Accessibility links

«Бір қожайынға – бес гастарбайтер» заңы


Неке сарайының құрылысын салып жатқан шетелдік жұмысшылар. Жаңаөзен, 6 желтоқсан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Неке сарайының құрылысын салып жатқан шетелдік жұмысшылар. Жаңаөзен, 6 желтоқсан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Кейбір гастарбайтерлер мен оларды Қазақстанға әкелушілер жаңа заң бойынша ашық тіркеліп, салық төлеуді құп көреді. Бірақ тіркеу процедурасы «ақша алудың бір жолына айнала ма» деген қауіп те бар.

Өзін Дильшат деп таныстырған азамат Қазақстанға алғаш 2012 жылы гастарбайтер ретінде жұмыс іздеп келіп, тұрақтап қалған. Оған дейін Ресейде күн көрген.

«Үйленген соң үш айдан кейін Ресейге кеттім. Сол жерде екі жарым жыл жүріп келсем, қызым танымайды, бір аптаға дейін жаныма жоламай қойды. Одан кейін Қазақстанға келдім. Өзбекстанға жылына бір рет болса да барып келемін. Ай сайын тапқанымды жинастырып, ауылға жіберіп отырамын» деді ол.

«КӨЛЕҢКЕЛІ СФЕРАДАН – ЗАҢДЫ АУМАҚҚА»

Алматы қаласының тұрғыны, Дильшат сияқты еңбек мигранттарын құрылыс салу үшін жалдайтын Ержан «13 жылдан бері шетелдік азаматтарды еңбекке пайдаланып келе жатқанын» айтады.

«Өзіміздің жігіттерге қарағанда Өзбекстаннан келгендер еңбекақыны аз сұрайды. Сондықтан негізінен сол жақтан алдырамын жұмысшыларды. Өзім бармаймын. Таныс жігіттер арқылы тауып аламын. Қазір де 7-8 жігіт жұмыс істеп жатыр менде» дейді Ержан Азаттық тілшісіне.

Қоғамдық ұйым өкілі шетелдік жұмысшыларға еңбек мигранттарының құқығы туралы брошюралар таратып отыр. Оңтүстік Қазақстан облысы, наурыз, 2009 жыл.
Қоғамдық ұйым өкілі шетелдік жұмысшыларға еңбек мигранттарының құқығы туралы брошюралар таратып отыр. Оңтүстік Қазақстан облысы, наурыз, 2009 жыл.
Ержан былтыр президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған «Еңбек миграциясы мәселелері туралы кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу» туралы заңның тиімді жақтары да, тиімсіз тұстары да бар деп ойлайды. Биыл қолданысқа енетін заңға сәйкес, еңбек күші ретінде мигранттарды тек жеке тұлғалар елге әкеле алады. Бір қазақстандық бір уақытта Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресейден ары кетсе 5 еңбек мигрантын ғана әкеліп тіркетуге құқылы.

Ішкі істер министрлігі заң жобасын таныстыру кезінде «еңбек мигранттарын көлеңкелі сферадан заңды аумаққа көшіріп», олардың тіркелуі мен ел ішінде жүріп-тұруын оңайлатып, салық төлеуіне ыңғайлы жағдай тудыру қажет екенін мәлімдеген. Министрлік заңсыз еңбек миграциясын шектеп, ішкі еңбек нарығын қорғап, бюджетке салықтан түсетін қаржыны көбейтуді көздейтінін хабарлаған.

«САЛЫҚ ТӨЛЕУДЕН ҚАШПАЙМЫЗ»

«Үкімет осы арқылы сырттан келетін арзан жұмыс күшін шектемек шығар. Егер шектей алса, құба-құп. Бірақ сырттан келген, туған-туыс, тамыр-танысы бар оралман ағайындардың өзі тұрақты тіркеуге тұра алмай қиналып жатады. Ал келген өзбек пен қырғыз гастарбайтерді кім тіркеуге тұрғызады?» дейді ол.

