраған едік. Алайда еш жауап болмады. Тек «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының баспасөз өкілі Күмісбек Қазиев:
– «Алматы-2» бекетінде бұрын вагондарды қолмен жуатын. Енді арнайы жаңа технологиялармен жабдықталған комплекс ашылды. Осыған байланысты вагон жуушылардың саны қысқартылғаны рас, – деп қана жауап берді.