Accessibility links

Медведевтің әлеуметтік клипі күлкіге ұшырады


Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев жол қауіпсіздігі туралы айтып тұр. Мәскеу, 22 қараша 2012 жыл
Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев жол қауіпсіздігі туралы айтып тұр. Мәскеу, 22 қараша 2012 жыл
Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведевтің жол қауіпсіздігі туралы ұсыныстарын көпшілік кекеп-мұқап, жаппай сынап жатыр.

Бәрі де премьер-министр Дмитрий Медведевтің Ресейдегі жол қауіпсіздігі мәселесін шешу талпынысынан басталған.

ҰСЫНЫС

Өткен демалыс күндері премьер-министр өзінің блогына арнайы видео жариялап, жолда жүру ережесін бұзғандарға айыппұл көлемін шарықтатып, ішімдік ішіп алып айдағандарды қылмыстық жазаға тарту туралы ұсыныс айтқан еді.

Видеода қара былғары куртка киген Медведев қара түсті соңғы үлгідегі BWM маркалы көлігінен түсіп, камераға қарап былай деп сөйлейді:

«...Сұмдық авариялар туралы хабарламалар мен сюжеттерді апта сайын, кейде аптасына бірнеше мәрте еститін болдық. Олардың арасында аялдамада тұрған адамдарды басып кету, балалардың өліміне соқтырған масқара жайттар да кездеседі. Тіпті тротуарларда жүрудің өзі қауіпті болып кетті. Қала билігі заңды тұрғыда өз аумағы болып есептелетін жаяу жүргіншілерді қорғауға бағытталған арнайы шаралар ойластыруға мәжбүр...».

Ресейде асқынып кеткен бұл маңызды проблеманы талқылаудың орнына «мачолық стильде» киінген премьер-министрдің видеосын көпшілік күлкіге айналдырып, оның ұсынысы сан қырынан «тәпсірленді».

«КЛИПКЕ МУЗЫКА ҒАНА ЖЕТІСПЕЙДІ»

Ресейлік «Дождь» телеарнасына берген сұхбатында саяси сарапшы Евгений Минченко видеода Медведевтің мүлдем өзіне лайық емес «катастрофалық» образда көрінгенін айтқан.

- Менің ойымша, бұл клипке «Бумер» (2003 жылы танымал болған гангстерлік фильм) фильмінің музыкасы ғана жетіспейді. Басында ол қара былғары курткамен бұзақы топтар жиі айдайтын BMW көлігін айдап келеді. Егер «Бумердегі» музыканы қосқан кезде қатып кетуші еді. Тек осы бөлігі ғана жетіспейді. Бұл «катастрофалық» образ деп есептеймін, - дейді Евгений Минченко.

Youtube қолданушылары да осыған ұқсас пікір айтып, тіпті Медведевтің видеосына «Бумер» фильмінен музыка қосып, әрлеп күлкілі видео жариялаған. Оның ішіне Медведевтің билеген және көлік айдаған кезіндегі сәтсіз тұстар да кірген.
КамАЗ көлігінде отырған Дмитрий Медведев. Набережные Челны, 26 қазан 2010 жыл
КамАЗ көлігінде отырған Дмитрий Медведев. Набережные Челны, 26 қазан 2010 жыл

Ресейлік танымал «Московский комсомолец» сайтында оқырмандардың бірі Медведевтің құдды неміс көлігінің соңғы үлгісін жарнамалаушыға ұқсап кеткенін айтып, оны әзілдеп «шетелдік жарнамалаушы агент» деп атаған.

Бірақ Медведевтің тек «стилі» ғана емес, сонымен бірге оның ұсынысы қатар сынға ұшыраған.

Олигарх миллиардер, әрі соңғы сайлауда президенттікке үміткер болған Михаил Прохоров өзінің блогында "үкімет алдымен тоз-тозы шыққан Ресей жолдарын жөндеп алса дұрыс болатын еді" деп жазады.

Қызылдан өтіп кеткені үшін 500 мың рубль (16 мың доллар) көлемінде айыппұл төлету туралы Медведевтің ұсынысын мысқылдаған Прохоров блогында:

«Бұрынғы президент кезінде өзі басқарған елде орташа жалақы көлемі қанша екенін біле ме екен?» деп сұрақ қояды.

Ол мұны «азаматтардың адал еңбекпен тапқан ақшасын тартып алудың жаңа тәсілі» деп атаған.

РЕАКЦИЯ

Осындай мысқылдардан кейін Дмитрий Медведев Twitter-дегі парақшасында тек ішіп алып айдаған жүргізушілерге айыппұл көлемі өсірілетіні туралы жазған.

Бірақ мұны да көп жұрт салқын қарсы алды.

«Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатында дума депутаты Вячеслав Лысаков премьер-министрдің ұсынысын «тым артықтау» деп бағалаған.

Думада жол қауіпсіздігі мәселесіне қатысты құжаттармен айналысып жатқан депутат жол ережесін қайтара бұзғандарды жазалайтын батыстық жүйені қолдайтынын айтқан. Ол жүргізушілердің маскүнемдік деңгейін анықтайтын нақты критерийлер жоқтығын алға тартқан.

2010 жылы президент болып тұрған кезінде Медведев қандағы алкоголь құрамына қатысты «нөлдік норма» жүйесін енгізген болатын. Сол кезде көптеген депутаттар «олай болса жүргізушілерге тіпті квас немесе айран ішуіне болмайды» деп ереженің қатаңдығын сынаған еді.

ЖАЗА

Қазіргі кезде Ресейде мас күйінде көлік айдағаны үшін бірінші мәрте ұсталған жүргізуші 12-18 айға дейін куәлігінен айрылады. Ал ережені қайтара бұзғандар үш жылға лицензиясын айрылып, бес мың рубль (161 доллар) көлемінде айыппұл төлейді.

Соңғы мәлімдемесінде Медведев ішіп алып айдап, соның салдарынан адам өліміне соқтырған жүргізушілерді бес-он жыл аралығында бас бостандығынан айыру керектігін айтып, заң жобасына енгізуді тапсырған.

Ресейдегі жүргізушілер құқығын қорғайтын "Синие ведерки" ұйымының белсендісі Петр Шкуматов қандағы алкоголь құрамына қатысты критерийлерді анықтамай жатып айыппұлды көбейту – тек жемқорлықты өршітетінін айтқан.

- Осы модельге сәйкес айыппұл түрлерін енгізу қалыпты пара көлемін тек бірнеше мәртеге ұлғайтады. Жұрт екі рет пара алып, Монте-Карлоға бір-ақ демалысқа шығып кететін адамдар туралы қалжыңдар айта бастады, - дейді Петр Шкуматов.
Ресейдегі жол апатының көрінісі. 2009 жыл
Ресейдегі жол апатының көрінісі. 2009 жыл

Медведевтің видеосы "қызып жүретін" жүргізушілерге наразылық өршіген кезде пайда болып отыр. Қыркүйек айында Мәскеуде ірі авария болып, бір удай мас жүргізуші көлігін автобус аялдамасына барып соққан еді. Соның салдарынан жеті адам көз жұмған. Оның бесеуі жасөспірім болған.

Ресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығы (ВЦИОМ) жүргізген сауалнамаға сәйкес, ресейліктердің 63 пайызы ішіп айдаған жүргізушілерге жазаны қатайтқанын қолдайтын болып шыққан.

Кейбір ресми тұлғалар ереже бұзғандарды кәмпескелеу керектігін айтса, депутат Владимир Жириновский тіпті ондайларға таңба басу керектігін жеткізген.

Өткен айда белсенділердің бірі «Біз ескертуден шаршадық. Ішіп алып айдауды тоқтат» деген жазуы бар жолдағы жарнама тақташасына денсаулық сақтау министрінің суретін жапсырып қойған.

2012 жылы он айда Ресейде жол апатынан 23 мың адам көз жұмған. 2011 жылы адам өліміне соқтырған 28 мың оқиға тіркелген.

(Мақаланы қазақшаға тәржімелеген - Мақпал Мұқанқызы)
XS
SM
MD
LG