Accessibility links

«Күн батареясы» Қазақстанда әзірше танымал емес


Күн батареясы. Алматы облысы Талғар ауданы Жалғамыс ауылы, 30 наурыз 2013 жыл.
Күн батареясы. Алматы облысы Талғар ауданы Жалғамыс ауылы, 30 наурыз 2013 жыл.

«Күн батареясын» өндіретін әлемдік компаниялар банкрот болып жатқанда Қазақстан жаңа зауыт ашты. Ол зауыттың өнімінің бағасы – үш-төрт мың доллар шамасында. Ал тұрғындар екі жүз долларлық құрылғының өзін қымбат көреді.

Қазақстан тұрғындарының «күн батареясы» атанып кеткен фотоэлектрлік генераторды пайдалана бастағанына оншақты жыл болды. Ол құралды негізінен электр қуаты жетпеген қыстақтағы қойшылар, қала маңына жаңадан қоныстанып жатқан тұрғындар ғана қолданады.

«ҚЫТАЙДЫКІ 25 МЫҢ ТЕҢГЕДЕН КЕМГЕ САТЫЛМАЙДЫ»

Алматы облысы Райымбек ауданына қарасты Кеген ауылының тұрғыны Жаңалық Дәулетқанұлы «Күн батареясын» соңғы он жыл көлемінде пайдаланып келе жатқанын айтты.

– Осыдан он жыл бұрын Қытайдан екі мың юаньға (қазіргі есеппен, 49 мың теңге немесе 310 АҚШ доллары – ред.) алып келгенмін. 40 ваттық, ең шағыны, бір семьяға ғана арналған. Басында телевизорын көріп, радиосын тыңдайтын едік. Қазір олардың бәрі істен шығып қалды. Тек ана күн сәулесінен энергия жинайтын негізгі бөлшегі ғана тұр. Оны аккумуляторға қосып қойғанмын. Аккумуляторды күндіз сонымен зарядтап аламын да кешке светке пайдаланамын, – дейді Кеген ауылы маңындағы қыстақта мал бағатын Жаңалық Дәулетқанұлы.

Үйдің шатырында тұрған "күн батереясы". Алматы облысы Талғар ауданы Жалғамыс ауылы, 30 наурыз 2013 жыл.
Үйдің шатырында тұрған "күн батереясы". Алматы облысы Талғар ауданы Жалғамыс ауылы, 30 наурыз 2013 жыл.

«Күн батареясы» арқылы үйін жарықтандырып отырғандардың бірі – Алматы қаласының іргесіндегі, Талғар ауданына қарайтын Жалғамыс аулының тұрғыны Райгүл. Ол кісінің бұл ауылға көшіп келгеніне бір жыл ғана болыпты.

– Бұрын басқа жақта пәтер жалдап тұрдық. Былтыр ғана осы маңнан жер алып, шағын баспана тұрғыздық. Свет әлі келген жоқ. Мынаны осыдан төрт жыл бұрын Қытайдан бір жарым мың юаньға (шамамен 36 мың теңге немесе 240 доллар) сатып әкелгенмін. Басында шешем ұстады. Кейін оларға ток келгеннен кейін біз алдық. Қазір осымен күн көріп отырмыз, – дейді Райгүл.

Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Дархан есімді тұрғыны «күн батареясын Қытайдан тікелей алдырмаса, бұл жақтан қымбатқа түсетінін» айтты.

– Қытайда 10-15 мың теңге тұратын күн батареясы бізге келгенде 25 мың теңгеден кемге сатылмайды. Сондықтан неғұрлым арзандауын аласыз. Бірақ радиомагнитофондары бір жылдан артық істемейді. Тек табақшасын ғана жарыққа пайдалануға тура келеді. Сондықтан да бірен-саран болмаса, көп қойшылар оны пайдалана бермейді, – дейді Дархан.

Күн электростанциясы. Алматы облысы, 22 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Күн электростанциясы. Алматы облысы, 22 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

«БІР ҮЙГЕ ҮШ-ТӨРТ МЫҢ ДОЛЛАРДЫҢ ПАНЕЛІН САТЫП АЛАСЫЗ»

Қазақстан тұрғындары «күн батареясын» тек күнделікті тұрмыста ғана емес, ғылыми технологияда да қолдануға тырысады. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи халықаралық университетіне қарасты арнайы мамандандыру орталығының қызметкері Сатылмыш Чайыр мен университет студенттері күн сәулесінен алған қуат арқылы жүретін көлік жасады.

