Accessibility links

«Семей полигоны жеңілдіктерін жұрт түгел алмайды»


Болатбек Балтабек Семей полигонындағы радиация мөлшерін өлшеп тұр. Саржал ауылы, Абай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы. 13 тамыз, 2015 жыл.
Болатбек Балтабек Семей полигонындағы радиация мөлшерін өлшеп тұр. Саржал ауылы, Абай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы. 13 тамыз, 2015 жыл.

Семей полигоны 25 жыл бұрын - 1991 жылы тамыздың 29-ында жабылды. Ядролық сынақтардан зардап шеккен тұрғындарды әлеуметтік қорғау туралы заң қабылданды. Бірақ полигон іргесінде тұратын Болатбек Балтабек жеңілдіктер аймақ халқын толық қамтымайтынын айтады.

1949 жылғы тамыздың 29-ынан бастап 1991 жылғы тамыздың 29-ына дейін 42 жыл ядролық сынақтар жүргізілген Семей полигонында 400-ден астам (олардың 116-сы жер бетінде) жарылыс жасалды. Полигон аймағында туған немесе тұратын кейбір адамдар қатерлі ісік, жүйке ауруларына шалдығып, көптеген сәбилер дүниеге мүгедек болып келді.

Семей полигонының зардабы
please wait

No media source currently available

0:00 0:08:29 0:00
Жүктеп алу

Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданына қарасты Саржал ауылы төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақта орналасқан. Саржалда тұратын мектеп мұғалімі Болатбек Балтабек Азаттыққа осындағы бұқараның әлеуметтік қорғалу мәселесін, тұрмыс-тіршілігін әңгімелеп берді.

Азаттық: – Семей ядролық полигонының жабылғанына 25 жыл толды. Осы жылдар ішінде ауылыңызда қандай өзгеріс болды?

Болатбек Балтабек: – Мен [Семей ядролық] полигон жанында, Саржал ауылында тұрамын. Ауылдан 15-20 шақырым жерде жарылыстан пайда болған көлдер бар. Полигонға байланысты азын-аулақ ақша төлейді. Бірақ полигонға тиесілі ақшаны жұмыс істейтіндер мен зейнеткерлерге, оның ішінде 1998 жылға дейін зейнет жасына жеткендерге ғана төлейді. Мәселен, мен мектепте сызу, технология пәндерінен сабақ беремін. Жалақыма полигонның ақшасы ретінде ай сайын 1500-2000 теңге қосылады. Ал жұмыссыз жүрген тұрғындарға ешқандай өтемақы төленбейді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: "Атылған көл" (көру үшін суретті басыңыз)

Азаттық: – Полигон аймағында тұрған халыққа өтемақы төлеу мәселесі заңда қалай қарастырылған?

Болатбек Балтабек: – Заңды оқимыз. Бірақ онда «1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшуге байланысты, төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақтарда 1949 жылғы 29 тамыздан бастап 1963 жылғы 5 шiлдеге дейiнгi кезеңде [10 жыл тұрып], сәулеленудің ең көп мөлшерін алған (осы жылдары ядролық жарылыстар жер үстінде жасалған – ред.) азаматтардың мерзімінен бұрын зейнетке шығу құқығынан басқа барлық жеңілдікті зейнетақылар жойылды» деп жазылған. Осы мәселеге қатысты біздің өкпе ренішіміз бар.

Азаттық: – Қандай реніштеріңіз бар?

Болатбек Балтабек Семей полигонындағы "Телькем-2 " ("Атылған көл") сынақ алаңын көрсетіп тұр. Саржал ауылы, Абай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы. 13 тамыз, 2015 жыл.
Болатбек Балтабек Семей полигонындағы "Телькем-2 " ("Атылған көл") сынақ алаңын көрсетіп тұр. Саржал ауылы, Абай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы. 13 тамыз, 2015 жыл.

Болатбек Балтабек: – Заңда 1949 жылғы тамыздың 29-ынан 1963 жылғы шілденің 5-і аралығында [төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақтарда] 10 жыл тұрған азаматтар: ерлер - 50 жастан, әйелдер 45 жастан зейнеткерлік төлем алуға құқылы деген бап бар. Осы баптың негізінде 1949 жылғы тамыздың 29-ынан 1953 жылғы шілденің 5-іне дейін (1963 жылғы шілденің 5-інен заңда көрсетілген 10 жылды шегеріп айтып тұр – ред.) туған азаматтар зейнеткерлік төлем алып отырды. Ал 1953 жылғы шілденің 6-сынан бастап полигон жабылғанға дейін осында туған не тұрған азаматтар экологиялық зиянсыз аймақтардың зейнеткерлік жас мөлшерімен теңестірілген. Яғни 1953 жылғы шілденің 6-сынан кейін туған ер адамдар 63 жаста, әйел адамдар 58 жаста зейнетке шығатын болып бекітілген. 2009 жылы осы мәселені депутаттар алдына көтердік. Соның негізінде 2013 жылы тағы бес жылға азайтты (Яғни зейнетақы туралы заңның 11-бабы «Төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақтарда 1949 жылғы 29 тамыз бен 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған азаматтар» деп өзгертілді – ред.). Енді 1958 жылғы шілденің 6-сына дейін сол аймақта туып, тұрғандар да зейнетке ерте шығатын болды. Ал 1963 жылға дейін әуеде және жер үстінде ядролық сынақтар жасалғанын ескерсек, біз неге жапа шегуіміз керек. Мен, мәселен, 1959 жылы дүниеге келдім. Қазір менің жасымда, бірақ жұмыссыз жүрген қанша азамат бар. Солардың барлығы қорғаусыз, қорғаныссыз қалып отыр. Не жұмыс жоқ, не зейнетақы ала алмайды. Шындығында 1965 жылы біздің ауылдан 35 шақырым жерде Ащысу өзенінің бойында үлкен жарылыс болған. Бірақ оны ешкім айтпайды.

Азаттық: – Саржал ауылы төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақ ретінде белгіленген. Осы аймақта тұрып жатқан қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайы қалай?

Саржал ауылындағы қымыз цехы. Шығыс Қазақстан облысы, 13 тамыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Саржал ауылындағы қымыз цехы. Шығыс Қазақстан облысы, 13 тамыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Болатбек Балтабек: – Саржалда барлығы 2 мың адам тұрады. Мектепте 60 мұғалім бар. Басқа да мекемедегі қызметкерлерді қосқанда 90-ға жуық қызметкер бар. 200-дей зейнеткер бар. Қалғандары - жұмыссыз, қолындағы азын-аулақ малға қарап отырған шаруалар. Ал қазір ауылда малдың да құны жоқ. Шындығын айту керек, қазір адамдардың өлімі жасарып келеді. Ауыл ішінде жүрек ауруынан, қатерлі ісік ауруынан қайтқан немесе сонымен ауырып жүрген жандар әлі де бар. Менің жасымдағы адамдардың сауы жоқ. Мен қан диабетімен ауырамын, ал жолдасым инсульт алған. Түгел есепте тұрамыз. Бірақ ешқайсымыз зейнетке шыға алмай отырмыз. Ал дүниеге келетін екі баланың бірі дімкәс болып туады. Мысалы, өзімнің немеремнің жамбас сүйегі жетілмей дүниеге келді. Бір жыл массажға апарып жүріп қалпына келтірдік.

​ВИДЕО: "Саржал" күйі

"Саржал" күйі
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:02:12 0:00

Азаттық: – Полигон аймағында тұратын адамдарға медициналық жеңілдіктер қарастырылған ба?

Болатбек Балтабек: – Біздің қолымызда «ең жоғары радиациялық қауіпті аймақта» тұратынымызды растайтын құжат бар. Құжат бойынша дәрігерлерге тегін қаралып, тегін емделуге тиіспіз. Бірақ ол мүмкін емес.

Азаттық: – Сонда қалай?

Болатбек Балтабек: – Біз қауіпті аймақта тұрғанымыз үшін 10 күн тегін медициналық көмек алуға тиістіміз. Өз арамызда оны «онкүндік» атаймыз. Бірақ «онкүндікке» жату үшін белгілеп қойған он шақты анализдері бар. Ол анализді де тапсыру үшін бірден кіре алмайсың, кезекке қойып қойған. Бүгін біреуін тапсырсаң, үш күннен кейін екіншісін, бес күннен кейін үшіншісін тапсыруың керек. Барлық анализді тапсыру үшін бас-аяғы 20 күн кетеді. Ал Саржал мен Семей арасы - 150 шақырым. Мына заманда кімнің үйінде 20 күн жата аласың? Еріксіз қолды бір сілтейсің де қоясың. Ал басқа жағдайда ақылы түрде ғана емделесің. Ол жағынан да еш көмек жоқ.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.

XS
SM
MD
LG