Ержан шетелдік еңбек мигранттарының заңды тіркеуге тұрып, салық төлей бастауын мақұл көреді. Олардың қазіргі ахуалына көңілі толмайды.

Полиция ұстаған еңбек мигранттары әкімшілік соттың ғимараты алдында тұр. Алматы, қаңтар, 2011 жыл.
Полиция ұстаған еңбек мигранттары әкімшілік соттың ғимараты алдында тұр. Алматы, қаңтар, 2011 жыл.
«Қазір сырттан келген жұмысшылардың барлығы сыртқа шықпайды, артық қадам баспайды. Шықса болды, біздің құқық қорғау саласының жігіттері ұстап алып, қалталарына түседі не елдеріне қайтарып жібереді» дейді ол.

Азаттық тілшісі «еңбек мигранттарын заңдастыру – оларды қанаудың тағы бір түрі» деген уәждерді де естіді.

«Қазақстанда бәрі рұқсат қағазбен жүреді, ал сол қағазды жасап беру үшін мигранттардан билік орындарының ақша талап ететіні белгілі. Өйткені шетелдіктер түгілі өзіміз бір құжат жасату үшін екі есе құнын береміз ғой» дейді Ержан.

МИГРАНТТАРДЫ ТІРКЕУ АҚПАНДА БАСТАЛАДЫ

Азаттық тілшісі Қазақстандағы кейбір еңбек мигранттарынан жаңа заңға қатысты пікірлерін сұрап көрді.

«Еңбек мигранттары туралы заңнан хабарың бар ма?» деп сұраған Азаттық тілшісіне өзбекстандық гастарбайтер: «Иә, егер бізді бірден тіркеуге алып, рұқсат беретін болса, қолдаймыз. Ешкімнен тығылмай, ашық жүріп жұмыс істегенге не жетсін. Шынымды айтайын, тоғыз айдан бері сыртқа шыққан жоқпын» деді.

Дильшаттың баяндауынша, Қазақстандағы еңбек мигранттары полицияға түсіп қалса, қалтасындағы ақшасынан түгел айырылады.

«Полицейлердің көпшілігі біздің қай уақытта жалақы алатынымызды біліп отырады. Келіп тексеріп, кейде жалақының жартысына дейін сыпырып кетеді» деп мұңын шақты ол.

Дильшат әлі еш жерде тіркеуде жоқ екенін, сол себепті салық та төлемейтінін айтты.

Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз өкілі Салтанат Әзірбек.
Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз өкілі Салтанат Әзірбек.
Алматы қалалық ішкі істер департаментінің (ІІД) баспасөз өкілі Салтанат Әзірбек те алдын ала әлі ешбір еңбек мигрантының тіркеліп, ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірін) алмағанын айтты.

«Бұл процедура (еңбек мигранттарын тіркеу – ред.) 1 ақпаннан бастап жүзеге аса бастайды. Біз адамдар (еңбек мигранттары мен оларды Қазақстанға шақырушылар – ред.) алдын ала құлақтансын деп ақпараттандырдық. Бірақ әлі күнге дейін уақытша тіркеуге тұрып, ЖСН алған, алдын ала салық төлеген ешкім жоқ» деді полиция өкілі.

Азаттық ІІД өкілінен жаңа заң күшіне енген соң Қазақстандағы тіркелмеген еңбек мигранттарына қатысты қандай шара қолданылатынын сұрады.

«Тіркелмеген еңбек мигранттары сот шешімі бойынша бірден еліне қайтарылады» деді Салтанат Әзірбек.

Қазақстанда еңбек мигранттары туралы жаңа заң бекітілмей тұрып бұрынғы тәртіппен тіркелген 40 мың гастарбайтер бар екені хабарланған. Бейресми мәлімет бойынша Қазақстандағы тіркелмеген гастарбайтерлер саны 700 мың шамасында.
XS
SM
MD
LG