Сатылмыш Чайыр сағатына 60 шақырымға дейінгі жылдамдықпен жүретін үш доңғалақты көліктің төбесіне орнатылған күн сәулесін қабылдайтын құрылғыны Қытайдан алдырғандарын айтты.

– Астанада жаңа зауыт ашылды. Бұрын күн көзінен қуат алатын батареялар Қазақстанда жасалмайтын. Енді элементтерді Астана мен Алматыдан аламыз, – дейді ол.

Күннен қуат алатын көше шамы. Теміртау, 3 маусым 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Күннен қуат алатын көше шамы. Теміртау, 3 маусым 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

2012 жылы 24 желтоқсанда «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны – «Astana Solar» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі фотоэлектрлік модульдерді құрастыратын зауыт ашылғанын хабарлаған.

– Жалпы құны 5 миллиард теңгелік зауыттың шикізаты – кремний. Электрлі панельдің 1 ваты екі доллар тұрады. Яғни бір үйге (барлық электр сұранысын өтеу үшін – ред.) шамамен үш-төрт мың АҚШ доллары көлемінде күн тақтайшасын сатып аласыз. Ал электр тақтайшасының жарамдылық мерзімі – 25 жыл, – деді зауыт директорының орынбасары Жарқын Жанғазиев Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, «зауыттың қауқары жылына 217 мың фотоэлектр модулін өндіруге жетеді».

ЕУРОПА МЕН ҚЫТАЙДЫҢ «КҮН БАТАРЕЯСЫ БӘСЕКЕСІ»

Күн қуатынан электр қуатын өндіретін бұл құрылғыны Моңғолия мен Қытайда тұратын қазақтар көп қолданады.

Баян-Өлгийде тұратын Жанарбек Ақби есімді азаматтың айтуынша, моңғол үкіметі Жапония, Сингапур және Қытайдан күн батареясын арнайы жобамен алдырып, малшы қауымға көмек ретінде жеңілдетілген бағамен сатқан.

Киіз үйге сүйеулі тұрған "күн батареясы" панелі. Моңғолия.
Киіз үйге сүйеулі тұрған "күн батареясы" панелі. Моңғолия.

– Мал бағып өмір сүретін қазақ малшы қауымы бұл құрылғыны 1994 жылдан бастап пайдалана бастады. Жұрт онымен үйлерін жарықтандырады, қосымша спутниктік табақ сатып алып, өздері қалаған 50-ге тарта телеарналарды көреді. Қазір тау-тастағы қыстауда, не жаз жайлауда киіз үйлердің қабырғасынан айнасын күнге қарата салып, кешкісін жарықпен қатар телеарналарды көреді. Моңғолия қазақтары осы күн батареясының көмегімен Қытайдың қазақ тіліндегі екі арнасын және Қазақстаның «Қазақстан» арнасын көріп отыр, – дейді Жанарбек Ақби Азаттық тілшісіне.

Ал Қалмұрат есімді азаматтың айтуынша, Қытай 2000 жылы малшыларға бір отбасыға арналған шағын күн батареяларын тегін таратып берген.

Жайлауда күн батереясын пайдаланып отырған Монғолия қазақтары. 13 шілде 2012 жыл. Сурет Мәдина Махамбет есімді қолданушының Фейсбуктегі парағынан алынды.
Жайлауда күн батереясын пайдаланып отырған Монғолия қазақтары. 13 шілде 2012 жыл. Сурет Мәдина Махамбет есімді қолданушының Фейсбуктегі парағынан алынды.
Қытай – әлемдегі «күн батареясын» өндіруші ірі елдердің бірі. Былтыр Еуропаның осы саладағы 25 компаниясы «Қытай арзан құрылғыларын бізге әкеліп, кейде өзіндік құнынан 50 пайызға дейін әдейі арзандатып сатып, жұмысымызға кедергі келтіріп жатыр» деп шағымданған еді. Германияның осындай құрылғы жасайтын бірнеше компаниясы өздерін банкрот болдық деп жариялаған.

Содан кейін АҚШ пен Еуропа Қытайдан келетін күн панельдеріне салынатын салықты көбейткен.

Бірақ биыл наурыз айында Синьхуа агенттігі Қытайдағы «күн батареясын» өндіруші ең ірі Suntech Power Holding компаниясының да банкрот болғанын хабарлады. Агенттіктің дерегінше, қытайлық компания «баға бәсекесінен, мемлекеттік субсидияның азаюынан, дүниежүзі бойынша бұл өнімге сұраныстың кемуінен және сәтсіз инвестициядан» (560 миллион еуро құнды қағаздар нарығында шығын болған) зардап шеккен.
XS
SM
MD
LG