ЖАҢА КЕЛІСІМ
Бұған дейін республика аумағында босқын мәртебесін анықтау ісімен Алматыдағы БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы айналысып келген-ді. Қазақстанда 2010 жылдан бастап «Босқындар туралы» заң күшіне енді. Заң босқындар мәртебесі туралы Женева конвенциясының қағидаларына негізделген.
Құжатта халықаралық ұйым мекемесінің рөлі туралы ешннәрсе айтылмаған. Соған байланысты ұйым басқармасы Қазақстан билігіне ұсыныс жасаған.
БҰҰ-ның босқындар ісі бойынша Қазақстандағы кеңсесінің басшысы Сабер Азам. Астара, 4 мамыр, 2010 жыл.
- Біз Қазақстан үкіметіне босқындар мәселесіне қатысты мекемеаралық жұмыс тобын құруды ұсындық. Үкімет ұсынысты қабылдады. Қазақстанның бұл шешіміне біз өте қуаныштымыз. Жергілікті үкімет босқын мәртебесін өз бетінше анықтайтын уақыт жеткенше, біз әріптестік қарым-қатынасты жалғастыра береміз, - дейді БҰҰ босқындар ісі жөніндегі аймақтық өкілі Сабер Азам.
Халықаралық ұйым мен Қазақстан үкіметі арасындағы келісімге биыл 21 сәуірде қол қойылған. Құжатқа сәйкес, ұйым Қазақстанның босқындар мәртебесін анықтау комиссиясына бақылаушы ретінде ғана қатысады.
БОСҚЫНДАР АЛАҢДАЙДЫ
Республикада босқын мәртебесін алғысы келгендер енді өтініштерін Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты көші-қон жөніндегі комитетіне тапсырады. Соны өзгеріс босқын мәртебесінен үміткерлер арасында үрей туғызып отыр.
Азаттық радиосына өзін Матлюба деп таныстырған Өзбекстан азаматшасы Қазақстанда босқын мәртебесін алуды көздеп отырмын дейді. Бірақ соңғы өзгерістер оның бұл жоспарына кедергі келтіруі мүмкін.
Матлюба Қазақстан өтінішке оң жауап береді дегенге сенбейді және жергілікті билік өзін кері қайтарады деп қорқады. Оның айтуынша, республика аумағына бас сауғалап келген басқа да азаматтар өзі секілді алаң күй кешіп отыр.
- Енді не болады деп бәріміз әліптің артын бағып қалдық. Қазақстан алып қалады екен деген де үрейлі болжамдар айтылып жүр. Қазақстан мен Өзбекстанның айырмашылығы шамалы ғой, - дейді Матлюба.
Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда ресми босқын мәртебесін алған алты жүзден астам адам бар. Бірақ олардың арасында республикамен шекаралас мемлекеттердің азаматтары жоқ.
- Осы мамыр айындағы мәлімет бойынша, Қазақстанда 615 адам ресми босқын мәртебесімен тұрып жатыр. Олардың 99 пайызы – 611 адам Ауғанстаннан, 2 азамат Эфиопиядан, қалғандары Сомали мен Нигериядан келген, - дейді вице-министр.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан 10 азаматтың өтінішін қарап жатыр.
Қазақстанда босқындар туралы заңды жүзеге асыру үшін 2010-2011 жылдарға бюджеттен 3,7 миллион теңге бөлінген.
«БОСҚЫН МӘРТЕБЕСІН АЛУ ҚИЫНДАЙДЫ»
Адам құқықтары жөніндегі халықаралық қазақстандық бюроның өкілі Денис Живагоның пікірінше, елдегі өзгерістер босқын мәртебесін сұрап келген азаматтардың жағдайын қиындатуы мүмкін.
- БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі мекемесінен кейін азаматтардың 99 пайызы қазақстандық процедуралардан өте алмайды деп ойлаймын. Өйткені біздің мамандардың босқын туралы түсінігі тіпті басқа болып отыр, сондықтан жұмыстың әрі қарай қалай жүретіндігі бұлыңғыр болып тұр, - дейді Живаго.
Қазақстан Орталық Азия аймағында босқындар туралы заң қабылдаған төртінші мемлекет атанды. Бұған дейін осындай заңды Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан енгізген болатын.