Accessibility links

Азиадада Қазақстан алда келеді


VІІ Қысқы Азия ойындарының рәмізі. Алматы, 27 қаңтар 2011 жыл.
VІІ Қысқы Азия ойындарының рәмізі. Алматы, 27 қаңтар 2011 жыл.

Қазақстанда VІІ Қысқы Азия ойындары өтіп жатыр. Қаңтардың 30-ында Астанада басталған Азиада 6 ақпанға дейін жалғасады. Бұл сайыста 27 медаль иеленген Қазақстан спортшылары алда келе жатыр.




Жарыстың алғашқы екі күнінің қорытындысы бойынша, Қазақстан жалпы командалық есепте - бірінші орында. Бұл елдің қоржынында барлығы 27 медаль (10 алтын, 10 күміс, 7 қола) бар. Екінші орында Оңтүстік Корея, ал үшінші орында Жапония тұр.

Cпорт шолушысы Есей Жеңісұлы осы жолы Қазақстан командалық есепте бірінші орын алуы керек деген пікір білдірді.

- Спортшыларымыздың бәсекеге қабілеттілігі жақсы көрініп жатыр. Біз осы Азиадада қалай да командалық есепте бірінші орын алуға тырысуымыз қажет, - дейді ол.

2006 жылы 5 қаңтарда Алматы қаласы Азиада ойындарын өткізу орны ретінде қабылданды. 2007 жылы экономикалық және саяси себептерге байланысты Қазақстан үкіметі Азиялық Олимпиада Кеңесіне VІІ Қысқы Азия ойындарын Қазақстанның негізгі екі қаласында - Астана мен Алматыда өткізуді ұсынды.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, қысқы Азия ойындарын өткiзу үшiн ұйымдастыру комитетi әуелі 770 миллион АҚШ долларына жуық қаражат бөлген. Алайда бұл аздық етіп, кейін тағы да 300 миллион доллардан астам сома аударған. Азия ойындарына арналған құрылыс нысандарына мемлекет бюджетінен 1,36 миллиард доллар берілген екен. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры да 3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлген.

Журналист Есей Жеңісұлының ойынша, тұрғызылған ареналардың барлығы да көңілден шығады. Алайда кемшіліктер де жоқ емес.

- Кемшін тұстардың болуы заңдылық. Күнде репортаж жүргізу үшін «Солдатсайға» барамыз. Талғарға дейінгі және одан арғы 35 шақырым жол - адам көргісіз. Ал ол жерлермен әлемнің танымал спортшылары жүріп жатыр, - дейді журналист.

Азия ойындарының жарыс бағдарламасында спорттың 11 түрі бар: тау шаңғысы, допты хоккей, биатлон, шаңғы жарыстары, фристайл, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, шаңғымен бағдарлау, шаңғымен трамплиннен секіру, коньки тебу спорты, шорт-трек.

- Ал келесі - 2014 жылғы Қысқы Азиада ойындары Жапонияның Саппоро қаласында (үшінші мәрте) өтеді, - деп хабарлады Азиялық Олимпиада кеңесінің президенті шейх Ахмад әл-Фахад әл-Сабах.

Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Жак Роггенің айтуынша, Қазақстанның 2022 жылғы Олимпиада ойындарын өткізуге үміткер болуға мүмкіндігі бар.

- Қазақстанның 2022 жылғы Олимпиада ойындарын өткізуге үміткер болуға мүмкіндігі бар. Өтініштер қабылдау 2015 жылға дейін созылады. Менің ойымша, Қазақстанның мүмкіндігі мен ресурстары жеткілікті. Географиялық орналасу жағдайы да өте қолайлы. Сондай-ақ, көрнекті жеңімпаз спортшылары да бар. Мен спорт нысандарын аралап көрдім. Барлық нысандар өте тамаша. Бұл сапарым өте сәтті деп ойлаймын. Жалпы, Олимпиада ойындарын өткізуге үміткерлер аз емес. Дегенмен, ұйымдастыру жұмысындағы барлық қиындықтарды еңсеруге Қазақстанның әлеуеті де, мүмкіндігі де жеткілікті, - деді Жак Рогге.
XS
SM
MD
LG