2017 жылы 11 қыркүйек күні парламентте латын нұсқасындағы қазақ әліпбиінің алғашқы варианттары таныстырылған. Парламенттегі жиында латынша қазақ әліпбиінің нұсқасын ұсынушы ұйым ретінде Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы аталған болатын. Ал талқылаудан кейінгі баспасөз жиынында орталық басшысы Ербол Тілешов "қазақ тіліне ғана тән бір дыбысты екі әріппен белгілейтін қосар әріптері бар әліпбиді" ұсынғанын мәлімдеген.
ВИДЕО: Парламентке жеткен "латын" (12 қыркүйек 2017 жыл)
Парламентте талқыланған латынша қазақ әліпбиінің нұсқасын ғылым және білім министрі Ерлан Сағадиев "ұнататынын" айтып, Парламент депутаттары Шаймардан Нұрұмов пен Ирина Унжаковалар Азаттыққа жаңа нұсқаны қолдайтындарын, оның "компьютерге ыңғайлы" және "экономикаға тиімді" екенін жеткізген. Бірақ жаңа жоба қоғамда жаппай талқыға түсіп, кейбір сөздердің жазылуы әлеуметтік желілерде әжуаға айналды.
Оқи отырыңыз: Диграфты латынша әліпбиді сынау күшейді
Бұдан кейін 26 қазан күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев президент әкімшілігі жетекшісінің басшысы Әділбек Жақсыбеков пен оның орынбасары Марат Тәжинді қабылдап, қазақ тілінің латынша жаңа әліпбиі нұсқасын бекіту туралы жарлық дайындауды тапсырды.
Сол күні президенттің ресми сайты кездесуде Назарбаев қазақ тілінің латын графикасындағы жаңа әліпбиін жасау жөніндегі комиссия жұмысын аяқтағанын, әліпбидің соңғы нұсқасы "қоғамның қолдауына ие болғанын" хабарлады.
"Қазақ тілінің латын графикасындағы әліпбиінің ұсынылған жобасын бекіту туралы жарлық дайындау керек. Соңғы нұсқа жарияланды. Ғалымдар, тілтанушылар, саясаткерлер, жастар, Қазақстан халқы ассамблеясы өкілдерінің арасында консенсус жасалды. Жалпы, қоғам қолдайды" деді Назарбаев.
Латын әліпбиінің бұл нұсқасы да әлеуметтік желіде қызу талқыланып, әрқилы реакция туғызды. Желі қолданушылардың кейбірі жаңа әліпби нұсқасы "ұнамағанын" айтса, кейбірі "мұны саяси шешім" ретінде қабылдап, "нұсқа әлі де жетілдіріледі" деген пікір білдірді. Мәселен, Азаттыққа пікір білдіргендердің бірі Серік Ерғали "Бұдан алдыңғы диграфты нұсқа жақсы еді" деген болатын.
- Тоғыз дыбысқа екі таңбадан. Бұл да диграфтың бір түрі. Негізінде латынның қыркүйектегі нұсқасы көзге жақсы еді. Бұл (апостофты нұсқа-авт) көзді ауыртады. Ажыратуға өте қиын. Соның барлығы адамды психологиялық жағынан шаршатады. Егер бұл әліпбиді шыныменен тықпалай беретін болса, халық тілден жаппай бас тартады, - дейді ол Азаттыққа. Апострофты нұсқаны қолдаушылар да көптеп табылды.
Оқи отырыңыз: Сарапшылар әліпбиді қолдауды қалай бағалайды?
"ПРЕЗИДЕНТ САЯСАТЫН ҚОЛДАУДА АЛДА ЖҮРЕМІЗ"
26 қазан күні президент Назарбаевтың латын әліпбиінің апострофты нұсқасын қабылдау туралы жарлығы шыққаннан кейін кейбір мемлекеттік мекемелер орналасқан ғимараттың маңдайшасындағы тақталарды жаңа үлгіге ауыстырса, Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданының прокуроры жергілікті тұрғынның шағымына байланысты ресми жауапты апострофты нұсқада жазған еді.
Қарашаның 3-і күні Дина Қарымсақова есімді әлеуметтік желі қолданушы "Қостанай облысына қарасты Арқалық қаласындағы жергілікті "Арқалық хабары" газетінің бір санын латын әліпбиі нұсқасында жариялағанын хабарлап, суретін жариялаған.
Маңғыстау облыстық әкімдігі мен Ақтау қаласының және осы облысқа қарасты барлық аудандық әкімдіктердің маңдайшасындағы анықтама жазуларды латын әліпбиінің апострофты нұсқасымен ауыстыруға кірісіп те кеткен.
Азаттық осы мәселенің заңдылық жағын қарастырған еді.
Сөзін "Біз кімді, нені күтуіміз керек еді" деп бастаған Маңғыстау облыстық тілдерді дамтыу, архивтер және құттама басқармасының бастығы Гүлзада Бектұрқызы "Елбасының қазақ әліпбиін бекіту туралы жарлығы бар. Және сол елбасының жарлығымен бекітілген қазақ әліпбиінің үлгісі бар. Ол жерде жазу таңбаларының бәрі көрініп тұр. Дыбысталуы, жазылуы, қандай таңбалармен. Одан артық енді не керек" дейді.
- Президент саясатын қолдау кезінде қашан да алдыға түсіп, бірінші жүре береміз. Елбасының саясатын бірінші болып орындағанның несі жаман, - дейді ол Азаттыққа.
Назарбаев жарлығының "Латын әліпбиіне көшу туралы емес, жаңа нұсқаны қабылдауды бекіту туралы" екенін және жаңа нұсқаның ережесі мен емлесінің әлі бекітілмегенін айтқанымызда "Ережесі, емлесі бекітіліп, тап сол сөздер дұрыс болмай жатса, аламыз да қайтадан дұрыстап жаза саламыз" деп жауап берді басқарма басшысы.
"БІЛІМДІК ҮДЕРІСТІ НЫҒАЙТУ МАҚСАТЫ"
Солтүстік Қазақстан облысы Мүсірепов ауданының прокуроры Нұрлан Қанағатовтың жергілікті тұрғын Ештаеваның Новоишим ауылдық округіндегі көп пәтерлі үйден баспана алу туралы шағымына латын нұсқасында жазған жауабы 2 қарашада Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған болатын.
Аталған ресми жауапқа байланысты аудан прокурорынан ауызекі түрде жауап алу мүмкін болмады. Ал Азаттықтың ресми сұрауына осы аудан прокурорынан "Елбасымыз мемлекеттік тілді латын әліпбиіне аудару туралы жарлыққа қол қойды. Бұл тұрғыда, бүкіл қоғамдағыдай прокуратура да президенттің бұл бастамасын толығымен қолдады. Аталған жауап сынама тұрғыда білімдік үдерісті нығайту мақсатында жасалды" деген жауап келді.
"Әліпби мәселесі аталған жалғыз жарлықпен шешіледі деу әбестік" дейді заңгер Алмас Жұмағали.
- Кейбір мемлекеттік органдардың бас салып ресми хаттың жауабын латын нұсқасында беруі қисынсыз ғана емес, саяси көрсоқырлық. Ал саясат сабыр мен нәзіктікті талап етеді. Себебі, латын графикасы негізіндегі қазақ тілінің орфография, пунктуация, орфоэпиялық ережелері бектілген жоқ, емлелік ережелерді есепке алмағанның өзінде. Әңгіме, тек таңбаның түрін өзгертуде ғана емес екені аян. Президент жарлығының 2-тармағында "үкіметке қазақ тілі əліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құру" туралы және "2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіруге" тапсырма беріліп отыр. Осы жарлықта үкіметке "заңнамалық сипаттағы шаралар қабылдау" жүктелген, - дейді заңгер Алмас Жұмағали.
Мұндай мәселелердің тек арнайы заңмен ғана реттелетінін айтқан заңгер "Кирил әрпімен жазылған хатқа әлі ресми түрде грамматикалық ережесі бекітілмеген таңбамен жауап беру азаматтардың дұрыс ақпарат алу құқығын шектейді,-" деп түсіндірді.
"ПРЕЗИДЕНТКЕ ҰНАМДЫ НҰСҚА"
Жақында спикер Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter парақшасында "Ұлттық комиссия қазақ тілі латын әліпбиі бойынша нақты шешімге әлі келген жоқ. Сондықтан "апостроф" әліпбиін газеттерде я басқа жерде пайдалану әлі ерте" деп жазды.
Ал мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси комитеті төрағасының бірінші орынбасары Ғалымжан Мелдеш "әліпбидің нақты нұсқасы анықталып, емлелері бекітілгеннен кейін жазғанның дұрыс екенін, бірақ қазірден бастап маңдайшаларды ауыстыру немесе ресми хаттарды латын нұсқасында жіберудің қылмыс емес екенін" айтты.
Ол қазақ тілін латын әліпбиіне көшу мәселесіне байланысты құрылған ұлттық комиссияның бүгінге дейін екі отырысы өткенін, онда арнайы жұмыс топтары құрылып, жоспарлар жасалғанын хабарлады.
- Үкіметтің тапсырмасы бойынша қаңтар айында ұлттық комиссияның үшінші отырысы өтеді. Қазір соған дайындық шаралары жүріп жатыр. Егер халық тарапынан қолдау табатын болса, онда бірер жылда емле ережесі, бүкіл тәртібі жасалынса, онда біз батыл іске кірісіп кетеміз, - дейді ол. Сондай-ақ Ғалымжан Мелдеш "Бұдан басқа да нұсқалардың ұсынылып, талқыланатынын" айтты.
25 желтоқсан күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік телеарналардан көрсетілген журналистермен кездесуінде "латын әліпбиінің соңғы нұсқасын қолдайтынын" айтты.
- Қазақ әліпбиін латынға көшіру туралы халықпен, зиялы қауыммен ақылдастық, тарихшы ғалымдармен, филологтармен жан-жақты талқылап, бірыңғай жүйеге тоқтадық. Соңғы нұсқа көрсетілді, соны бекіттім. Алайда әзірше жаңа әліпбиді толықтай енгізіп, жұмыс істеуге уақыт бар. Сондықтан барлығы шешіліп қойған мәселе деп ойламау керек. Дәйекше дұрыс па, түрлі нұсқадан таңдау немесе түрік бауырлардың әліпбиін алу туралы әлі де қызу талқыланып жатқанын білемін. Меніңше, әліпби компьютерлік үлгіге сәйкес келуі тиіс. Осы үшін жасадық. Сондықтан қазіргі нұсқаны дұрыс деп есептеймін, - деді президент Назарбаев кездесу барысында.