Accessibility links

Кеншілер «өрт шығарған» әріптесіне араша түсті


"Арселор Миттал Теміртау" жұмысшыларының наразылық жиыны. Көрнекі сурет
"Арселор Миттал Теміртау" жұмысшыларының наразылық жиыны. Көрнекі сурет

«Арселор Миттал Теміртау» кеңсесінде өткен наразылық акциясы кезінде «өрт шығарған» жұмысшыға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Әріптестері жергілікті биліктен оған араша түсуді сұрайды.

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясының өндірісте жүріп мүгедек болған шахтерларына өтемақы төлеу мәселесі әлі шешілген жоқ. Олардың өтемақыны талап етуге қатысты соңғы қарсылық акциясы кезінде компанияның Қарағандыдағы кеңсесінде өрт шығып, Владимир Зарянов есімді жұмысшыға қатысты қылмыстық іс қозғалған.

ҚОРҒАУ АКЦИЯСЫ

Қазанның 18-і күні ондаған мүгедек жұмысшы «Арселор Миттал Теміртау» кеңсесінің алдына жиналып, облыс әкіміне істі болған Владимир Заряновқа араша түсіп, арыз-хат тапсырды.

- Біз, мүгедек шахтерлар, әкімшілік тарапынан кешегі өртке байланысты туындаған дауды шешетін комиссия құруын сұраймыз. Кеше Владимир Заряновтың амалы таусылғандықтан соңғы қадамға баруына тура келді. Ол өз-өзін өртемек болған. Бірақ бөтелке жерге түсіп кетіп, өрт басталған. Компанияның өзі оны осындай қадамға баруына итермеледі, - дейді мүгедек жұмысшылардың бірі Төлеген Бейсембек Азаттық тілшісіне.

Олар сонымен бірге «азаматтарды соңғы қадамға итермелеген» компания өкілдерін жауапқа тартуды сұрады.
"АрселорМитталТеміртау" жұмысшылары.
"АрселорМитталТеміртау" жұмысшылары.

Заряновты қорғау хатына қол қойған мүгедек шахтер Евгений Осиповтың айтуынша, қол жинау кезінде сырттан прокуратура өкілдері мен полиция жиналған жұрт бүгін де наразылық жасай ма деп қауіптеніп, бақылап тұрған. Осипов Азаттыққа хатқа шамамен отыз шақты шахтер қол қойғанын, бүгін облыс әкімшілігіне тапсыратынын жеткізді. Хаттың әкімшілікке жеткені-жетпегені әлі белгісіз.

Қазанның 17-сі күні «Арселор Миттал Теміртаудың» Қарағандыдағы кеңсесіне келген наразы шахтерлардың бірі жанғыш зат тастап, кеңседе өрт шығып, екі адам жарақат алған. Полиция жанғыш зат тастаған азамат, үшінші топтағы мүгедек Владимир Заряновты сол күні ұстап әкетіп, үстінен қылмыстық іс қозғаған. Адвокатының айтуынша, шахтер уақытша босатылған, бірақ қалта телефонын полиция алып қалған. Заряновпен дәл қазір байланысқа шығу мүмкін болмай тұр.

«ЗАРЯНОВ ІСІ»

Владимир Заряновты жұма күні түстен кейін тағы да полицияға шақыртқан. Оның адвокаты Беркут Оразбековтің айтуынша, өрт бойынша қылмыстық іс қозғалғанымен шахтерға ешқандай айып тағылмаған.

- Бүгін оған тергеу бойынша қосымша сұрақтар қойып, қазір үйіне жіберді. Түсінуімше, оны сондай жағдайға жеткізген. Ол тек мәселеге көптің назарын аудартқысы келген. Қылмысы ауыр емес. Оның мүгедек екенін ескерсек, бас бостандығынан айыра қояды деп ойламаймын, - деді адвокат Оразбеков Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, полиция Заряновтан елден кетпеу туралы қолхат жазғызып, қалта телефонынын алып қалған.
"Арселор Миттал Теміртау" шахтерлары.
"Арселор Миттал Теміртау" шахтерлары.

«Арселор Миттал Теміртауда» 33 жыл жұмыс істеген үшінші топтағы мүгедек Владимир Зарянов қызы Татьяна Зарянованың Азаттыққа айтуынша, шамамен бір жарым жыл бұрын жұмысқа жарамсыз болып қалған. Бірақ одан бері оған ешқандай өтемақы төленбеген.

- Әкем түнімен ұйықтай алмай алаңдайды. Шахтада қаншама жыл жұмыс істеп, денсаулығын құртып, тым болмағанда енді сол үшін өтемақысын да ала алмай отыр. Қазір онда істеген адамдардың барлығы таяқпен жүр. Әкемнің жүріп-тұруы да барған сайын зорға айналып барады. Қысы-жазы талап етіп келеді. Бірақ еш нәтиже жоқ, - дейді ол.

Владимир Зарянов сияқты денсаулығын жоғалтқаны үшін тиесілі өтемақы алмаған наразы шахтерлардың саны қазір 220 адамнан 298 адамға жеткен. Шахтерлардың айтуынша, «Арселор Миттал Теміртау» олардың әрқайсысына шамамен бірнеше миллион теңгеден төлеуі тиіс.

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясы бұған дейін Азаттыққа берген комментарийінде «Өтемақыны сақтандыру компаниясы төлеуі тиіс. «Альянс-Полис» сақтандыру компаниясы алдындағы өз міндеттемелерімізді біз толық орындағанбыз» деген. Ал сақтандыру компаниясы бұған дейін «Кәсіпорын бізге дұрыс мәлімет бермеді. Кәсіби науқастардың саны олар айтқан адамдардан көп болып шықты» деп өтемақы төлеуден бас тартқан болатын.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG